Qoǵam
Дауларды сотқа дейін шешуге болады
Қазіргі таңда аудан тұрғындары арасында болып жатқан жер, қарыз ақша өндіру, балағат сөз сөйлеу, келтірілген материалдық шығынды өндіру және т.б. азаматтық даулар немесе онша ауыр емес, орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша қақтығыстарды сотқа дейін билердің көмегімен шешуге болатынын білу қажет. Билердің ең бірінші мақсаты ренжіскендерді татуластыру, кетіскенді бітістіру, дауласушы жақтарды табыстыру, мейірім мен сыйластық, татулық пен берекені сақтау және нығайту.
Билер сотқа дейін татуласу – даукестіктің деңгейін төмендете отырып, дауларды бейбіт келісім арқылы тиімді шешуді қолға алады. Араздасқан азаматтарды сотқа дейін бітімге келтіреді, дауласқан тараптарды мәмілеге шақырып жүйелі сөзге тоқтатады, келісу мәдениетінің маңызын арттырады.
Татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі.
Татуласуда уақыт жоғалмайды, ақша үнемделеді, қатынас үзілмейді, жүйке мен абырой-бедел сақталады. Денсаулығы мен алтын уақыттарын айтыс-тартысқа жұмсамайды.
Егер де бітімгершілік болмаған жағдайда:
1. Сотта істің қаралуы созылып кетуі мүмкін.
2. Іске нүкте қойылғанға дейін бірнеше сот отырысы өтеді.
3. Қайта-қайта жұмыстан сұранып, кәсіпті тоқтатып, жеке тірлікті ысырып қоюға тура келеді.
4. Мемлекеттік баж төлейсіз, сот шығынын өтейсіз, заңгер жалдайсыз, жол шығыны болады.
5. Осыншама кезеңдерден өтесіз де дау сіздің пайдаңызға шешілетініне еш кепілдік жоқ.
6. Екінші тарап-туысыңыз, досыңыз, қызметтесіңіз болса, екі арадағы қатынасқа, сыйластыққа, әріптестікке нұқсан келеді.
7. Сол себептен кешегі туыстар бүгінгі жау, кешегі достар бүгінгі қасқа айналуы әбден мүмкін.
Бүгінгі таңда мемелекет халыққа өте ыңғайлы және пайдалы жолын таңдауды ұсынып отыр, ол бітімгершілік.
Бітімгершілікке келу үшін барлық жағдай жасалған, біріншіден дауласқан жақтар билерге жолығады, билер болса екі тарапқа дауды сотсыз шешудің оңтайлы жолын тауып береді. Мысалы, біреудің мүлкін ұрласа немесе біреудің денсаулығына зиян келтірсе, егер ол қылмыстық істер онша ауыр емес, орташа ауырлыққа жататын болса, онда аталған қылмыстық істі сотқа дейін АІІБ-де Билердің қатысуымен шешуге толық мүмкіншілік бар екенін аудан тұрғындары білу қажет.
2016 жылдың 28 шілдесінде Жамбыл облыстық сотының, Жамбыл облысының Ішкі істер департаментінің, Жамбыл облысының прокуроры және БАҚ қызметкерлері ассоциациясының жанындағы Бітімгер «Құқық және медиация орталығы» бірлесіп бітімгершілік процедурасының дамуы саласы бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумы аудандық прокуратура мен ІІБ-не жолданған. Аталған Меморандумға сай құқық қорғау органдары онша ауыр емес, орташа ауырлыққа жататын қылмыстық істерді билердің қатысуымен сотқа дейін қысқартуға әрекет етуі міндетті.
Билер аудандық сотта ашылған медиация кабинетінде азаматтарды қабылдауды жүргізіп, даулар мен қақтығыстарды сотқа дейін және сотта қысқартуға көп жұмыс жасауда.
Аудандық ардагерлер кеңесінің шешімімен 2018 жылғы қараша айында Жуалы ауданында билер кеңесі құрылып, Билер кеңесінің мүшелері болып Тоқбергенов Сағындық, Рахметов Мұратқали, Дүрәліұлы Аманжол, Майбалаева Әлия, Медетбек Сейітқазы Б.Момышұлы ауылына билер кеңесінің мүшесіне кірді.
Қазіргі таңда Б.Момышұлы ауылында билер алқасының 5 мүшесі бар және 14 ауылдық округтерден 3 би алқасынан сайланды, барлығы аудан бойынша 47 билер алқасы бар.
Биылғы жыл басынан бері аудан медиаторларымен сотқа дейін 13 азаматтық дау шешілген.
Халыққа мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндік беріліп жатыр, бітімгершілік бүгінгі күнде дауларды, қақтығыстарды сотқа дейін шешудегі өте дұрыс жолдың бірі екенін тұрғындар білуі керек.
Азаматтардың сотқа дейін бітімгершілікке келуіне аудандық сот, прокуратура, аудандық ішкі істер бөлімі қолдау жасайды әрі мүдделі.
Естемес Аманбеков,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы