Qoǵam

Жарқын бастамаларды қолдауға басымдық беріледі

Мемлекеттік жастар саясаты – қоғамның стратегиялық ресурстары дамуының маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған Жаңа, Әділетті Қазақстанның жарқын жолы жас ұрпақтың бүгіні және ертеңімен тікелей байланысты. Бұл тұрғыда бүгінгі жастар өзінің әлеуетін жүзеге асыру үшін көптеген жаңа мүмкіндіктерге ие. Осы бағытта жастар арасында кәсіби мансап пен тұлғалық өсуді қалыптастыру бағытында тең мүмкіндіктер құрылуда.

Жалпы елдегі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру ісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей назарында. Бұл – өте маңызды мәселе. Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында да бұл тақырыпқа жете тоқталғаны белгілі.
Бұл туралы: «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым.
Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ.
Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс» деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент атап өткендей, шын мәнінде, бүгіннен бастап жас буынның санасына адалдықтың нәрін құйып, олардың бойына ізгіліктің дәнін егетін болсақ, ел болашағы бүгінгіден де жарқын болмақ. Бұған ешбір күмән келтіруге болмайды. Жолдауда атап өтілген маңызды міндеттің бірі – әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, қоғамда әділдік орнайды. Ең бастысы, бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – бәріміздің перзенттік парызымыз.
Аталған мәселе туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да пікір білдіргені белгілі. Онда Президент: «Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет» деген болатын.
Ендігі кезекте мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарын атап өтетін болсам, бұл межелі міндеттер мемлекеттік және салалық бағдарламаларда толықтай айқындалған. Бұл ретте жастар саясатының жұмысы Мемлекет басшысының Жолдауына және «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңына негізделеді. Ел жастарын әлеуметтік қолдауды жетілдіру бойынша кешенді жоспарлар ретімен орындалу үстінде. Мысалы, «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі» және «Серпін-2050» бағдарламалары – осының жарқын айғағы. Мұның барлығы сайып келгенде, жастарды жат әрекеттерден аулақ ұстау мақсатында олардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы шараларға жұмсауға үндеу екені белгілі.
Елдің болашағы – жастардың қолында. Бұл – айдан анық нәрсе. Осы тұрғыдан алғанда, аудан жастарына жағдай жасау, олардың қоғам үшін маңызды деген іс-әрекеттерін қолдау – өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр.
Өңірде мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысына нақтырақ тоқталатын болсам, аудандағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағыты 2015 жылы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк жастар саясаты туралы Заңы және Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасының аясында өз деңгейінде жүргізілуде. Жастарды әлеуметтендіру процесі – жастарды қоғамдық-саяси өмірге қосудың басты тетігі. Объективтілік тұрғысынан келгенде, жас ұрпақтың қоғам дамуына қатысу мәселесі ел дамуының сапасы мен қарқынын және сипатын көрсетеді. Заңның мақсаты – жастардың ойдағыдай әлеуметтенуіне, олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бейімдеуге бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді моделін қалыптастыру болып табылады.
Өңірдегі жастар саясатының мемлекеттік саясатқа негізделгенін ескеретін болсақ, бұл ретте аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесімен атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды атап өтуге болады. Есепті мерзімде уақытша бос жүрген (NEET) санатындағы жастар «Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі жалпы жұмысты қорыта келсек, жалпы 840 жас анықталып, аталған ақпараттық жүйеге тіркелген. Қазір NEET санатындағы жастардың 434-і өзектендіріліп, ал қалған 406-сына өзектендіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кеткендер -14, тіркелген мекенжайы бойынша тұрмайтын -219 жас анықталды. 18 жас тіркелмеген жеке кәсіпкер, 41 жас өзін өзі жұмыспен қамтыған, бір жастың мамандығы бар, бірақ жұмыс істеуге ниеті жоқ. Жалпылама алғанда, ауданда уақытша бос жүрген (NEET) санатындағы жастардың саны -10 адамды құрап отыр.
Жасыратыны жоқ, қазір қоғамда жастар арасындағы басты мәселелердің бірі –жұмыспен қамту екені белгілі. Ағымдағы жылдың бес айында аудандық «Мансап» орталығына 25 жас жұмыссыз ретінде тіркелсе, сәуір және мамыр айларында 50 жас «Жасыл ел» еңбек жасағына жұмысқа тартылып, жұмыс атқаруда. Айта кетсек, «Жасыл ел» өңірлік еңбек жасақтары 12 гектар аумақты күл-қоқыстан тазартып, 16 тонна қалдық шығарды. Жастар жасағының күшімен аудан аумағына тал-дарақтардың көшеті егілді. Өңірді жасыл желекке айналдырып, ауыл-аймақтың тазалығын қамтамасыз ету және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жылма жыл өз жалғасын тауып отыр.
Жастар саясаты туралы сөз қозғағанда, өңір жастарының арасында жүргізілетін түсіндірме жұмыстарының маңызы өте зор екенін айтуға тиіспіз. Олай болатыны, ауданға қарасты ауылдық округтердегі жастардың кейбір санаты мемлекеттік жастар саясатынан бейхабар. Бұл бағытта ресурстық орталықтың әрбір ауылдық округтегі жастармен жұмыс жөніндегі мамандары өңір жастарын елде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың барысымен таныстырып, олармен тиісті түсіндірме жұмыстарын жалғастыруда. Атап айтқанда, өңір жастары көбінесе – «Дипломмен – ауылға!», «Қайтарымсыз грант», «Жастар практикасы» және «Серпін-2050» сияқты әлеуметтік-мемлекеттік бағдарламаларға, сонымен қатар, «Бизнес бастау», т.б. жұмыс орындары мен кәсіпкерлік ісін ашу бағытындағы жобаларға қызығушылық танытып отыр.
Қасиетті өңірде жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік жастар саясаты туралы жүйелі жұмыстарды қорыта келе, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Жуалы ауданы әкімдігінің арасында келісілген жұмыспен қамту шараларының көрсеткіштері толығымен орындалып отырғанын баса айтқым келеді.
Есепті мерзімде өңірде мемлекеттік жастар саясаты саласында бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өту қажет. Сонымен қатар, біз өңір жастарын қоғамдық үдерістерге тарту, оларды өзін өзі дамытуға ынталандыруға жағдай жасау бағытында жұмыстың тиімді әдістерін енгізуді жалғастыра береміз.
Жаңа толқынның жарқын бастамаларына қолдау көрсету – басты міндетіміз!

Жалғас МҰРТАЗА,
аудан әкімі

Таңдаулы материалдар

Close