Qoǵam
Жақыныңызға жанашыр болыңыз!
«Иманды болсын», «Арты қайырлы болсын», «Арты той болсын», «Жақсы адам еді». Иә, осындай сөздерді соңғы кезде жиі естіп кеткен жоқпыз ба, осы? Жанымыздағы жақын адамымыздан айырылу жүрекке ауыр тиетіні рас. Індеттің салдарынан жас та, кәрі де бұл дүниемен қош айтысып, ұзақ сапарға аттанып кетіп жатқаны жасырын емес. Ащы шындық та осы.
Ал, осындай індеттің таралуына жол бермей «Тәртіпке бас иген, құл болмайды» нақылын қатаң ұстанып, екпені неге белсенділікпен салдырмаймыз. Әлде, міндетті түрде осы коронавирустан жақынымыздың өмірден өткенін өз көзімізбен көруіміз керек пе?! Қатты айтты демеңіз. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Тіпті, бұл дерттен қорғану үшін көптеген тәжірибелерден өткізіліп, вирустан сақтануға көмектесетін бірнеше вакциналар да ойлап табылды. Десе де, вакцина қазіргі таңда өз тиімділігін көрсетіп отырғанымен, оның адам денсаулығына беретін әсеріне күдікпен қарап, оны салдырғысы келмейтіндер де баршылық. Вакцина алу – індеттен құтылудың жалғыз жолы екені белгілі. Ал, екпе туралы қауесеттерге сенудің тіптен керегі жоқ. Бұл туралы мамандар ел арасындағы вакцина туралы теріс пікірлердің бәрі шындыққа жанаспайтынын айтады.
Менің ойымша, табиғатында адам баласы үрей туғызатын, жалған пікірлерге көп көңіл бөлетіні белгілі. Сол себептен жалған айтылған, теріс пікір тез тарайды. Ал медицина саласында арнайы білімі болмаған жағдайда, ондай ақпаратқа сену қиын емес. Халық арасында вакцинация жөнінде пікірлердің таралуына әлеуметтік желілердің, интернеттің кеңінен пайдаланылуы, онда жалған ақпараттың таратылуы әсер етіп отыр.
Мамандардың айтуынша, вакцинация жүргізгеннен кейін сал болып қалу жағдайлары қазіргі кезде тіркелмеген. Екпеден кейін тіркеліп жатқан қолайсыз көріністердің барлығына шұғыл хабарлама беріліп, арнайы тексеру жұмыстары жүргізіледі.
Көп жағдайда адамдар егілгендердің денсаулық жағдайының күрт төмендеуін, кейбір аурулардың пайда болуы, мысалы, балалар церебралды паралич немесе сал болуы, сондай-ақ аутизм сияқты ауруларын вакцина алуымен байланыстырып жатады. Алайда тексеру кезінде ол аурулардың екпемен еш байланысы жоқтығы анықталып, дәлелденген.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»