Qoǵam
Табиғатты қорғау – адамзаттың борышы
Табиғат – тіршіліктің көзі, құт-берекесі. Табиғатты қорғау, оны аялау, туған өлкені таза ұстау – барша адамның азаматтық парызы. Өкінішке қарай, қоғамда адамдар кейде табиғатты аялау, оған көзінің қарашығындай қарау қажеттігін естен шығарып, қоршаған ортаға зиян келтіріп жатқанын аңғармай қалады. Десе де, қоршаған ортаны қарлығаштың қанатымен су сепкендей қолдан келгенше қорғау тікелей өзімізге байланысты. Әсіресе, балаға кішкентайынан табиғат-ананы қорғауды үйретіп, мектеп қабырғасынан бастап экологиялық тәрбиені бастаған абзал. Бала күнінен қоршаған ортаға деген жанашырлықты бойына сіңіріп өскеп ұрпақ – ертеңгі күні табиғатқа зиянын тигізбесі анық.
Әсем де сұлу табиғаты бар мекеннің бірі – “Ақсу-Жабағылы” мемлекеттік табиғи қорығы. Жыл басынан бастап қорықтың аумағында өртті болдырмау, оның алдын алу мақсатында іс-шаралар өткізілуде. Яғни, қорық аумағына жақын орналасқан елді мекендердегі жергілікті атқарушы органдармен, төтенше жағдай қызметкерлерімен және өрт сөндірушілермен орман және дала өрттерінің алдын алу, оны дер кезіне сөндіру бойынша бірлескен жұмыс жоспары жасалып, жүзеге асырылуда.
Алайда, өрт қауіпсіздігі талаптары мен ережелерін сақтамайтын азаматтар баршылық. Қорық шекарасынан екі шақырым жерлер қору аумағы болып есептеледі. Ескерте кететін жайт, қорықтың қору аймағының жерлерінде демалушы азаматтар өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитариялық ережелерді бұзса, онда оған ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 367-бабы 1-тармағымен жеке тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни (2024 жылы – 1 АЕК 3 692 теңге) 369 200 теңгеге дейін айыппұл салуға әкеп соғады.
Егер өрт жайылып, ол қорық аумағына өтіп, елеулі зиян келтірсе, ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, белгілі бір лауазымдық атқару немесе қызметпен айналысу құығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз 3000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, яғни 11 076 000 теңге көлемінде айыппұл салуға немесе 800 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге немесе айыруға жазаланады және табиғатқа келтірілген залалы есептеліп, оны толық өтейді.
Өрт қауіпті маусымда таулы аймақтарда демалушылар, мал бағушылар және маусымдық жұмыс атқарушы азаматтар отты ені 0,5 метрден кем болмайтын минералданған жолақта (жер беті топырақ қабатына дейін тазаланған) қалың шеттіктен алшақ, суға жақын, ірі тастармен қоршалған жерде жағуы керек. Сонымен қатар, отты жағып болғаннан кейін оған су құйып өшіріп немесе топырақ сеуіп тастауы қажет.
Табиғатты өрттен қорғау – әрбір адамның міндеті. Сол үшін табиғатты қорғауды әрдайым есте сақтап, өрт болған жағдайда 101 телефонына хабарлауды ұмытпаңыз!
Фархат Абилов,
Ақсу-Жабағылы МТҚ
ОӨСС басшысы