Qoǵam

Әлеуметтік желіде сөзіңізге абай болыңыз!

Осыдан он жыл бұрынғы және қазіргі кезеңді салыстырып қарайтын болсақ, біз қолданып жүрген гаджеттердің сапасы мені түрі өзгеріп, жаңа заманауи телефондар нарыққа сатылымға шығарылған. Аз ғана уақыт болса да, осы аралықта ұялы телефондардың түр-түрі шығып, сапасына қарай көпшіліктің сатып алуына, таңдауына ерік берілуде. Бүгінде мектептегі баладан бастап үйдегі қариямызға дейін қолдарында бір-бір сымсыз телефон бар. Кез келген адам қолындағы смартфон арқылы айшылық алыс жерлерден жеткен хабарды әп-сәтте оқып, таныса алады. Әлеуметтік желі де парақшалар ашып, желідей ескен ақпараттарды лезде оқуға мүмкіндік бар. Тек қалтаңыздағы телефонның бірліктерін толтырып отырғаныңыз абзал.

Соңғы уақытта елімізде көпшілік әлеуметтік желіде аса белсенділік танытуда. Кейбір жұртшылық желіде адамға пайдалы ақпараттармен, нақыл сөздермен, жақсы жаңалықтарымен бөліссе, кейбірі жағымсыз пікір білдіріп жатады. Бірін-бірі мақтағандар да, даттағандар да осы жақтан табылады. “Отыз екі тістің арасынан шыққан сөз отыз рулы елге тарайды” демекші, желіде дұрыс не бұрыс айтылған пікір немесе оқшауланған ой көзді ашып жұмғанша көпшілік арасына жетіп үлгереді.
Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде әлеуметтік желілерде түрлі топтар ашып алып, бір-бірімен қызыл кеңірдек болып, шекесі қызып айтысып жататындар көбейді. Пікірі дұрыс болсын, бұрыс болсын, дәлелінің бар-жоғына қарамастан, көк езу болып, ақиқатқа таласатындар бар. Оны қоя бергенде, бір-біріне ғайбат сөйлеп, айналасын дақпырттап, бірін-бірі сотқа сүйреп жүргендер қаншама?!
Сотқа сүйреп демекші, бүгінде ауданда әлеуметтік желіде қазіргі тілмен айтқанда “фейк” парақшалар ашып, бір-бірімен айтысып, тартысып жатқандар көбейген. Жалған парақша арқылы желіде жалған ақпарат таратып, ар-намысқа тиіп, тіпті аяғы отбасылық дауға да ұласуда. Яғни, жалған ақпарат жарға жығады деген сөз дәл осы тұста алдымыздан шыға келеді.
Аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция бөлімшесіне осы уақытқа дейін тұрғындардан үш шағым түскен. Соның бірі туралы бізбен аталған бөлімшенің аға учаскелік полициясы Ержан Саурықов бөліскен еді.
Шағым үстіміздегі жылдың 12 тамызында түскен. Яғни, Фейсбук әлеуметтік желісінде Нариман Юлдашев деген азаматтың атынан жалған парақша ашылып, шағымданушы Г. деген азаматша туралы жалған ақпарат таратқан. Бұл іс бойынша қазіргі таңда жан-жақты іздестірілу жұмыстары жүргізілуде. Жалған парақша ашқан азаматқа іздеу салынып, хабарландыру берілген. Шағымданушының арызы назарға алынып, сот сараптамалық зерттеу жүргізілген.
-Көп адамдар әлеуметтік желіні дұрыс әрі мақсатты пайдаланса, кейбірі қауесеттер таратып, жалған ақпарат беруде. Олар мұның арты неге алып баратынын да білмейді. Әрине, уақыттың ағымынан қалуға болмайды. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ екенін естен шығармаған жөн. Құқық қорғау органына келіп түскен шағым бойынша толыққанды әрі жан-жақты іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Жалған парақша ашылып, Г. деген азаматты көпшілікке жағымсыз етіп көрсетіп, ар-намысына тиген. Арызданушының берген арызы негізінде зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Жамбыл облысы бойынша сот сараптамалары институтынан жауап та келді. Ендігі кезекте біз барша аудан тұрғындарынан аталған азаматтың атынан жалған парақшаны кім ашқанын болмаса бұл азаматтың кім екенін білетіндер болса, аудандық полиция бөліміне хабарласуды сұранамыз,- дейді аға учаскелік полиция Е.Саурықов.
Оның айтуынша, мұндай істерді дәлелдеу қиын екен. Әйтсе де олар заң аясында барлық жұмыстарды атқаруда. Сондай-ақ, ол өз сөзінде әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан азаматтар ҚР Әкімшілік кодексінің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын атап өтті. Яғни, жеке тұлғаға 180 АЕК айыппұл салынып, 20 әкімшілік қамақ қарастырылған екен. Ал, егер де жалған ақпаратты заңды тұлғалар таратса, 650 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Міне, жалған ақпарат жарға жықпасын десек, әлеуметтік желідегі сөзімізге абай болайық! Әлеуметтік желіде айтар сөзіңізді, таратар ақпаратыңызды байқап айтқан жөн. Өйткені, артық айтылып қалған бір сөз, бір әзіл, бір ақпарат қоғамда үлкен дау, арты өкінішке соқтыратын сілкініс тудыруы мүмкін. Біреуді айыптаймын деп өзіңіз айыппұл арқалап кетпеңіз….

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close