Qoǵam

Мемлекеттік қызметші барынша сыпайы болуы тиіс

Мемлекеттiк қызмет – бұл барлық мемлекеттiк басқаруды ұйымдастыруда жетекшi рөлге ие ең маңызды тетiктердiң бiрi. Мемлекеттiк қызметшiнiң моральдық бет-бейнесi мен әдебіне айрықша көңiл бөлiнуiнiң себебi – оның iскерлiгiн ғана емес, айналасындағыларға деген құрметi мен iзетiн де жетiлдiру. Себебi, мемлекеттiк қызметшiлердiң бiлiмi мен бiлiктiлiгiне және жүрiс-тұрысына қарай қазiргi қоғамда халықтың атқарушы билiк жайлы көзқарасы мен оған деген сенiмi қалыптасатыны да белгiлi.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөнінде белгілеген Ұлт жоспары – «100 нақты қадамның» алғашқы 15-i мемлекеттiк аппаратты кәсiбилендiруден басталады. Осыған орай, мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамаларға түбегейлi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлiп, қабылданған Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде әдептілік нормаларын бұзуға әкелетін және жемқорлық құбылыстар туындататын жағдайлардың алдын алу шаралары қарастырылған. Жүйедегi өзгерiстер сыбайлас жемқорлыққа төзбеушiлiктi қалыптастырып, мемлекеттiк менеджменттiң, халықтың алдындағы абырой-беделiн көтерiп, оның сапалы моделiн жасауға бағытталған.
Мемлекеттiк қызметтiң жаңа қағидаттары тиiмдiлiк, нәтижелiлiк, ашықтық, меритократия, әдеп талаптарын сақтау, құқықбұзушылыққа төзбеушiлiк сияқты бiрқатар iзгiлiктi құзіреттермен толықтырылған. Сондықтан, мемқызметшілер бойында тіл табысушылық, ұйымдастырушылық, ұжыммен бiрлесе жұмыс істей бiлу, мақсатты дұрыс анықтап, алдағыны болжау сияқты стратегиялық-логикалық қасиеттер де табылуы қажет. Осының iшiнде, әсiресе, әдеп мәселесiнiң маңызы зор деп айтсақ болады.
Мемлекеттiк қызметшiлер жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да Әдеп кодексiн ұстануы мiндеттi. Қызметкер барынша сыпайы, адал, сабырлы, салмақты, ұқыпты болуы және кез келген ортада өзiн iскерлiк стильге сай ресми түрде ұстауға мiндеттелген. Сондай-ақ, ол елiмiздегi тiлдерге, салт-дәстүрлерге сыйластықпен қарап, әдiл де заңды шешiмдер қабылдауы, жалған ақпарат таратпауы, сын айтқаны үшiн бiреудi қудаламауы және мемлекет меншiгiн тек қызмет бабында пайдалануы қажет. Мұнан бөлек мемлекеттiк қызметшi жемқорлық фактiсiне қатысты, тiптi, есiмiнiң аталуына жол бермеуi, қол астындағыларды кемсiтпеуi және қызметкерлердiң барлығына құрметпен қарауы тиiс.
Еліміздің мемлекеттік қызметшілерінің әдеп стандартын сақтауы сенімді түрде өркендеген, мәдениеті жоғары мемлекет болуға қол жеткізудің нысаны екендігін аңғартады. Сондықтан да, Қазақстанның мемлекеттік қызметшісі халықтың мемлекеттік органдарға сеніммен қарайтын, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыратын тұлға деп айтуға толық негіз бар.

Мақсұтбек АРЗЫМБЕТОВ,
аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close