Qoǵam
«Енелер» клубы ашылды
Жақында аудандық орталықтандырылған кітапханның «Білім» орталығында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастырумен «Енелер» клубының ашылуы болып өтті.
Клубтың мақсаты – әулеттегі ене мен келін арасындағы сыйластықты арттыру және отбасындағы татулықты ұстау, оның мәртебесін көтеру. Бала тәрбиесін халқымыздың ежелгі озық дәстүрлері негізінде жүргізу және оны бүгінгі заманның жетістіктерімен ұштастыру. Өскелең ұрпаққа ұмытылып бара жатқан қазақи салт-дәстүрімізді дәріптеп, кейінгі жас ұрпаққа насихаттау.
Шараны «Жастар ресурстық орталығының» жастар ісі жөніндегі инспектор-психологы Жадыра Ерғалиқызы ашып, клуб мүшелеріне клубтың мақсат-міндеттерін, алдағы атқарылар жұмыс жоспарларымен таныстырды. Клубтың төрайымы болып «Білім» орталығының кітапханашысы Шарипат Каниева сайланды.
Жиын барысында клуб мүшелері өз ойларымен бөлісіп, қазақ тарихында киелі отбасының қасиеті туралы баяндады. Бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруда аналардың маңыздылығы мен орны туралы айтылды. Сонымен қатар отбасылық өмірде кездесетін қиыншылықтар мен туындайтын мәселелер бойынша өзара кеңес беріліп, оларды толғандыратын сұрақтарға жауап берілді.
Жиынды «Енелер» клубының мүшесі аудандық орталықтандырылған кітапхананың абонемент бөлімінің кітапханашысы Назгүл Серкебаева қорытындылады.
Аудандық жастар
ресурстық орталығы