Qoǵam

Почта байланыс саласы заман талабына сай дамып келеді

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» почта қызметінің тамыры тереңде жатыр. Бірнеше жүздеген жылдар бұрын пайда болып, бүгінде үлкен реформадан өткен бұл саланың қоғам игілігіне тигізіп отырған пайдасы ұшан-теңіз.

Қазақстанда ресми почталық байланыс бөлімшесі алғаш рет 1860 жылы қазіргі Алматы қаласында ашылған. Ол көп ұзамай почта-телеграф кеңесі болып қайта құрылған.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары почта саласында да көптеген қиындықтар болды.
Бүгінгі таңда аудандық почта байланыс торабы аудан бойынша мерзімді басылымдарға жазылуды жүргізу, оларды таратумен қатар түрлі төлемдерді қабылдау және тағы да басқа түрлі заманауи қызметтерді атқара бастады.
Жыл өткен сайын елімізде почта байланыс саласы дамып келеді.
«Қазпочта» акционерлік қоғамы еліміздегі Ұлттық почта желісінің операторы, сондай-ақ, халықаралық хат-хабарлар мен жөнелтілімдерін жеткізуді іске асыратын бірден-бір компания. Ұзақ жылдардан бері байланыс құралы ретіндегі өз маңызын жоймай келе жатқан «Қазпочта» АҚ-ның Қазақстанның ішкі-сыртқы байланыс саласында алар орын ерекше.
Жаңғыру мен жаңару заман талабы дейтін болсақ, почта бөлімдерінде халықаралық жеделдетілген почта, электрондық почта сияқты заманауи коммуникация түрлері жүйелі жұмыс жасайды. Қаржылық салада да түрлі мекемелермен өзара тығыз байланыс орнатыла бастағанын байқауға болады. Бұрын тек хат-хабар алмасу қызметі ретінде қабылданатын почта бөлімшелері қазіргі таңда жаңа заманның сұранысына орай түрлі коммуналдық қызмет төлемдерін жасауға, мерзімді басылымдарға жазылу мен оны жеткізуде, ғаламтор арқылы сауда-саттық жасауға, теміржол және әуе билеттерін сатып алу бойынша да ыңғайлы орынға айналғанын айтуға тиіспіз.
Жуалы аудандық «Қазпочта» байланыс торабына бүгінгі таңда Бақытжан Устаев деген азамат басшылық етеді. Бақытжан Досанқұлұлы Ынтымақ ауылының тумасы. 46 жылдық еңбек жолының 18 жылы осы салада өткен. Яғни, 16 жыл Шақпақата ауылдық почта байланыс бөлімшесінің меңгерушісі болған. 2019 жылдың ақпан айынан бастап аудандық почта байланыс торабын басқарып келеді.
-«Почта деген мамандық емес, почта деген диагноз» деген сөз бар. Себебі, почтада жүріп халықпен бірге бір қазанда қайнайсың. Почта барлық ауылда бар. Почта тасушы әрбір аулаға барады. Халықпен етене жақын жұмыс істей жүріп, яғни зейнетақы, жәрдемақы, газет-журнал, хат-хабар тарата жүріп халықтың жағдайын жақсы білесің. Халықпен бірге қуанасың, бірге қиналасың.
Жуалының, Бауыржандай батыры бар, Шерхандай данасы бар елдің сөзге тоқтайтын жақсы қасиетіне талай рет куә болдым. Айлық жалақысын, зейнетақысы, жәрдемақысын түрлі техникалық кедергілердің салдарынан, басқа да жағдайларға байланысты уақтылы ала аламай жатса да бірауыз сөзге тоқтап, сабыр сақтайтынына ризамын. Осы қасиеттері үшін бүкіл халықты жақсы көремін,- дейді Бақытжан Досанқұлұлы.
Бақытжан Устаев аудандық почта байланыс торабының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелеп, сұрақтарымызға жауап берді.
– Почта байланыс торабы почталық, қаржылық, агенттік бағытта жұмыс жасайды. Ауданда аудандық почта байланыс торабымен қатар 11 ауылдық бөлімше және екі почталық пункт бар. Барлық мекемелер бойынша 72 адам жұмыс істейді.
“Қазпочта” акционерлік қоғамы бүгінгі таңда көпфункциялы қаржылық супермаркетке айналып отыр. «Қазпочта» АҚ-нің бүкіл ел бойынша қолға алып, жүзеге асырып жатқан жаңа жобасы – бірыңғай әлеуметтік карта. Бұл жобада көптеген қызмет түрлері бар: почталық-агенттік қызметтер жеделдетілген цифрлы технология қолға алынған.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысы әкімі мен “Қазпочтаның” бірлескен меморандумы және “Жол картасы” іске асуда.
Әлеуметтік картаны елімізде ТМД мемлекеттері бойынша алғашқы болып қолға алдық.
Әлеуметтік картаның банкоматтық картадан ерекшелігі – зейнетақы, жалақы, жәрдемақыларын алумен қатар, онлайн төлемдер жасай алады.
Әлеуметтік карта төлем (қолма-қол емес сатып алу үшін төлем), көлік “қоғамдық көлікте жүру ақысы, оның ішінде жеңілдетілген тариф бойынша – зейнеткерлер, мүгедектер, балалар), бақылау-өткізу пункті (білім беру жүйесіне (мекемелерге) кіру және шығу үшін турникеттер арқылы жазуды есепке алу үшін) функцияларын біріктіретін) карточкалар.
Сонымен бірге, карта арқылы онлайн сауда жасағаны үшін бес пайыздық кешбэк бонус түрінде берілді. Бұл кежбэкті қолма-қол шешіп алуға да болады.
Картаның тағы да басқа ерекшеліктері, мүмкіндіктері бар.
Ауданда “Қазпочта” АҚ-ның үш бонкоматы және 17 посттерминалдары жұмыс жасайды. Түрлі қызметтермен қатар аудандық почта байланыс торабы бес банктен несие береді.
Салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар жеткілікті. Атап айтқанда, касса меңгерушісі Зейнеп Құрманова, орталық операциялық учаскенің басшысы Гүлмира Бурбекова, сұрыптаушы Тоғжан Бигазиева, орталық операциялар учаскесінің операторы Гүлсара Тұрсынбаева, сәлемдемелер супермаркетінің операторы Алуа Мамаева, ауылдық почта байланыс бөлімшелерінің меңгерушілерінен Нағима Кемалова (Нұрлыкент ауылы), Әлия Рахметова (Көлбастау ауылы), Нұрғайша Сауранбаева (Қайрат ауылы), Қарлығаш Нартаева (Қарасаз ауылы). Сонымен бірге инкассаторлардан Нұрлан Әзимовтың, Орынбек Сатыбалдиевтің, почта тарушылардан Ханайым Атамбаеваның (Кәріқорған ауылы), Бурина Надежданың, Бехтольд Маринаның, Карнаухова Тамараның (аудан орталығынан), Құрман Райымбековтың (Шақпақата ауылы), Роза Еминованың (Нұрлыкент ауылы) және Ләйлә Әшірбаеваның (Қарабастау ауылы) еңбегін ерекше атап өтуге болады.
-Бақытжан Досанқұлұлы, жақында аға газет «Егемен Қазақстанда» «Оқырман неге өкпелі?» деген мақала жарық көрді. Мақалада ауылдық жерлердегі оқырмандардың газетті уақтылы ала алмай отырғандығы, яғни почта таратушылар газет-журналдардарды уақтылы таратпайтындығын, жинап аптасына бір рет, тіпті кейбір ауылдарда айына бір рет тарататыны жайлы жазылған. Почташылардың уақтылы тартарпауының бірден-бір себебі, олардың еңбекақысының өте төмен екендігі де жазылған. Бұл жағдай біздің ауданда да бар. Ауылдарды айтпағанның өзінде аудан орталығындағы кейбір көшелерден оқырмандар уақтылы газет-журналдар таратылмайды деп хабарласып жатады. Сіз бұған не дейсіз?
-Газет-журналдар ауыл-ауылға күнделікті жеткізіліп отырады. Почта таратушылардың да жұмысын үнемі қадағалап отырамыз. Алайда мұндай жағдайлардың кездесіп жататынын жасыра алмаймыз.
Ал, жалақы мәселесіне келсек, бүгінгі таңда Тараз қаласында пилоттық жоба қолға алынып отыр. Яғни, почта тартушы келісімшарт бойынша жұмысқа қабылданады. Келісімшарт талаптары бойынша почташының жұмысқа шыққан әр күніне 1 500 теңгеден төленеді. Оған қоса әрбір таратқан газет-журналдарының санына, сәлемдеме, хат-хабарларына бонус беріледі. Сонда почта тартушының жұмысқа деген қызығушылығын арттырады.
Келешекте бұл жоба барлық ауылдарда қолға алынады деген жоспар бар.
Біздің операторлар Халыққа қызмет көрсету орталығының 60 қызмет түрі бойынша халыққа қызмет көрсету мақсатында арнайы курстан өтті. Алдағы уақытта ауылдардағы, орталықтағы операторлар халыққа осы қызметтерді көрсететін болады. Бұл ауыл тұрғындары үшін де ыңғайлы, аудан орталығына шабылмай-ақ, ауылда отырып, өзіне қажетті қызметтерді ала алады. Бұл қызметтер іске қосылса, операторлардың да жалақысы көтерілетін болады.
-Елімізде 4 қазаннан бастап газет-журналдарға жазылу науқаны басталды. Газет-журналдарға жазылуды жүргізетін негізінен почта қызметкерлері. Сондықтан науқанды жүргізуге дайындықтарыңыз қалай? Жұмыс қалай ұйымдастырылуда?
-«Қазпочта» АҚ-ның негізгі табысы басылымдардың жазылымынан түседі. Сондықтан біз науқан басталғанда жауапты мамандармен арнайы жиналыс жасап, жұмысты жоспарлы, жүйелі жүргізуді ақылдасамыз. «Газет-журнал – әр үйге!» ұранымен жұмыс істейміз.
Ауданда почта байланыс торабына, бөлімшелерге өздері келіп қалаған, қажетті басылымдарына жазылатын оқырмандар бар. «Үйге келіп жазып кетсеңіздер» деп өтініш білдіретін жандар да кездеседі. Одан бөлек әр мекеме өздері жазылып, қаржысын бізге келіп өткізіп жатады. Алайда айта кету керек, тұрғындардың газет-журналдарға жазылуы жылдан-жылға төмендеп барды. Сол себептен қазақ басылымдарына жазылуға жан-жақты қолдау қажет.
-Әңгімеңізге рақмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close