Qoǵam
Электрондық бақылау құралдарын тағып жүрудің артықшылықтары
Сотқа дейін қамауға алынған азаматтардың үштен екісі ғана нақты бас бостандығынан айырылады. Қалған бөлігі босап шыққанымен, олардың қызметтік абыройына нұқсан келуі мүмкін. Тұрақты жұмысынан айырылып, денсаулығы сыр беруі ықтимал. Осыған байланысты кінәсі дәлелденбеген адамды бірнеше ай бойы тергеу изоляторында ұстау «кінәсіздік презумпциясы» қағидатына қайшы келеді.
Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін алдағы уақытта тергеу кезінде кейбір күдіктілерге «электрондық білезік» тағу тәжірибесі енгізілуі ҚР ҚПК-нің 140 бабында қарастырылған.
ҚР ҚПК-нің 140-бабының талаптарына сай күзетпен ұстауға байланысты емес бұлтартпау шарасын қолданған кезде күдіктінің, айыпталушының, сотталушының тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету үшін оларға бір немесе бірнеше міндеттер, оның ішінде электрондық бақылау құралдарын тағып жүру міндеті жүктелуі мүмкін.
Қылмыстық процестi жүргізетін орган бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарады, онда адамға күдік келтіріліп, ол айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көрсету және осы бұлтартпау шарасын қолданудың негіздері қамтылады.
Электрондық білезіктер үйінен, қаладан немесе ел аумағынан тыс жерге шығу құқығы уақытша шектелген азаматтардың жүріп-тұруын GPS арқылы 2 метрге дейінгі дәлдікпен үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Оның үстіне бұл экономикалық жағынан тиімді. Өйткені тергеу изоляторына жұмсалатын шығын әлдеқайда көп.
Бұл білезіктер қиынның қиығына ілінген көген көз бас бостандығынан айрылғандарға, қашуға бейім тұратын баскесерлерге, тергеу амалдары жүріп жатқан күдікті-сезіктілерге, заңдық негізде, қолға не аяққа салынады.
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі үй қамауындағы күдіктілерге арнайы электронды білезіктер қолдануды бастады.
Электронды білезіктерді қолдану күдіктілердің алдын алу шараларын жүргізу ережелерін бұзу фактілеріне жедел жауап беруге және олардың тергеу мен соттан қашу әрекеттерін болдырмауға мүмкіндік береді. Электрондық білезіктерді пайдалану қылмыстық жазаны ізгілендіру (гуманизация) талаптарына сәйкес келеді және жақын болашақта қамаудағы адамдардың санын азайтуға мүмкіндік береді деген үміт бар.
Жалпы, электронды білезік күдіктінің немесе айыпталушының аяғына бекітілген денеге тағылатын радиоэлектрондық модуль болып табылады. Жүйеде рұқсатсыз жою және ескерту функциясы бар. Білезіктің уландырғыш деңгейіне сәйкестік сертификаты бар және ол барлық қауіпсіздік ережелеріне сай келеді. Білезіктің салмағы шамамен 80 грамм, бұл оның кию кезіндегі ыңғайсыздықты жояды. Оны жою әрекеті немесе оған әсер ету сынды кез-келген механикалық тәсілдердің барлығы да орындалса, жүйе іске қосылып, басқару бөлмесіне хабарлама жіберіледі.
Жүйенің ерекшелігі – басқарылатын адамның тексеру функциясы (верификация). Егер адамның белгілі бір жерде екендігіне көз жеткізу қажет болса, диспетчер бір батырманы басады және адамның телефонына хабарлама жіберіледі, ол 5 минут ішінде өзін тексерістен өткізуі керек – көп жағдайда, бет-әлпеті мен дауысы арқылы.
Тіркеу және білезікті тағу тікелей алдын-алу шарасы жарияланған жерде жүзеге асырылады. Егер адамға рұқсат етілген периметрден кету қажет болса, жүйелік әкімші оның маршрутын анықтай алады – жеке тұлғаның заңды бұзбай және қамауға алусыз өзінің тиісті нүктесіне жете алатын контур сызылады. Жабдықтар жиынтығында қауіпсіз смартфон, маяк бар.
Осы орайда, егер тергеушінің қаулысында электрондық білезікті қолдану (олардың қолданыста бар екенін нақты анықтаған жағдайда) туралы өтініш келтірілген болса, соттар қаулысында электрондық бақылау құралдарын тағып жүру міндетінің жүктелетіні туралы міндетті түрде көрсетуі керек.
Бұл ретте, қазіргі кезде осындай электрондық білезіктердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде пайдалануда бар екенін ескеру қажет.
Сондай-ақ мәлімет үшін, бүгінгі күні құқыққорғау және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мұндай білезіктерді, оларды кеңінен қолдану мақсатында, сатып алу мәселелері белсенді түрде қарастырылуда.
Жуалы ауданы
Сот әкімшісі басшысы
Самат Ералиев