Qoǵam
Ұстаз бен шәкірт сабақтастығы
Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті, педагогика жоғары мектебінің «Арнайы педагогикалық» кафедрасы жанынан ҚР Білім беру ісінің үздігі Сәбит Дүйсебаев атындағы дәрісхана ашылды. Жаңа ашылған дәрісхананың лентасын Сәбит Дүйсебаев пен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы қиды. Бұл қуанышқа ортақтаса келген ақ жаулықты әжелер мұнда да тәттіден шашу шашып, академикке құтты болсын айтысты.
Кафедраның ұстаздары «Мұғалім қашанда ардақты, ғылымдағы – жан-жақты ұстаз, шәкірт, әріптес» атты көрмедегі ағартушының кітаптарымен таныстырды. Кафедраға ұстаздың шәкірттері мен қонақтар жайғасқан соң, бейнетаспадан «Ұстаз жолы» атты бейнеролик көрсетілді. Онда ата-анасының жолын жалғастырған Сәбит Райысұлының ұстаздық жолда жүріп өткен, жетістікке жеткен жылдар шежіресі баяндалды. Атап айтсақ, Сәбит Дүйсебаев 1943 жылы Ынтымақ ауылында туған. Ол 30 жылдан астам аудан мектептерінде ұстаздық етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқан. 1996 жылы Қазақ білім академиясына ғылыми жұмысқа шақырылғанға дейін көптеген педагогикалық байқаулардың жеңімпазы болып үлгерген болатын. Бүгінгі таңда ол – осы академияның акедемигі. Содан бері мектептер үшін ҚР мемлекеттік білім стандартын, оқу бағдарламаларын, 30-дан астам оқулық пен оқу құралдарын дайындап, авторлық ұжымда еңбек етуде. Көптеген ақын-жазушылардың кітаптарын мектеп бағдарламасына ықшамдап шықты. Соның ішінде М.Әуезовтің «Абай жолы» романының хрестоматиялық баяны» деп аталатын мектеп оқушылары үшін эпопеяның төрт томын бір том етіп баяндап ықшамдаған кітабы (белгілі ғалым К.Құрманбаевамен бірігіп жазған) Ы.Алтынсарин атындағы республикалық сыйлыққа ие болды. Оның қаламынан қазақ өлеңінің құрылысы, А.Құнанбаев, М.Өтемісұлы, М.Дулатов, Ж.Жабаев, Ш.Айтматовтың т.б. шығармаларын оқыту мәселелері бойынша арнайы зерттеулер жарияланған. Бұдан бөлек, «Сөз көмек» атты қазақша-орысша, орысша-қазақша электрондық сөздігін, «Сөз ана» деп аталған орыс тілді балабақшаларға қазақ тілінде электрондық тілашар, Республикалық ақпараттық ғылыми-әдістемелік орталықта 5-11 сыныптардағы қазақ әдебиеті пәнінен және орыс мектебіндегі қазақ тілінен электрондық оқулықтар, т.б. жасап шығарған.
Шәкірті Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова басқаратын мектеп-интернаттың оқу-тәрбие жұмысындағы табыстары туралы «Алтын ұя мектебім» және А.Миразовамен авторлықта «Мектеп шұғыласы атты әдістемелік монография жазды. «Мамания», «Шүлен», «Ұлы арман» т.б. дастандары мен көптеген өлеңдері, әдеби сын және ғылыми-әдістемелік мақалалары, әдістемелік кітаптары жарық көрген. 2013 жылы профессор Т.Қ.Жұмажановамен авторлықта Қазақ білім академиясының тапсырысы бойынша 11сыныпқа арналған «Абайтану» курсының әдістемесін жазды. Айта берсе ғалымның еңбектері мұнымен шектелмек емес. Тізімін жалғастыра беруге де болар еді.
Кездесуде ұстаздың шәкірті, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мақұлбек Жанәліұлы ұстазына арнау өлеңін мәнерлеп оқып берді. Ал Н.Назарбаев университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, «Рухани жаңғыру» мәдени орталығының директоры Гүлтас Сайынқызы ұстазына деген жүрек жарды тілегін айтып, «Қоңырау» деген сиясы кеппеген кітабын сыйға тартты. Сонымен қатар ұстазының атын емденген аудиторияны безендендіріп беруді де өз мойнына алды.
Бұдан кейін Сәбит Райысұлын «Nur Otan» партиясының Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова, Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов құттықтап, Құрмет грамотасымен және Алғысхаттармен марапаттады.
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы өз сөзінде биылғы оқу жылында университеттен осындай 13 аудитория ашылып, олардың барлығы демеушілердің көмегімен заман талабына қарай жабдықталғанын жеткізді. Оның айтуынша, елге белгілі азаматтар мен кәсіпкерлердің есімдерін аудиторияларға беру арқылы университеттің 12 аудиториясына 30 миллион теңге жұмсалып, жабдықталыпты. Ол өз сөзінде университетке «Ұстаз университеті» деген атауды лайық көріп отырғанын айтып, академикке «Университеттің профессоры» деген атақты тапсырды.
Ұстазына деген ізгі тілектерін өзге де шәкірттері өлеңмен жеткізді. Ұстаз да ағынан жарылып, шәкіртері мен осы кешті ұйымдастырған университет ұжымына, демеушілік көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді.
Кеш барысында университет студенттері өлең оқып, кештің жақсы өтуіне атсалысты.
Дәрісхананың жабдықталуына С.Дүйсебаевтың әпке-жезделері, бауырлары мен ұл-қыздары демеушілік көрсетті.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист