Qoǵam

Газет пен хаттарды дер кезінде жеткізген…

 

Баспасөз – халықтың үні. Газетті оқи отырып түрлі маңызды жаңалықтарға қанығып, рухани азық аласың. Сондықтан газет пен оқырман арасын жалғайтын алтын арқау – газет тасымалдаушылар десек, артық айтқандық емес.

«Ассалаумағалейкүм!», «Саламатсыздар ма?», «Қалдарыңыз қалай?», «Сізге хат келді!», «Газетіңізді алыңыз!». Иә, бұл Т.Дүйсебайұлы ауылында тұратын, газет тасымалдаушы ағай Құрманбек Райымбековтың газеттерді таратар кездегі айтатын сөздері. Айлық-жалақысы бар болғаны он екі мың теңге. Сенесіз бе?! Бұл кейбіріне күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ аз да болса осыған қанағат етіп отырған Құрманбек Райымбеков күлетіндей ешнәрсе жоқтығын айтып, айлықтан бөлек мерекелерде сыйақы да берілетінін жеткізді.

Құрманбек Райымбековтың почта қызметінің газет тасымалдаушысы болып жұмыс жасап келе жатқанына биыл 21 жылдай уақыт болған. «Еңбектің наны тәтті» дегендей, почта жұмысынан бөлек, талай жылдан бері жұбайы Бексұлу Ахментаева екеуі шағын азық-түлік дүкенінің ісін жүргізіп отыр. Сонымен қатар егін шаруашылығы негізінде құрылған «Досбол» аталатын шаруа қожалығы және үйде мал шаруашылығымен де айналысады.

-Құр қарап отырғаннан гөрі қосымша табыс болса жақсы емес пе, айлығым ай сайын түсіп отырады. «Нысап сайын береке» демекші, айлығымды азсынбаймын. Қанағат. Аллаға шүкір. Мұндай жұмыстарға қазіргі жастар келгісі келмейді. Себебі, жалақысы аздығын алға тартады. Ал, бұл сылтау екені белгілі. Жұмыстың оңайы жоқ. Кейде күннің суығына, жауын-шашынға, қыстың боранына қарамастан күрең атымды ерттеп алып, уақтысынан кешіктірмей газет-журналдарды, келіп түскен хаттарды үйді-үйге таратып шығамын.

Республикалық «Еgemen Qazaqstan», облыстық «Аq jоl», «Аr-Аi», «Знамя труда», өзіміздің аудандық төл басылым «Jana ömir-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті және тағы да басқа журналдарға ауыл тұрғындары көп жазылған. Алдымен көше-көшенің газеттерін бөліп, газетке жазылған әр адамның атын газеттің маңдайшасына жазып қоямын. Одан бөлек газеттерге жазылым уақтысы басталғанда, ауыл тұрғындарын аудандық «Жаңа өмір» газетіне жазылуға шақырамын. Себебі, аудандық газетте ауылдағы барлық жаңалықтардың қамтылатыны белгілі. Ауылда зейнетақы таратар кезде, ауыл тұрғындарынан «Қандай газетке жазылғыңыз келеді?», «Қай басылым сізді қызықтырады?» деп сұрап аламын. Көбінде газет-журналдарға деген қызығушылық аға буын өкілдерінде ғана бар, – дейді Құрманбек Паңсатбекұлы.

Құрманбек Райымбеков 1961 жылы қазіргі Т.Дүйсебайұлы ауылында дүниеге келген. 1979 жылы бұрынғы Кременевка ауылындағы С.Киров атындағы мектепті аяқтайды. Оқуды тамамдаған соң, Бірлік ауылындағы СПТУ-57 училищесінде тоғыз айлық таракторшы машинист, жүргізуші мамандығында оқиды.

1980-1981 жылдары әскер қатарында болып, әскерден келген бетте Түлкібас ауданындағы  аудандық «Шамшырақ» газеті редакциясында жүргізуші болады. Осында жұмыс жасай жүріп Бексұлу Ахментаевамен танысып, шаңырақ көтереді.

1985-1995 жылдары аралығында Кременевка совхозында тракторшы және Амангелді колхозында трактор бригадасының бригадирі болып еңбек еткен. Аталған колхоз-совхоздар тарағаннан кейін, ауылдағы почта бөлімшесінің газет тасымалдаушысы болып жұмысқа орналсады.

Бүгінде жары Бексұлу Ахментаева екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қызды  қияға қондырып, 19 немеренің қызығын көріп отырған бақытты ата-әже. Ұл-қыздарының барлығы әр салада жемісті еңбек етуде.

Құрманбек Паңсатбекұлы, балдан тәтті немересінің «ата» деген жылы  сөздерін естуден асқан бақыт жоқ екенін айтады. Ұл-қыздарына үлгілі әке бола білген ол, немерелеріне жақсы ата, елге қадірлі ақсақал, болсам деген арманымен бөлісті.

Иә, почта қызметкерлері уақытпен санаспайды.Осыдан-ақ, аталмыш мамандардың еңбегі өлшеусіз екенін аңғаруға болады. Бұл Құрманбек Райымбековтың жауаптылығы мен жұмысына деген адалдығының белгісі десек, артық айтпаған болар едік.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close