Qoǵam

Білім мекемелері қашықтан оқу режіміне ауысты

Қысқы демалысы тағы бір аптаға ұзартылған мектеп оқушылары үшінші тоқсандағы сабақтарға осы аптаның басында кірісуі керек еді. Алайда, елдегі эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлап, Жамбыл облысының қызыл аймаққа енуіне байланысты өңірдің білім беру мекемелерінің жұмысына ішінара карантиндік шектеулер енгізілді.

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес эпидемиологиялық тәуекел аймағына тұрғанына қарамастан облыс, аудан орталықтарындағы оқушылар саны 600-ге дейінгі мектептер штатты оқу режимінде, ал 600-ден асатын мектептер қашықтан оқыту форматына ауысты. Бұл ретте ауылдық жерлердегі мектептер әдеттегі дәстүрлі оқу форматында болады.
– Осы аптадан бастап оқушы саны 600-ден асатын мектептердің 1-2 сыныптары сабақты штатты форматта жалғастырса, 3-5 сыныптарда кезекші сыныптар ұйымдастырылады, ал қалған сыныптар қашықтан оқу форматына көшті. Бұл аудан орталығындағы №1 және №19 мектеп-гимназияларға қатысты. Қалған мектептер штатты форматта оқуын жалғастыра береді, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close