Qoǵam

Ауылдың тазалығы – бәрімізге қатысты мәселе

Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында мысал келтіретін тұстар өте көп екені белгілі. Мысалы, Елбасы мақаласындағы «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» деп аталған алғашқы бөлімде былай делінген.
«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз қажет»,- дейді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы.

Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында да экология және биологиялық әркелкілікті қорғау мәселелеріне де баса назар аударылғаны белгілі. Онда қоршаған ортаны қорғау және экологиялық дамудың еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе екені айтылып отыр.
Біздің айтайын дегеніміз, Елбасы мақаласында айтылған ұлттық сананың қалыптасуы туралы пікірінен туындайтын тазалық, жалпы қоғамдағы тазалық мәдениеті туралы болмақ. «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды…» демекші, жалпы тазалық мәдениеті жайлы біздің газетімізде сыни мақалалар аз жазылып жүрген жоқ. Бұл тақырыпты қозғау арқылы қоғам мүшелеріне ой салсақ деген ниет біздікі.
Ауданда жыл сайын көктемгі және күзгі көріктендіру және көгеріштендіру, санитарлық тазалық екі айлығы жарияланып, осы айлық аясында жұмыстар атқарылып келеді. Арнайы сенбіліктер де ұйымдастырылып, онда аудан басшысынан бастап, қатардағы қызметкерге дейін тазалық жұмыстарына қатысып, тал-дарақтар егуге атсалысады. Бұл әрине, қоғам тарапынан құптарлық жұмыс. Ауыл гүлденсе, бәріміз гүлденеміз. Сайып келгенде, табалдырықтан басталған тазалық өзің тұратын ауылың мен көшеңнің таза болуының кепілі. Ауылыңыз бей-берекет қоқыстан таза болса, басқа ауылдарға да үлгі болатыныңыз даусыз.
Халқымызда «Тазалық – иманның жартысы» деген сөз бар. Қазақ халқы о бастан-ақ тазалыққа баса мән беріп, ұрпағына да осыны өсиеттеген. Бабаларымыз көшпенді өмір сүрсе де, өмір сүру салтында тазалықты бірінші орынға қойғаны белгілі.
Қазіргі қоғамда да тазалық жұмыстарына баса мән беріліп отыр. Көріктендіру, көгеріштендіру, сонымен қатар санитарлық тазалық жұмыстарына Үкімет басында отырған лауазымды тұлғалардан бастап, қарапайым халыққа дейін аталған мәселеге мән беруі, экологиялық тұрғыдан алып қарағанда өте жақсы үрдіс. Тазалықты сақтау үшін ең алдымен тәртіп керек. Тәртіп болмаған жерде ешқандай да тындырымды жұмыстың болмайтыны анық.
Ауданның тазалығына, оның көрікті де көркем болуына бәріміз жауаптымыз. Көзі қарақты азаматтар білсе керек, соңғы жылдары ауданымызда саябақтарға тал-дарақтар отырғызу, жаппай сенбіліктер аясында тазалық жұмыстарын жүргізу жұмыстары жүйелі жолға қойылып отыр. Соның нәтижесінде аудан орталығына кіреберіс аймақ, одан бөлек, көшелердің бойы, ескерткіш-тақталардың айналасы жасыл желекке айналып келеді. Бұл жұмыстардың атқарылуына әлбетте көктемгі және күзгі көріктендіру және көгеріштендіру, санитарлық тазалық айлығының тигізіп отырған әсері мол деп білеміз.
Тазалық және оны сақтау туралы тұрғындар арасында насихат жұмыстары қанша жүргізіліп жатқанымен, «Бұл менің жұмысым емес. Ауыл тазалығына менің қатысым қанша?» деген сыңайдағы ой-пікірлердің туындайтыны жасырын емес. «Тазалық табалдырықтан басталады» деген қағиданы алға ұстайтын болсақ, жалпы жұртшылық арасында мұндай кереғар пікірлер болмас еді, әрине.
Тазалық жұмыстарын тағы бір бағамдау үшін күні кеше ғана аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы бірқатар көшелерді көлікпен аралап шыққан болатынбыз. Орталық алаңнан аудандық орталық аурухана маңына қарай бағыт алып, орталық саябақтың тұсына келгенімізде, (саябақтың шығыс жағындағы ойпаң) жол шетінде тұрмыстық қалдықтардың жатқанын көрдік. Қалдықтардан бөлек, целлофан қалтада алкогольді ішімдіктен босаған шыны бөтелкелер де шашылып жатыр. Оны осы маңда тұратын немесе көлікпен осы тұстан өтіп бара жатқан адамдардың тастап кеткені анық. Одан әріректегі бұрылыстағы жол бойында жатқан қалдықтарды көрдік. Саябақ ауылдың сәні саналғанымен, саябақтың сыртына көңіл бөлмейтініміз қандай өкінішті. Мұндай сүреңсіз көріністерді ауылдың басқа көшелерінен де байқауға болады. Әсіресе, ауыл ішіндегі сай табандарында, көше қалтарыстарында шашылған қоқыстар көп. Кейбір үй иелері аулаларынан шыққан тұрмыстық қалдықтарды қапқа салып көшеге шығарып қойғанымен, бірақ қоқыс тасымалдауға жауапты мердігердің уақтысында келмейтін кездері де болады екен. Бұл да ауыл тазалығына кері әсер ететіні анық. Жалпы ауылдың тазалығына бәріміз жауаптымыз. Ауыл тазалығы бәрімізге қатысты мәселе.
Жалпы ауыл тазалығы жөнінде Б.Момышұлы ауылы әкімінің аппараты мамандарының да айтары бар.
-Аудан әкімінің 23 тамыздағы №318 қауылысына сәйкес көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын өткізу кезеңінде аудандық 39 мекемеге іс-шара жоспары жасалып, таратылған болатын. Күзгі екі айлық кезеңінде әр аптаның жұма-сенбі күндерінде сенбіліктер ұйымдастырылып, онда тазалық жұмыстарын өз деңгейінде атқару мақсатында қоқыстарды тазарту және тасымалдап шығару жұмыстары жүргізілуде. Сенбілік кезінде жиналған күл-қоқыстар «Арсенал» ЖК-ның «ГАЗ-53» жүк көлігімен тасымалданып, осы күнге дейін 180 тонна қоқыс шығарылды. Аталған мердігермен қоқыстарды тазарту және тасымалдап шығару үшін 1500 аула иелері келісім-шарт жасасып отыр.
Жалпы ауыл шегіндегі сауда нысандары мен тұрғындарға 90 дана ұсыныс-ескертпе таратылып, тазалық жұмыстарын жүргізу, қоқыс шығару, келісім-шартқа тұруды ұйымдастырып, осы бағытта әр көшенің өкілдері тұрақты жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылына қарасты Жамбыл, Рысбек батыр, Парасат, Жібек жолы көшелеріндегі тал-дарақтарды бұтау жұмыстары жүргізілуде,- дейді ауыл әкімі аппаратының бас маманы Нұрғазы Арымбаев.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close