Qoǵam

Иманы берік елдің тірлігі осындай

Имандылық – адамгершіліктің, сыйластықтың, ұлылықтың, кісіліктің белгісі. Иман – адам бойындағы ізгі қасиет, қоғамның айнасы. Үлкенге құрмет – кішіге ізет деп жатамыз. Бірақ, бұл атаулардың барлығы дерлік имандылықтан бастау алары хақ. Имандылықтың айрықша белгісі ретінде қазіргі жастарымыздың қоғамда алып отырған рөлінен байқасақ та болады. Бұлай айтып отырған себебіміз, қазіргі алмағайып заманда жастарымыздың басқа діни ағым жетегінде кетуі үлкен мәселе болып отыр. Әйтсе де көпке топырақ шашуға болмайды. Осы орайда Үкіметіміздің де бұл мәселеде атқарып жатқан жұмыстары орасан зор екені бәрімізге аян. 2019 жыл атқарылған «Жусан» операциясы соның дәлелі десек, қате айтқанымыз емес. Одан бөлек, оңалту-түзету бөлімдерінің ел арасында атқарып жатқан жұмыстары, теолог мамандардың атқарып жатқан еңбектері орасан зор.
Соңғы кездері ауыл-аймақтарда имандылыққа баулу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Қазіргі таңда округімізде бой көтеріп жатқан қос мешіт соның дәлелі.
2019 жылдан бастап атқарылып жатқан бұл жұмыстар бүгінгі таңда округіміздің сәнін келтіріп отыр. Қосбөлтек ауылында бой көтерген мешіттің құрылыс жұмыстары 90 пайыз орындалып отыр.
Ал, Бақалы ауылында салынып жатқан имандылық үйінің құрылыс жұмыстары 50 пайыз атқарылды.
Еліміздегі орын алып отырған карантин режимі бұл жұмыстардың бәсеңдеуіне өз ықпалын тигізгенін айта кету керек. Осы орайда екі мешіттің көркеюіне ауыл жастарының қосып отырған үлесінің де мол екендігін айта кеткен жөн.
Сөз реті келгенде Қосбөлтек ауылында орналасқан мешітке қол ұшын беріп жатқан Көктөбе және Қосбөлтек ауылдарының үлкен аға буыны және жастары, қосымша жұмыстарына атсалысып, мешіт айналасына тал-дарақтар отырғызып және қосымша қаражат көзімен де үлкен көмек көрсеткенін айта кеткен жөн. Ауыл имамы Алғабек Сүгірбеков жастардың бұл мешітке сіңірген еңбектерінің ұшан-теңіз екенін қуана айтып, олардың имандылық тұрғысында дұрыс жолда екендігін айтады.
Бақалы ауылында бой көтерген мешітке келер болсақ, Теріс және Бақалы ауылдарының аға буыны мен жастары бірігіп, мешіт айналасына бір гектарға тал-дарақтар отырғызып, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті. Бұдан бөлек, құрылыс жұмыстарын атқарып жатқан азаматтарға азық-түлікпен, қосымша тамақпен көмек көрсетіліп отыр.
Осындай ауқымды жұмыстардың атқарылуы ауыл ақсақалдары мен жастарының имандылығын, ауызбірішілігін арттырмаса төмендетпесі анық.
Айтқымыз келгені имандылық ұғымын тек жай сөз мағынасында емес, осындай игі істермен амалдар жасасақ иманымыздың артатына кәміл сенемін.

Ержан Серкебаев,
Көкбастау ауылдық
округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close