Qoǵam

Полицейлер халық сенімін ақтайды

Биыл еліміздің құқық қорғау органдары өзінің 29 жылдығын атап өтеді. 1992 жылы Тәуелсіздіктің елең-алаңында Қазақстан тарихында алғаш рет «Ішкі істер органдары туралы» Заң қабылданған болатын.

Ал 2007 жылы Тұңғыш Президент-Елбасының Жарлығымен бұл мереке ресми түрде бекітілді. Содан бері 23 маусым елімізде полицияның құрылған күні ретінде салтанатпен аталып өтіп келеді.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Дәурен Сәпиевтің айтуынша, соңғы жылдары қоғам мен мемлекет тарапынан полицияға деген талап арта түсіп отыр. Полиция органдары да заман көшінен қалмай, үздіксіз даму үстінде. Кадрлық қамсыздандыру, материалдық-техникалық жарақтандыру, қызмет сапасын арттыру бағытында бірқатар реформаларды бастан өткізді.
«100 нақты қадам – Ұлт жоспарында», Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында құқыққорғау органдарына жаңа мақсат-міндеттер жүктеледі. Қоғам полиция мәртебесінің артуымен қатар оның азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруды, қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуді жүктеп отыр.
– Жалпы, Полиция күні – тәртіп сақшылары мен ардагерлерінің еңбектерін ескеріп, оларға ризашылық пен алғыс сезімін білдіру күні, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Дәурен Сәпиев.
– Полицейдің басты міндеті- қылмыстың алдын алу, жолын кесу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Қоғамдық тәртіпті нығайту, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде бір жыл бойына «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Көкнар», «Учаске» және тағысын тағы жедел-алдын алу іс-шаралары өткізіледі. Аталған іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері әкімшілік аумақтарда орын алған құқық бұзушылықтарды анықтау, есепте тұрған тұлғаларды тексеру жұмыстарын күшейтеді. Сондай-ақ, отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында қылмыс жасауға бейім адамдарды анықтау мен есепке қою шаралары жүзеге асырылады. Одан бөлек, мал ұрлығының алдын алу мақсатында жедел топтар құрылып, профилактикалық және сақтық шараларын қабылдау бағытында түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Дәурен Сәпиев жеке құрамды кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Ауданның тәртіп сақшыларына Отанымыздың өркендеуіне қосып жатқан үлестері мен мінсіз қызметтері үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау жолындағы қажырлы еңбектерінің сәтті болуына тілектеспіз. Еліміз тыныш, халқымыз аман, бауырымыз бүтін, бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – дейді бөлім бастығы.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close