Qoǵam

Әр күніміз ізденіспен өтуде

Оқу – еңбектің бір түрі. Өйткені, оқу арқылы білім алып, керекті ақпараттардың қорын жинаймыз. Ал, бүгінгі уақытта оқу мен оқытудың онлайн форматы ешкімге таңсық емес. Оң, теріс тұстары бола тұра Қазақстан түгілі әлем елдерінің өзі онлайн оқу жүйесіне көшуге мәжбүр. Жағдай солай. Ал, еліміздегі онлайн оқу дәуірінің бірден-бір кейіпкері – студент. Қазіргі таңда жоғары білім алып, нағыз маман иесі боларлық студенттер қалай оқып жатыр? Бүгін біз замандастар үніне құлақ түріп, пікіріне ден қойдық.

Онлайн оқудың машақаты да, рахаты бар. Оны бір білсе онлайн оқыған жан біледі. Студенттің бірінде интернет байланысы нашар, екіншісінде техникалық мүмкіндіктер жоқ. Бірақ, соған қарамастан міндеті оқу болған соң «инемен құдық қазып» жатыр. Негізі қалай болғанда да, білім қайтып берілсе де, көкейге қонғаны маңызды. Енді студент жастардың пікіріне ден қоялық.
Алмат Дәрментай, Қазақстан-Британ техникалық университетінің 1- курс студенті:
-Әрбір адам үшін мектеп бітіріп, студенттік кезеңге көшу өте маңызды. Алтын ұя мектебімізбен қоштасып, жаңа ортаға бейімделуіміздің мінсіз өткенін бала кезден армандайтын едік. Бірақ, біз оқуды аяқтайтын жылы әлемде індет таралып, оқудың соңғы айлары онлайн форматта өтті. Тіптен, студенттік өмірді де онлайн форматпен бастадық.
Әрине, бастапқыда қиын болды. Мүлдем танымайтын ортамен телефон арқылы байланысқа шығу, құжатты онлайн өткізу, университеттік жүйені түсіне алмай біршама күн қиналдық. Шүкір, осының өзі біз үшін үлкен тәжірибе болды. Күн сайын қолымыздан телефон мен ноутбук түспесе де, әр күніміз ізденіспен өтіп жатыр. Бір ғана карантиннің арқасында бағалай білмейтін құндылықтарды көп адам түсінуде. Негізінен, біз үшін маңыздысы дүние, байлық емес, денсаулық отбасы екендігін тек осы карантиннің арқасында түсінгендейміз.
Рита Есенбай, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 1-курс студенті:
– Ұстаздың жүзі нұрлы жүз. Бірақ, сол нұрды терезенің арғы бетінен көру шәкірт атаулыға қандай әсер береді? Онлайн оқу кейбір студенттердің күйбеңі аралас тіршілікке білек сыбана кірісуіне әсер етсе де, білімнің нақ бір дәстүрлі түрдегі нәрін бірге алған жоқ.
Өз басым осы онлайн форматтағы оқу жылы басталғалы ауылдық жерде оқып жатырмын. Интернеттің азабын біркісідей-ақ тарттым. Күн жылынса ауылдан екі шақырым жердегі биік жоталы тауға барып, күн суыса амал жоқ ит арқасын қиянға шегіп, аудан орталығына келуге тура келеді. Басқа да студенттердің сары уайымына айналған жалғыз осы интернет!
Таң атты. Оятқыш даусының шырылынан оянған студент лезде ұялы телефонын қосты дағы, белгілі бір қосымшалар арқылы сабағына кірді. Бір сағат ерте оянып, боянып-сыланудың қажеті жоқ. Тек қана бір сілтемені бассаң болғаны, әп-сәтте лекция залына топ ете түсесің. Бұл – бүгінгі карантиндік онлайн оқудың күйі.
Жақсы оқитын студент болса, онлайн оқуда да жақсы оқиды. Ал, оқымайтын студент тіпті сол сілтемені басып, сабаққа кіруге де қиналады. Бірақ, жақсы оқитын студенттің өзі онлайн оқудан жалығады емес пе?! Көк экранның бетіне күндіз-түні телміруден кім шаршамайды?!
Арай Дәрментаева,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің
4 курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close