Qoǵam
Мұзбалақ – Мұқағали!
Күреңітіп тартқанда күз қабағын,
Шаңқылдап шарықтаған мұзбалағым!
Қара өлеңге өлшеусіз олжа салып,
Халқыңнан алып едің өз бағаңды…
Мұқағали – дарасы ақындардың,
Қайталап айтам ылғи атыңды әр күн.
Қара өлеңнің бас қойсам тұнығына,
Халқымның қазынасына жақындармын.
Мұқағали – қара өлеңнің Хан Тәңірі,
Мұзтаудай мұнарлы едің, атағы ірі.
Қадірлеген халқың бар қара өлеңді,
Жырларыңмен боласың мәңгі тірі…
Жырларыңды тыңдайды халқың ұйып,
Хан Тәңірі аспанындай мәңгі биік.
Өзің сүйген еліңді, жырларыңды,
Әлі талай таңданар, әлем сүйіп!
Мұқағали – ұлысы ұлылардың,
Жырымен биіктеген тұғыры әр күн.
Мәңгілік боп, мұра боп жырың қалды.
Мәнді өлеңді жас ұрпақ ұғынар шын.
Ұлы ақынның жырлары теңіз ба еді?!
Оның жаны – поэзиямен егіз еді…
Қолына құдіретті қаламды алса,
Қазағына жырыменен ем іздеді…
Мұқағали жырлары – күндей жарық,
Жырларын әлем тыңдар таңдай қағып.
Жырымен әдебиетке олжа салған,
Ұлы ақын да кеткендей Күнге айналып!!!
Мұқағали кеткендей жырға айналып…