Qoǵam

Тұмаудың алдын алу

Күннің күрт сууына байланысты адамдар жоғарғы тыныс алу жолдарының ауруымен жиі сырқаттанады.
Тұмау – тыныс жолдарының жұқпалы вирусты ауруы. Күз мезгілінде адам ағзасында қажетті витаминдердің жеткілікті мөлшерде болмауына байланысты иммунитет төмендейді. Иммунитеттің әлсіреуіне әкелетін тағы бір себеп – дұрыс тамақтанбау. Қоршаған ортаның адам ағзасына берер пайдалы ресурстары мен тамақтану арқылы түзілетін дәрумендердің жетіспеуі салдарынан адам бойында әлсіздік пайда болады.

Тұмау ауруының алдын алу жолдары қандай?
Ең тиімді алдын алу әдісі – аталған вируспен толықтай күресе алатын тұмауға қарсы вакцина. Тұмауға қарсы вакцина егілген адамдарда инфекция жеңіл өтеді, асқынулар мен өлім-жітім жиілігі азаяды. Вакцинаны егуге қолайлы уақыт – қазан, қараша айлары. Вакцинаны алты айлық сәбиден бастап, жас шамасын шектемей ересектерге де егуге болады. Егуден кейін иммунитет 2 күннен 7-15 күн аралығында қалыптасады және ол ағзаны вирустан 6 айдан 12 айға дейін қорғайды.
Сонымен қатар, әрбір адам өздігінен дұрыс тамақтанып, дене шынықтырумен айналысып және таза ауада жиі серуендеуі қажет. Кез келген адам аталған вирусты жұқтырмау үшін тұмаумен ауыратын науқастардан бойын алшақ ұстауы тиіс.
Үйде және жұмыс орындарында қандай сақтық шараларын жасау қажет?
Ауа райының бірден өзгеріп, адам ағзасының әлсірейтін шағында тазалық гигиенасын қатаң түрде сақтау қажет. Бөлме ішінде қолайлы температура болған жөн. Киер киім мен ішер астың да жағдайын қадағалау керек. Үйде және жұмыс орнындағы бөлмелерді жиі желдетіп, ылғалды түрде жинастырып отыру тиіс. Ауа райына сәйкес киінуді ұмытпаған абзал.
Балаларды қалай қорғаймыз? Егер ауырып қалғанын байқасақ, не істейміз?
Тұмаудың мұрын бітелу, тамақ қарлығу, бас ауруы, түшкіру, температура жоғарылау, қалтырау, әлсіздік секілді басты белгілері байқалса, дереу учаскелік дәрігерге көрініңіз немесе жедел жәрдем қызметін пайдаланыңыз. Тіптен мүмкіндік болмаған жағдайда, температура көтерілсе алғашқы көмек ретінде парацетамол таблеткасын қолдануға болады. Одан әрі, өздігінен емдеу шараларын жасамауға кеңес береміз. Қоғамдық ортаға шыққанда балаларды қорғау үшін мұрын және мұрының сілемейлі қабығын оксолин майымен майлау қажет.
Тұмау ауруының асқынуы қаншалықты зиян? Тұмау ауруы дер кезінде емделмесе, аурудың асқынып кету қаупі бар. Тұмау вирусы уақытында оқшауланып, емдеу ісі жүргізілмесе, пневмония, отит, бронхит секілді ауруларға өтіп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, тұмау белгілері байқалса, дер кезінде дәрігерге қаралу қажет.

Нәзипа Әзімбекова,
аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы

Таңдаулы материалдар

Close