Qoǵam
Сот актісінің орындалуы – мемлекет заңдылығы мәртебесінің кепілі
Сот шешімдерінің мүлтіксіз орындалуы елімізде заңдылықтың қатаң сақталатындығын көрсетеді. Мемлекет жеке отау тігіп, Тәуелсіздік алған кезден бері атқарушылық іс жүргізу саласы қоғам дамуының бағытына ыңғайластырыла отырып бірнеше рет реформаланды.
Атап айтқанда, қылмыстық істер бойынша процессуалдық шығындар, Қазақстан Республикасының “Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы“ Заңнамасына сай, жәбірленушілердің өтемақы қорына өндірілетін сомалар, заттай дәлелдемелердің жойылу жұмысы соңына дейін жеткізіліп, істің мұрағатқа өткізілуі үнемі соттың бақылауында.
Осы күнге дейін атқарушылық іс жүргізу саласында бірқатар реформа жүргізілді. Сот шешімдерін орындау бірде Әділет министрлігінің құзыретінде болса, кейінірек Жоғарғы Соттың құрамында болды, кейін қайтадан Әділет министрлігіне ауыстырылды.
Сот шешімдерін орындау көп уақытты және тер төгуді қажет ететін жұмыс екендігі белгілі. Кей жағдайда соттың шығарған шешімдерін сот орындаушысы заңнамада көрсетілген мерзімде орындай алмайды. Ол әртүрлі жағдайларға байланысты. Сот шешімдерінің орындалмауы – атқарушылық іс жүргізу органдарының ғана емес, жалпы мемлекеттің өзекті проблемаларының бірі.
Сот шешімі шыққанмен, ол орындалмайынша азаматтың немесе заңды тұлғаның құқықтары қалпына келтірілді, әділдік орнатылды деп айта алмаймыз. Сот актілерінің уақтылы әрі сапалы орындалуына борышкерлердің төлеу мүмкіндіктерінің төмендігі мен мүліктерінің, тұрақты жұмыс орындарының болмауы кедергі келтіреді.
Сонымен қатар, сотталған борышкерлерден өндіру де қиындық туғызып жатады. Себебі, сотталғандар көп жағдайда жазасын өтеу орындарында жұмысқа орналаспағандықтан, тиісінше төлеу мүмкіндіктері болмайды.
Тіпті, бостандыққа шыққанның өзінде оларға қатысты қоғамдық пікірдің қандай болатыны бесенеден белгілі. Өзіңіз білетіндей, алимент өндіру де күрмеуі қиын мәселелердің бірі. Борышкерлер көбінесе алимент төлеуден жалтарып, қитұрқы әрекеттерге барады.
Тағы бір мәселе, сот орындаушылардың көп уақыты жауапкершіліктен қашып жүргендерді іздеумен өтеді. Мұндай жағдайларда сот орындаушылары атқару құжатын өндірушіге орындаусыз қайтаруға мәжбүр. Борышкердің мүліктері, мекенжайы немесе қайда жұмыс істейтіндігі анықталған жағдайда өндіріп алушы атқару құжатын орындауға қайта тапсыруға құқылы. Демек, қазіргі қоғамда заңға мойынсынбай, сот шешімдерін орындаудан қасақана жалтарушылардың саны аз емес.
Қылмыстық істер бойынша Қазақстан Республикасының жәбірленушілерге өтемақы қорына, азаматтық істер бойынша мемлекеттік баж өндіру, әкімшілік істер бойынша әкімшілік айыппұлдарды орындау бүгінгі күні басты мәселелердің бірі болып отыр.
Сотталушылардың, құқықбұзушылардың және жауапкерлердің мемлекетке төленетін сомаларды төлеуге немқұрайдылықпен қарайтыны рас. Алайда сот актісін уақтылы орындап, істерді мұрағатқа өткізу бүгінгі таңда өндірістік жұмыстардың ең басты талабына айналып отыр. Сот шығарған актіні жеке сот орындаушылар тарапынан орындалуы сот тарапынан мұқият бақылауда. Сот орындаушылар тарапынан орындаусыз қайтарылған сот актілері қайталанып орындауға жолданады. Уақтылы орындалмаған сот актілері бойынша үнемі еске салу хаттары жолданып, тез арада орындау қажеттігі туралы ескертіледі.
Орындалған сомалардың мәліметтері Жамбыл облыстық сотына апта сайын жолданып отырады. Бұл жұмыс орындалған және орындалмаған сомалар бойынша мониторинг болып табылады және орындау барысы бақылауда тұрғанын дәлелдейді.
Сот актілерінің орындалуы құқықтық тәжірибенің ең маңызды бөлігі болып табылады, мұның өзі мемлекеттегі сот төрелігінің тиімділігін көрсетеді, сот шешімдерінің толық әрі уақтылы орындалуы сот билігінің беделін ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің мәртебесін де айқындайды.
Осындай тәртіппен сот актілерінің орындалуын тездету жұмыстары жүргізілуде. Бұл өндірістік жұмыстың негізгі құралдарының бірі болып келеді және оған жоғары талап қойып, қатаң бақылауды ұстануға ниеттіміз!
Самат ЕРАЛИЕВ,
Жуалы аудандық Сот
Әкімшісінің басшысы