Qoǵam

Қаптаған қоқыстан қашан құтыламыз?!

Еліміздің таза өңірлерінің бестігіне кіретін Жамбыл облысының, соның ішінде Жуалы ауданының бүгінгі тазалық жағдайы, қоршаған ортаның жай-күйі қандай деңгейде? Ауыл көркін жақсарту үшін Жуалы ауданында қандай жұмыстар атқарылуда? Осы және басқа да сұрақтарды «Жуалы – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Серік Жұмабековке қойған едік.

– Өздеріңізге белгілі, тазалық бүгінгі қоғамда басты мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Шыны керек, ауданда қанша абаттандыру және сенбілік жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілгенімен, сантариялық тазалық әлі де көңіл көншітпей отыр.
Бұлай айтуымның себебі, аудан орталығы саналатын Бауыржан Момышұлы ауылы тұрғындарының тең жартысы ғана тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға мердігер компаниямен келісімге отырған. Дегенмен қалған тұрғындар бұл мәселеге немқұрайды қарауда. Яғни, ауылдағы сай-салаларға қоқыстарын тастауды әлі доғарылар емес.
Мемлекеттік қызметкерлер санитариялық тазалық жұмыстарын жүргізіп, сай-салаларға тасталған қоқыстарды сенбі сайын тазалағанымен, тұрғындар бұл еңбекті еш етіп, қоқыстарын тастауды доғармай отыр.
Ауыл-аймақтың тазалығы проблемасын назарға алған аудан әкімі Олжан Есалханұлы өткен сенбіде жауапты бөлім басшылары мен аудан орталығы және оған іргелес орналасқан Ақсай, Мыңбұлақ ауылдық округтерінің әкімдерін жинап, ауылдардың көшелерін аралап, қоқыс жәшіктерін орнату қажеттігін баса айтты. «Жақын арада Бауыржан Момышұлы, Қайрат, Көлбастау ауылдарында қатты қалдықтарды жинау үшін арнайы контейнерлер қойылады және арнайы қоқыс тасымалдау техникасы алынады. Осы әрекеттер аудан тазалығына тікелей әсер етеді» деді аудан басшысы.
Олжас Қаржауовтың тапсырмасына сәйкес ауданда арнайы штаб құрылды. Бұл штабтың мақсаты халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әр тұрғынның жауапкершілігін түсіндіру және арттыру болып табылады. Аудан басшысы жауапты тұлғаларға осы қоқыс жәшіктерін орналастыру және тұрғындардың тұрмыстық қатты қалдықтарды алып кететін «Жасыл-Жуалы» мекемесімен келісім-шарт жасауын және бірыңғай тарифтік бағаны белгілеуді тапсырды.
Сонымен қатар, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін аталған үш ауылдық округ әкімдіктерінде Колл-орталықтар құрылып, іске кірісетін болады. Бұл дегеніміз, кез келген сол ауыл тұрғындары үйінен шықпай-ақ байланыс арқылы сауалдарын жолдап, дер кезінде жауаптарын ала алады. Түсіндірме, насихаттау жұмыстарының ішінде халыққа қолжетімді болуы үшін әрбір шаңыраққа үнпарақтар таратылатын болады. Сондай-ақ арнайы тақырыптық бейнероликтер әзірленіп, ауыл тұрғындарына әлеуметтік желі арқылы ұсынылатын болады. Мұндағы басты мақсат – Жер-Анамызды күтіп ұстау, өскелең ұрпақты тазалыққа бейімдеу, тәрбиелеу.
Егер біз осы проблеманы оңтайлы шешілуін қазірден бастап қолға алмасақ, ертеңгі ұрпақ бізді кешірмейді деуге де болады. Бұл қалдықтардың салдарынан әртүрлі аурулар таралуы әбден мүмкін. Сондықтан да “Дені саудың – жаны сау” демекші, Табиғат-Ананы аялап және табиғатты сақтап үйренейік.
Қазақстан Республикасының «Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 505 «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бабында көрсетілгендей, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру – ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – жеке тұлғаларға – отыз, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
– Егер осындай түсіндірме жұмыстарыннан кейін де тұрғындар тарапынан мұндай әрекеттер тыйылмай жатса, мұнымен қалай күресуге болады деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, тұрғындарға мұндай түсіндірме жүргізгеннен кейін әрбір саналы азамат Табиғат-Анамызды аялауға, тазалықты сақтауға өзіндік үлесін қосады деп сенім білдіремін. Егер мұндай теріс әрекеттер тыйылмай жатса, онда заң аясында жазалауға тура келеді.
Заңды білмеу сізді жауапкершіліктен босатпайтынын ескертеміз! Сондықтан да, барша аудан тұрғындарын тазалық сақтауға шақырамын!
Жазып алған Абылайхан Сәрсен,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close