Qoǵam

БЖЗҚ-дағы жинақтарын пайдалану құқығына кімдер ие?

– Абдманат Төреханұлы, жалпы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты қажеттіліктерге пайдалану құқығына кімдер ие бола алады?
-Міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады. Нысаналы пайдалану құқығы белгілі бір жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар азаматтар үшін көзделген. Жеткіліктілік шегі әр жас үшін жеке анықталады.
Сонымен бірге қалыптасқан зейнеткерлер (әлеуетті құрылымдар қатарындағы зейнеткерлерді қоса алғанда) БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қалған сомасының 50 процентінен аспайтын шекте қолдана алады. Олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасы немесе еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалтқан табысын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40 процент) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда аталған құқықты пайдалануға болады.
Сондай-ақ, өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеттік шарттарын жасасқан тұлғалар жоғарыда аталған құқыққа ие.
-Тұрғындар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты қажеттіліктерге пайдалану құқығына ие немесе ие емес екендігін білу үшін және ие болған жағдайда пайдалану үшін қандай әрекеттер жасауы қажет?
-Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен өз жинақтарын тексеріп, оларды БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында алуға қолжетімді соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс. Қордың enpf.kz корпоративтік сайтындағы Жеке кабинетте, сондай-ақ БЖЗҚ-ның жаңартылған ұялы қосымшасы арқылы онлайн режімінде жеткіліктілік шегі мен нысаналы пайдалану үшін қолжетімді сома туралы ақпаратты тексеру мүмкіндігі берілген.
БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын тексергеннен кейін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үйге немесе емделуге пайдалану туралы шешім қабылдаған салымшылар уәкілетті операторға жүгінуі тиіс. “Отбасы банк” тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ тұрғын үй бойынша да, емделу бойынша да уәкілетті операторлардың функцияларын орындайды. Ол электрондық-цифрлық қолтаңбасы бар болған жағдайда азаматтардың өтінімдерін арнайы интернет-порталда электрондық форматта қабылдайды.
Салымшының құжаттарын тексергеннен кейін уәкілетті оператор БЖЗҚ-ға салымышының өзі айқындаған және оның уәкілетті операторға берген өтінімінде көрсетілген мөлшердегі зейнетақы жинақтарын аудару туралы хабарлама жіберіледі.
Салымшы зейнетақы жинақтарын мақсатты қажеттіліктерге алған кезде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін таңдау құқығына ие болады (жарналар аударылған кезде ЖТС салынбағанын ескертеміз). Азаматтар ЖТС төлеуді кейінге қалдыруды таңдаса болады немесе тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеуге арналған жинақтарын алған кезде ЖТС-ты толық көлемде өтей алады.
БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкілетті операторға аударуды оның өтінімі бойынша электрондық хабарлама келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асыратын болады. Уәкілетті оператор аударылған зейнетақы жинақтарын азаматтардың арнайы шоттарына бір жұмыс күні ішінде есептейді. Зейнетақы жинақтары арнайы шоттарда 45 жұмыс күнінен аспайтын уақыт ішінде жатады. Осы мерзім ішінде жинақтар нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға не салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуға тиіс.
-Жоғарыда өзіңіз айтып өткен үш бағыттың қайсысы бойынша өтініш берушілер көп? Және жалпы облыс көлемінде бұл мәселе бойынша қанша өтініш қабылданып, оның қаншасы қанағаттандырылды?
-Облыс көлемінде 4 096 өтініш тіркелген. Оның 2581-і қанағаттандырылып отыр.
Бірінші бағыт бойынша, яғни жұмыс істейтін, жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар жандар әрине, сирек. Себебі, көптеген сала қызметкерлерінің жалақысы енді ғана көтеріліп келеді.
Негізінен екінші бағыт бойынша зейнеткерлер арасында өтініш берушілер көп. Бұл заңды да.
Біздің тарапымыздан бүгінгі таңда халық арасында зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты қажеттіліктерге пайдалану туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Жуалы ауданында да төрт ауылдық округке арнайы барып, осы мақсаттағы жұмыстар жүргізілетін болады. Ондағы мақсат – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы бойынша халықтың көкейіндегі сұрақтарға мейлінше қарапайым, түсінікті тілмен жауап беріп, өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдарын түсінідіріп, ұсыныстарын хаттамаға енгізіп, министрлікке жеткізу.
-Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close