Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасының еліміздің барлық салаларда, соның ішінде құрылыс саласын да дамытуда, бәсекелік қабілеттілігін арттыруда маңыздылығы уақыт өткен сайын айқын аңғарылады. Құрылыс жобаларын жүзеге асыру өңірлердегі индустриялық-инновациялық дамуға жаңа серпін берумен бірге, экспорттық мүмкіндікті арттырса, халықтың энергетикалық тәуелсіздігіне қол жеткізу мен индустриялық аймақ құруға қатысты мәселенің оң шешілуіне бірден-бір негіз қаланып отыр. Демек, инновациялық бағыт арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуға кеңінен жол ашылып, халықтың әлеуметтік жағдайының оң шешілуіне мүмкіндік жасалуда.
Тұңғыш Президент – Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында «халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуге тиіс» дей келе, халықтың өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру керек үшін «ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі, мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елдімекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы» маңызды делінген.
Біз аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағыдан жалпы құрылыс саласы және де Тұңғыш Президент-Елбасының Жолдауларындағы тапсырмаларды орындау бағытында ауданда атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтып беруін сұраған едік.
– Асхат Базарбайұлы, Сіз басқарып отырған салалардың маңыздысының бірі-құрылыс. Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Мен ауданға келгеніме аз уақыт болғанымен, құрылыс саласы бойынша, әлбетте, атқарылған жұмыстардан хабардармын. Өткен жылдары аудан аумағында бұл салада көптеген жұмыстар атқарылды. Дәлірек айтсам, ең ірі «Бурное-Солар-2» күн электр станциясы іске қосылды.
«Өңірлерді дамыту 2020 жыл» бағдарламасы аясында Бауыржан Момышұлы аумағында және барлық ауылдық округ бойынша 43 миллион теңгеге барлығы 27 жоба жүзеге асырылды.
«Қаралма» тау-шаңғы курортының құрылысы басталып, оның жұмысы бүгінде жалғасуда.
Білім саласы бойынша Қызыларық ауылында 150 орындыққа арналған Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылды. Сондай-ақ, Ломоносов атындағы, Пушкин атындағы, №1 мектеп-гимназияда, Б.Момышұлы атындағы және Т. Әкімов атындағы орта мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қарабастау ауылындағы Қошмамбетов атындағы мектепке қосымша 135 839,0 мың теңге және 154 622,8 мың теңге жобалық құнына сәйкес спортзал салынуда.
Денсаулық сақтау саласы бойынша өткен жылы мемлекеттік-жекешілік әріптестіктің негізінде Шақпақата ауылына 15 келушіге дәрігерлік амбулатория, Қошқаратада 10 келушіге арналған ауылдық дәрігерлік амбулатория және Ертай ауылына 5 келушіге арналған медициналық пункт соғылып, іске қосылды.
– Қазіргі таңда жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының қайсысы маңызды болып саналады?
– Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі арқылы алты нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары, 14 нысан бойынша жоба-сметалық құжаттамалары, 17 нысан бойынша әзірленген ЖСҚ-ды сараптамадан өткізілуде.
Оның бірі- Б.Момышұлы ауылындағы Көктөбе жаңа тұрғын алабына (электр қуатымен, газбен, сумен қамтамасыз ету және автомобиль жолдары) инфрақұрылым нысандарының құрылысы (сметалық құны-612 000,0 мың теңге) бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, нәтижесінде «Талас-Құрылыс» ЖШС жеңімпаз болып анықталған. Өткен жылдың қыркүйек айында жеңімпазбен келісім-шарт жасалып, құрылыс жұмысы басталып кеткен. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі- үстіміздегі жылдың 15 тамыз күні. Қазіргі таңда электр желісі, газ, су құбырлары толық тартылып, автомобиль жолдарының құрылысы ғана қалып тұр.
– Онда неше отбасы жер телімін алып, тұрғын үй салуға мүмкіндік алады?
– Бауыржан Момышұлы ауыл әкімдігінде кезекте тұрған 170 азамат өзіне тиісті жерін алып, тұрғын үйін салады. Қазіргі таңда ауыл әкімдігінде арнайы құрылған комиссия жұмыс істеп, нақты тізімді жасап жатыр. Өйткені бірнеше уақыт бұрын өтініш берген азаматтардың ішінде бүгінгі таңда қаладан және басқа ауданнан жер алғандары болуы мүмкін, кейбірі көшіп кеткен, арасында қайтыс болғандар да бар.
– Біздің білуімішше үй салу үшін жер ала алмай жүргендердің қатары Нұрлыкент ауылында да бар. Басқа елдімекендерде жерге байланысты жағдайы қандай болып тұр?
– Аудан орталығынан кейін Нұрлыкентте жер сұрағандар саны көп. Осыған байланысты «Теріс» тұрғын алабы 33709,0 мың теңге, «Қосбөлтек» тұрғын алабы 26398,0 мың теңге, «Нұрлыкент» тұрғын алабы 34240,0 мың теңге болатын құрылыс-монтаж жұмыстарын ашық конкурс нәтижесімен «ЕрК Астана» ЖШС жеңімпаз болып табылып, құрылыс жұмыстары мамыр айының екінші жартысында басталып, жүргізілуде. 26 642,1 мың теңге қаржысы игерілді. Келісім шарт бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімі 15 шілдеде аяқталып, қазіргі таңда әр кешіккен күніне 0,1 пайызды айыппұл жүруде және бүгінгі күнге дейін Нұрлыкент ауылындағы алқаптың жер телімі мемлекеттік меншікке толық қайтарылмаған.
– Бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарында қандай проблемалар бар? Олардың себептері неде?
– Иә, құрылыс нысандарында проблемалар баршылық. Мысалы, Қошмамбетов атындағы орта мектепке қосымша спортзал қазандығымен бірге салынуда. Жобаның құны 135 839,0 мың теңге. «Экспертиза ПРО» ЖШС арқылы сараптамадан өтіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алудың ашық конкурсының нәтижесіне сәйкес «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС жеңімпаз болып табылды. Жұмыстары мамыр айының екінші жартысында басталды. 39 345,3 мың теңге қаржысы игерілді. Алайда нысанда құрылыс жұмыстары өте баяу жүргізілуде. Нысан бірінші қыркүйекте аяқталып, іске қосылу керек, аудан әкімдігі тарапынан қатаң бақылауда.
Сондай-ақ, Қарасаз ауылында жаңа ауыз су жүйесі жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алудың ашық конкурсының нәтижесіне сәйкес жеңімпаз болып табылған «КДСМ» ЖШС құрылыс жұмыстарды мамыр айының бірінші жартысында бастады. Алғашымен су жиналатын ғимаратының орнын даярлап, жол бойында су құбыры желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының жартысы тәмамдалды. Ал ендігі кезекте осы жұмыстармен бірге аула ішіндегі су жүргізу жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Ол үшін округ аймағында жұмыс топтары құрылып, ауыл тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. «Жуалы су» мекемесі өз тарапынан жүргізілетін су құбырының қаржысын есептеп беруі тиіс.
– Аудан бойынша ең ірі денсаулық, білім беру салалары бойынша құрылыс және жөндеу жұмыстары да қарқын жүргізілуде. Ол қай елдімекендерде жүріп жатыр және оларды кім жүргізуде?
– Денсаулық сақтау сала бойынша сегіз ауылдарда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ол Майбұлақ, Қарасу, Қосбөлтек, Ақтасты ауылдарында бес келушіге арналған медициналық пункттер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынуда. Ал Т.Дүйсебайұлы ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік акушерлік пунктті «АКМ ГРОУП» ЖШС жүргізуде. Теріс-Ащыбұлақ, Кәріқорған, Қаратас ауылдарына медициналық пункт құрылыс нысанын «Түркістан Құрылыс» ЖШС жұмыстарын жүргізуде. Әрине, барлық жерде жұмыс бірдей жүргізіліп жатқан жоқ. Бірақ көбінің қабырғалары көтеріліп, ішкі жұмыстары жүргізілуде.
Соғылып жатқан ғимараттардың аймағының абаттандыру жұмыстарына аурухана ұжымы жауапты, сондықтан да ол жұмысқа қазірден кіріскен абзал.
Ал білім беру саласын алсақ, мұнда бірқатар мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Қ.Сағындықов атындағы орта мектебіне оқу корпусының шатырына күрделі жөндеу жұмыстары бойынша жеңімпаз «ТаразЭлитСтрой» ЖШС орындауда. Сондай-ақ, Көлтоған ауылындағы С.Бәйтіков атындағы орта мектептің оқу корпусының шатырына жөндеу жұмыстарын жүргізуді «Алира сервис компания» ЖШС атқаруда. Көлбастау ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің спорт залының еденін ауыстыруға ағымдағы жөндеу жұмыстарын «Азия Жилстрой» ЖШС жүргізуде.
Сондай-ақ, «Мыңбұлақ» орта мектебінің ішкі жылу жүйесінің жөндеу жұмыстарын ашық конкурс арқылы «ҚараспанСаудаҚұрылыс» ЖШС жүргізуде. Жөндеу жұмыстары тамыздың ортасында бітіп, нысанды іске қосу жоспарлануда.
Сондай-ақ, Ақтөбе орта мектебінің спорт залының шатыры жөнделуде, ал Қ.Сағындықов атындағы және Т.Әкімов атындағы орта мектептердің спорт залдарының жел жақ беттері қайта қапталуда. Ол жұмысты мердігер «Ерке Бота» ЖШС жүргізуде.
– Алдағы уақытта қандай жұмыстарды атқару жоспарлануда? Қандай маңызды нысандар салынады?
– Алдағы бірер жылда ол – 80 орындық Алатау мектебінің және 180 орындық Диқан орта мектебінің құрылыстары жүргізілетін болады. Олардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамаға ұсынылды.
Жуырда құрылыс саласының жұмысы аудан әкімдігінің мәжілісінде қаралып, онда аудан әкімінің тиісті бағасын алды. «Құрылыс саласының жұмысын ары қарай да жандандыру қажет» деді аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы. Сондықтан да біз бар мүмкіндігімізді қарастырып, барлық резервтерді пайдалана отырып, саланың жұмысын жандандырып, алдағы жоспарланған шараларды уақыт талабына сай жүргізуіміз қажет.
-Сұхбатыңызға рақмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан
Гүлмира Дембаева,
«Жаңа өмір»