Qoǵam

Тұрмысымыз түзелмей, қоғам дамымайды

аз қамтылған отбасылардың тұрмыс жағдайы қандай?

Қай заманда, қай қоғамда болсын адамзаттың санасын тұрмыс билеген. Тұрмыстың тауқыметі бір басқа, одан басқа да қоғамдық мәселелер адамзатты әлі күнге толғандырып отырғаны жасырын емес. Әлеуметтік саясат, қарапайым халықтың жағдайы, оның ішінде аз қамтылған отбасылардың тұрмыстық ахуалы, елімізде осыған орайластырылған іс шаралардың орындалуы туралы мәселе біздің елімізде біраз жылдан бері көтеріліп келеді. Осыған байланысты игілікті жұмыстар мемлекет тарапынан биылғы жылдың басынан қайта қолға алынып отыр. Оның үстіне соңғы жылдарда елімізде орын алып отырған қымбатшылық, азық-түлік бағасының шарықтауы тұрмысы төмен, балалары көп отбасыларға елеулі әсер ететіні анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтік мәселелерге жеке тоқталғаны белгілі. Онда «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» деп аталатын бөлімде: «Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Алайда бірқатар шешімдер жан-жақты сарапталмай қабылданды. Нәтижесінде бұл патерналистік пиғылдың айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы бес жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан. Әлеуметтік көмекке бюджеттен төленетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті» деген болатын. Президент айтқандай, ең алдымен бұл көмек қарапайым халықты масылдықтан арылуға өз көмегін тигізуі керек. Әлбетте, әр адамның: «Алма піс, аузыма түс» деген пиғылдан аулақ болғаны жөн.
Осы ретте аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметі бойынша, жалпы жыл басынан бері ауылдық округтерде жұмыс жасайтын ассистенттер 34595 адамы бар 6290 отбасымен сұхбаттар жүргізген. Соның ішінен аз қамтылған отбасылардан барлығы 20900 адамы бар 4098 отбасынан өтініштер қабылданған екен. Сәуір айынан бастап шартсыз ақшалай көмекке 800 адамы бар 210 отбасы, шартты ақшалай көмекке 12528 адамы бар 2457 отбасы, барлығы атаулы әлеуметтік көмекке 13328 адамы бар 2667 отбасының өтініштері оң шешімін тауып, жалпы 1 млрд. 337 млн. 238 мың теңге көмек тағайындалып, төленуде.
Шартты ақшалай көмектің шарты бойынша жұмысқа қабілетті жұмыссыз жүрген 552 азамат орталықтың іс-шараларымен қамтылды. Тұрақты жұмыс орындарына (маусымдық, уақытша) – 136 адам, қоғамдық жұмыстарға – 259 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 88 адам, қайта даярлау, біліктілігін арттыру курсына – 53 адам, жастар тәжірибесіне – 16 адам тартылды. Қайырылған азаматтардан өтініштер қабылдау шартсыз ақшалай көмекке әр алты ай сайын, шартты ақшалай көмекке әр он екі ай сайын жүргізіледі. 14 ауылдық округте 7 ассистент және 1 консультант жұмыс атқарады.
Жамбыл облысы бойынша 2019 жылдың 3 тоқсанына ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 28 429 теңгені құрап отыр. Ағымдағы жылғы 1 қазаннан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін жүгіну тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде айқындалады. Ағымдағы жылдың 4 тоқсанына атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін қолданатын кедейшілік шегі 19 900 теңгені құрайды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтың 2019 жылғы 10 қыркүйегіндегі «Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу мәселелері туралы» №42 хаттамалық шешімін орындау мақсатында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының 2019 жылғы 23 қыркүйегіндегі № 21-ө бұйрығымен бөлімнің және халықты жұмыспен қамту орталығы мамандары қатарынан жұмысшы топтар құрылып, аудандағы барлық 14 ауылдық округте қайта ішкі тексеру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде учаскелік комиссиялардың атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жиынтық табысын есептеу жөнінде қорытындылары қайта зерделенуде. Аталған іс-шаралар атаулы әлеуметтік көмектің тек көмекке мұқтаж отбасыларына берілуін қамтамасыз ету, көмектің негізсіз және заңсыз тағайындалуына, төленуіне жол бермеу мақсатында жүргізілуде.
Аудан аумағында ауылдық округтерде іріктелген тексеру жүргізу нәтижесінде, оның ішінде үй-үйді аралау арқылы АӘК алушы отбасылардың жиынтық табыстарын және материалдық жағдайларын зерделеу барысында жалпы 250 дерек анықталды, оның ішінде табысын жасыру 169 факті (жеке қосалқы шаруашылығы жөнінде жалған мәлімет ұсыну), құжаттарында көрсетілген тұрғылықты мекенжайлары бойынша нақты тұрмайтын 81 отбасы анықталды. Тексеру жұмыстары жалғасуда.
Атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген аз қамтылған отбасылардың қатарында төрт бала тәрбиелеп отырған Өмірғали Бегалиев, сонымен бірге бес баласы бар Нәсиба Кенжеғараеваның да жанұялары бар. Аталған екі отбасы да аудан орталығы – Б.Момышұлы ауылында тұрады. Жақында мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың жағдайымен жақынырақ танысу мақсатында Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының бас маманы Нұржігіт Базарбаевпен бірге екі отбасына барған болатынбыз. Атаулы әлеуметтік көмекке жауапты маманның айтуынша, ауыл әкімшілігі тарапынан көмекке мұқтаж отбасылардың тұрмыстық жағдайлары қайтадан зерделеніп жатқан көрінеді. Осыған байланысты жақында әкімшілік қызметкерлері тиісті комиссия мүшелерімен бірлесіп ауылдың Жамбыл, Д.Қонаев, Н.Тұрысов, Б.Момышұлы көшелерін аралап шығыпты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.
Нұрлан Тұрысов көшесінің тұрғыны Өмірғали Бегалиев отбасында әйелі екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр. Өзі де, әйелі де жұмыссыздардың қатарында. Отбасының үлкен қызы мектепті бітіріп, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында медициналық университетке оқуға түсіп білім алып жатыр екен. Ал ең кішісі төрт жаста.
-Біз отбасымызбен біраз жылдар бұрын Өзбекстаннан Жуалы ауданына қоныс аудардық. Осы ретте қандастарды Қазақстанға шақырып, материалдық тұрғыдан көмек-қолдаулар жасап отырған ел билігіне, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа айтар алғысымыз шексіз. Ал биылғы жылы әр балаға төленетін мемлекеттік көмектің арттырылуы бәрімізді қуантып отыр. Өйткені, дәл қазіргідей қымбатшылық уақытта әр балаға төленетін көмек біздің отбасыға үлкен қолдау болып отыр. Иә, әр баланың тамағы, оқуға қажетті құралы, киім-кешегі бар. Оны біз сияқты тұрмысы төмен отбасыларға тауып беру оңай емес. Атаулы әлеуметтік көмекті сәуір айынан бері алып жатырмыз. Қазіргі таңда тұрмысымыз кішкене де болса түзеліп келеді. Алдағы уақытта мемлекеттен төленетін көмектің арқасында, қаржы-қаражатымыз артылып жатса шағын кәсіп ашып, ауламызда мал ұстасақ деген ойымыз бар. «Кәсібің – нәсібің» демекші, өз кәсібің болмайынша тұрмысыңды түзеу өте қиын екеніне көзіміз анық жетіп отыр. Осы ретте атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, жеңілдетілген несиелер берілсе деген тілегім бар. Сонда тұрмысымыз бұдан да түзелетін болады,- дейді Өмірғали Пірғалиұлы.
Нәсиба Кенжеғараева мен Орынбай Сақтағановтың да отбасы 2003 жылы Өзбекстан Республикасының Хорезм облысынан көшіп келген. Содан бері отағасы Орынбай әртүрлі жұмыстармен айналысады. Алайда табысы мардымсыз болғандықтан бес баланы тәрбиелеп, асырау оларға да қиындық тудырған. Осыдан екі ай бұрын бұл отбасында бесінші сәби дүние есігін ашыпты. Ал ең үлкені сегізінші сыныпта оқиды.
-Отбасымызда бес бала болғандықтан мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек аламыз. Үш баламыз мектеп қабырғасында оқиды. Оның екеуі ыстық тамақпен, киім-кешекпен, оқу құралдарымен қамтылған. Әр балаға қаржылай қолдау көрсетіп отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, аудандағы жергілікті атқарушы билікке айтар алғысым шексіз. Бұйыртса, алдағы уақытта отбасылық шағын кәсіппен айналыссақ дейміз. Осыған байланысты мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз,-дейді Нәсиба апай.
Сайып келгенде, әлеуметтік саясат мемлекеттің басым саяси бағытына жатады. Осы ретте бір атап өтерлігі, осыдан біраз жыл бұрын орын алған әлемдік дағдарыс кезінде еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз қандай қиын жағдайда болса да мемлекет әлеуметтік төлемдерді төлей беретіндігі жайында айтқан пікірі әлеуметтің әлеуетін арттыра түсетіні анық. Әлеуметтік төлемдерге зейнетақы, мүмкіндігі шектеулі жандарға төленетін төлемдер, басқа да жәрдемақылар жатады. Мемлекет тарапынан төленетін әлеуметтік төлемдер жыл сайын арттырыла беретін болса, қарапайым халықтың да тұрмыс жағдайлары біртіндеп жақсара түсетіні анық…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close