Qoǵam

Бас ақынға құрмет толастамайды

Абай – қазақ халқының бас ақыны. Абайды таныту арқылы қазақты әлемге танытатынымызды Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баса айтқан болатын. Ал ағымдағы жылдың басында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған сәйкес қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы республика көлемінде тойланады. Одан бөлек, еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанда» Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаласы жарияланды.

Сонымен қатар, ойшыл ақынның мерейтойы аясында «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өту жоспарланған.
Жақында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай, сонымен бірге, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып №1 мектеп-гимназияда 8 В сыныбының оқушыларының қатысуымен «Абай – дана, Абай – дара қазақта» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Жас ұрпақты ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру арқылы ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап өлеңдерін мәнерлеп айтқызу. Көркем сөйлеуге, шығармашылықпен айналысуға бағыт көрсету – шараның негізгі мақсаттары болып табылады. Білім ошағында өткен шара барысында Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің экскурсоводы Мәриям Жандарбекқызы, мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Руслан Есенаманов Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы сөз қозғады. Оқушылар да ақын туралы өз ой-пікірлерімен бөлісіп, Абайдың шығармаларынан үзінділер оқыды.
Ұлы ақын, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, халқымыздың жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы Абай Құнанбайұлы 1845 жылы Шыңғыстауды жайлаған Тобықты руында дүниеге келді.
Абайдың арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос пен Жігітек тарайды. Әрқайсысы бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен Ырғызбай, Көтібақ пен Топай туған. Олардың ішінде Ырғызбай оза шауып, ел басқару ісіне араласқан. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар мен Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болған деседі. Өскенбайдың әйелі Зереден Абайдың әкесі Құнанбай туады.
Болашақ ақын ел анасы атанған Зере таусылмайтын аңыз-ертегілерін естіп, сөзге шебер Ұлжан анасының тәрбиесін көріп өсті. Абай алдымен әкесі Құнанбайдың туыстарының балаларын оқытамын деп «Ескітам» деген қоныста салдыртқан медреседе сауат ашты. Одан кейін ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алды. Ал 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыды. Сол жерде араб және парсы тілдерін меңгеріп шыққан. Абай дін оқуымен ғана шектелмей, білімін өз бетінше жетілдіруге тырысады. Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули сияқты Шығыстың ұлы ғұламаларының шығармаларымен танысады. Орысша сауат ашады.
Абайдың шығармашылығына келер болсақ, Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған. Ал оның ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – «Қансонарда» деп аталатын өлеңі. Абай өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітім жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар көп. Атап айтқанда, «Сегіз аяқ», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Желсіз түнде жарық ай», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңдерінің әрбіреуі тың дүние, шығармашылық жаңалық.
Абай мысал өлеңдерін де шебер жаза білді. Ақын осы жанр арқылы қазақ халқының сол кездегі өмірін, адамдардың мінезі мен іс-әрекетін дәл көрсетіп, сатиралық бейнелермен көркем жеткізді. Абай поэма жанрын да меңгерген. Оған «Масғұт», «Ескендір», «Әзімнің әңгімесі» сияқты шығармалар дәлел.
Абайдың іргелі еңбектерінің бірі әрі бірегейі – қара сөздер. Осы сөздердің бірнешеуі алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Артынан Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылды.
Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнісінде Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды деуге болады. Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Одан асқан бұрын – соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» – деп Абайды аса жоғары бағалады.
1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі, сондай-ақ, «Ескендір» және «Масғұт» поэмалары енді. Бұл тұңғыш жинақты дайындаған, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл болатын. Кәкітай Ысқақұлы бірінші болып ақынның өмірбаянын жазды. Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары көп емес. Ақынның өз қолжазбалары сақталмады. Шығармалары түгелдей дерлік Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы жеткен.
Ал Мұхтар Әуезов Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерді. Заңғар жазушы «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүниежүзі оқырмандарына танымал әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек атқарды. Әсіресе, Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы осы салаға қосқан елеулі үлесі болып саналады.
Қорыта айтқанда, Абай ақынның 175 жылдық мерейтойы болсын, одан басқа уақыттарда қазақтың бас ақынына деген халықтың құрметі бір сәт те толастамайды. Міржақып Дулатұлының сөзімен айтқанда, Абайдан қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Міне, осы сәт жетті. Абай ақынның мерейтойына атсалысу ісін барша Қазақстан азаматының қасиетті парызы деп түсінген жөн…

Мәриям МОЛДАҚАСОВА,
Б.Момышұлы мемориалдық музейінің экскурсоводы

Таңдаулы материалдар

Close