Qoǵam

Екпе – қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жалпыға бірдей вакцинация – бұл қалыпты өмірді қалпына келтірудің және адамдардың денсаулығын сақтаудың жалғыз жолы.

Бүгінде карантин талаптарын сақтамаудың салдары – жарға жығып отырғаны жасырын емес. Соның салдарынан Жамбыл облысы қызыл аймаққа кірді. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс тұрғындарына жасаған үндеуінде аймақта эпидемиологиялық жағдай тез нашарлап, коронавирустық инфекцияны жұқтырғандар саны күн сайын артып келетінін айтқан болатын. Одан бөлек, жағдайдың күрт нашарлауын жамбылдықтардың бетперде киюді доғарып, қашықтықты сақтауды тоқтатуына байланысты өршіп тұрғанын, кей жерлестеріміз үйлену тойларын, мерейтойларды және басқа да іс-шараларды адамдар көп жиналатын жерлерде өткізуді жалғастыру себебінен екенін баса айтты. Сондықтан да азаматтарды карантин режімін қатаң сақтауға, санитарлық талаптарға мұқият қарауға шақырды. Бұдан соң, науқастардың 99 проценті екпеден өтпегендер екенін тілге тиек етті.
Қазіргі таңда аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде індет жұқтырған 49 науқас жатыр. Оларға ақ халатты абзал жандар тарапынан тиісті емдеу шаралары жүргізілуде. Аудандық орталық аурухананың жауапты қызметкерлерінің ағымдағы жылдың 9 тамызындағы мәліметі бойынша, ауданда екпенің I компонентін 14 985 адам, ал, II компонентін 11 066 адам салдырған.
Иә, олай болса әлеуметтік желілерде «екпе» туралы желдей ескен жансақ пікірлерге құлақ түрмей, екпе салдыруда барынша белсенділік танытайық. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік. Саулықтың – сақтықта екенін естен шығармайық.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close