Qoǵam

Азаматтардың МӘМС-тегі мәртебесі бойынша топ 10 сұрақ

Пайдаланбаған ақшаны қайтаруға бола ма, неге МӘМС жүйесі жинақтаушы емес, жеке клиникада МӘМС есебінен қалай емделуге болады? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қазақстандықтардың жиі қоятын сұрақтарына жауап берді.
1. Мен «жұмыс істемейтін жүкті әйелдер» жеңілдік санатына кіремін, бірақ тіркелген жеке кәсібім бар. Жеңілдік санатына кіретіндер жарна төлеуден босатылады деп естідім. Жеке кәсібім үшін жүргізілген төлемдерді қайтарып ала аламын ба?
– «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға сәйкес, жұмыс істемейтін тұлғалар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Егер жүкті әйел еш жерде жұмыс істемесе, алайда ЖК ретінде тіркелген болса (оның қызметі ресми тоқтатылмаған болса), барлық тиісті төлемдерді (зейнетақы, әлеуметтік, кіріс салығы) жүргізіп отырғандықтан, жұмыс істейтіндер қатарына кіреді. Яғни, жеңілдік санатынан шығып қалады. Сақтандырылған мәртебесін сақтау үшін жеке кәсібі үшін МӘМС жарналарын төлеу қажет.
2. Егер МӘМС есебінен медициналық қызметтерді алмасам, пайдаланбаған ақшаны қайтарып ала аламын ба?
-МӘМС-ке енгізген төлемдерді қайтаруға немесе оларды басқа адамға беруге болмайды, себебі, жүйе қаражатты дербес бөлуді қарастырмайды. Барлық жарналар мен аударымдар Ұлттық банктегі шотта жинақталады және ол жерден барлық сақтандырылған тұтынушылардың медициналық қызметтерін төлеуге бағытталады.
3. Мен жұмыс істемейтін болсам мәртебені қалай аламын?
-Сізде екі таңдау бар. Біріншісі – дербес төлеуші ретінде жарна төлеуіңізге болады. Екіншісі – жұмыспен қамту орталығына хабарласып, жұмыссыз ретінде тіркеле аласыз. Бұл жағдайда сіз жеңілдік санатына кіресіз және сіз үшін жарналарды мемлекет төлейді.
4. Жеке клиникада МӘМС бойынша тексерілуден өтуге бола ма?
-Медициналық көрсеткіштер болған жағдайда, Қормен шартқа отырған жеке клиникаларда консультациялық-диагностикалық қызметтерді алуға болады. Ол үшін өз емханаңыздан жолдама қажет. Медициналық қызмет көрсетушілердің тізімімен Қор сайтына кіріп, «МӘМС-гид», ары қарай «Пациенттер үшін», содан кейін «Клиниканы таңдау» батырмасын басу арқылы танысуға болады (https://fms.kz/osms-guide/patient/vybrat-kliniku/).
5. МӘМС үшін қате төленген жарналарды қалай қайтаруға болады?
– Қате рәсімделген (мысалы, басқа кезең көрсетілген) төлемдерді қайтару үшін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорация» КЕАҚ-та белгіленген нысан бойынша өтініш жазу қажет және төлемді растайтын құжаттарды қоса ұсыну қажет (нысан fms.kz сайтында «ОСМС-гид» бөлімінде жарияланған). Өтінішті https://eotinish.kz/ электронды платформасы арқылы беруге болады.
6. МӘМС-ке қате төленген соманы басқа кезеңдерге қайта бөлуге бола ма?
-МӘМС-ке төленген төлемдерді басқа кезеңдерге қайта бөлуге болмайды, тек кері қайтара аласыз. Кейін керек кезең үшін төлем жасауға болады.
7. Мен студентпін, МӘМС-ке төлем жасауым қажет пе?
-Күндізгі оқу бөлімінің студенттері МӘМС-ке жарна төлемейді, себебі жеңілдік санатына кіреді. Сондай-ақ, жұмыс берушілер күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттер үшін МӘМС-ке аударымдар жасаудан босатылған.
8. Мұғалімнің шаруа қожалығы болса, МӘМС-ке төлемді қалай жүргізеді?
-Салық заңнамасына сәйкес шаруа қожалығы қандай да бір басқа нысанда рәсімделмеген болса, ол ЖК ретінде қарастырылады. Егер ЖК қызметін тоқтатпаған болса, ол өзі үшін 1,4 ЕТЖ-ның 5 % төлейді.
Осы ретте, негізгі жұмысында да жарналар төлеп, мұғалім қызметкері үшін аударымдар жасауы керек. Яғни, барлық кіріс көздерінен төлем жүргізіледі.
9. Мен мерзімдік қызметімді өтеп жатқан сарбазбын, жарна төлемеймін, бірақ сақтандырылғанмын. Менің сақтандырылған мәртебем қанша уақытқа сақталады?
-Сіз мерзімдік қызметіңізді атқарып жатқан уақытта жарна төлеуден босатыласыз. Әскердегі қызметіңіз аяқталған соң, сізге сақтандырылған мәртебесін сақтау үшін МӘМС-ке тұрақты түрде жарна төлеу қажет.
10. Мен жеке компанияда жұмыс істеймін және жалақыны орындалған жұмыс көлеміне қарай аламын. Егер салық салынатын кіріс шегі көтерілетін болса, МӘМС-ке жарналарды арттыру туралы ереже кімдерге әсер етпек?
-Қарастырылып жатқан түзетулерде МӘМС-ке аударымдарды есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы кірістің жоғарғы шегін 2025 жылдан бастап 10 ЕТЖ-дан 50 ЕТЖ-ға дейін өсіру туралы сөз болуда. Алдын ала жасалған талдау көрсеткендей, бұл өзгерістер ай сайынғы табысы 10 ЕТЖ (биыл 850 мың теңге) асатын жалдамалы қызметкерлерге ғана әсер етеді. Яғни, егер сіздің жалақыңыз кейде 850 мың теңгеден асатын болса, онда сіз нақты табыстың 2% төлейсіз.
Сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:
•Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
•fms.kz ресми сайты
•Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
•1414 байланыс орталығы
•Damumed мобильді қосымшасы
•Halyk мобильді қосымшасы
•BCC.KZ мобильді қосымшасы
•Kaspi.kz мобильді қосымшасы
•egov.kz электрондық үкімет сайты – «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Жамбыл облысы
бойынша филиалы

Таңдаулы материалдар

Close