Qoǵam
Фараби энциклопедиясы
Əбу Насыр əл-Фарабидің өзінен: Сіз қандай ғылымдар саласында еңбек еттіңіз? – деп сұрай қалсақ, ол не дер еді? Біздің ойымызша, ол былай дер еді: Менің айналысқаным бір-ақ түрлі ғылым, оның аты — «Табиғат пен адамзат» деп аталады. Оп-оңай, екі-ақ ауыз сөз. Бірақ осы екі сөздің шеңберінен тыс ғылым қайда, ондайды естіген жан бар ма? Олай болса, Фараби қамтыған ғылым мен өнер жоқ деуге болады.
Бір қызығы, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш. Штейшнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А.Атеш 160, ал тəжік ғалымы Б.Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді.
Əл-Фарабидің мұрасын зерттеуге жол ашқан немістің атақты ғалымы Дитерици болды. Осынау зерделі зерттеушінің бағалауынша, əл-Фараби ғылымдағы ержүрек қаһармандар санатына қосылады. Ол «соқыр сенім кесапатына қарсы, өзінің тарихын қанмен жазған, рухани бостандық пен гуманизмнің қасиетті заңдарын таптау үшін бар зұлымдығын жасап баққан баққұмар мансапқорлыққа қарсы аянбай күресті» деп жазды.
Əбу Насыр əл-Фараби өзінің барлық жұмыстарын адамға арнады. Араб тілді философтар шешкен басты мəселелер – білім, таным, дүниедегі Ақиқатты іздеу мəселелері болды.
Бабамыз Фараби бұл тұрғыда да қарап қалмай, өзінің ең атақты шығармаларының бірі «Ғылымдар энциклопедиясы» деп аталатын трактатын жазған. Бұл еңбектің ғылым тарихында алатын орны ерекше үлкен. Осы трактат «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдар реті», «Ғылымдар жіктелімі», т.б. аттармен Шығыс пен Батыс елдерінде өте ертеде-ақ мəлім болып, одан көп ғұламалар тəлім алды.
Бұл кітап мындай бес тараудан тұрады: Тіл білімі жəне оның тараулары; Логика жəне оның тараулары; Математика, яғни арифметика, геометрия, оптика, математикалық астрономия, музыка, статистика, айла-əрекет жөніндегі ғылым (механика); Физика мен метафизика жəне олардың тараулары; Азаматтық ғылым жəне оның тараулары, заң ғылымы жəне кəлəм (дін ғылымы).
«Фарабидің энциклопедиясы» ХІІ ғасырда арабшадан латын тіліне екі рет аударылған. Одан кейінгі ғасырларда бұл еңбек толық немесе үзінді түрінде ескі еврей, неміс, ағылшын, француз, түркі, т.б. тілдерге тəржімаланған. Роджер Бэкон, атақты Əбу Əли ибн Сина (980–1037) жəне басқалар тікелей соның əсерімен өздерінің көпке мəлім энциклопедиялық еңбектерін жазған.
Ұлы ғұламаның бұл еңбегінің құндылығы, оны басқа халықтардың өз қажетіне жаратып, оның еңбек заңдарына, еңбек адамдарының өз жұмысына саналылықпен, ұқыптылықпен қарап, өндірісті дамыту, еңбек өнімін, жеке адамның еңбекке құштарлығын, ынта-жігерін арттыру мақсаты көзделгендігінде.
«Ғылымдар энциклопедиясында» ойшыл ғалым Аристотельден өзіне дейінгі 1300 жылдай уақыт ішінде өркендеген ғылымдарға талдау жасаған, пəнін таңдаған, мазмұнын анықтаған, үйрену жəне үйрету жолдарын белгілеген. Бұл еңбек Фарабиден кейін де 500 жыл бойы Шығыс, Батыс оқымыстыларының қолынан түспейтін кітабына айналды. Жоғары мектептерге ғылым негіздері жөніндегі басты оқулық болды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»