Qoǵam

Рәміздерге құрмет – елге құрмет

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін танытушы, өткені мен болашақтың арасындағы сабақтастықтың айқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер қазақ халқының рухын көтеріп, ақсақалдардың даналығын мен бүлдіршіндердің арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі – еліміздің тарихын, мәдениетін, ұлттық құндылықтарын еске алу және оларға құрмет көрсету күні болып табылады. Бұл күнді атап өту арқылы қазақстандықтар Тәуелсіздік пен ұлттық бірегейлікті нығайтады. Мерекенің құрметіне мектептерде, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде және қоғамдық орындарда түрлі танымдық іс-шаралар өткізіледі.
Мен Мемлекеттік рәміздермен алғаш рет мектеп табалдырығын аттағанда таныстым. Сынып жетекші рәміздер туралы білуіміз керек екенін ескертіп, бізге Әнұранды жатқа айтуды үйретті. Жаңакүл апайымыз Әнұранды шырқаған кезде оң қолды жүрек тұсына қою қажет екенін түсіндірді. Ұстаз: «Сендер Қазақстанның болашағысыңдар, сондықтан да туған елімізді, жерімізді, Мемлекеттік рәміздерімізді қазірден бастап сыйлаңдар»,- деп құлаққа құйып отыратын. Еліміздің Әнұраны мектепте Білім күні және соңғы қоңырау салтанатында және жарыстан жеңімпаз атанып келген спортшы оқушыларды күтіп алар кезде орындалатын.
Мен өз елімнің Мемлекеттік рәміздерін құрметтеймін. Мемлекеттік рәміздерді сыйламау өз елін, халқын, тіпті, өзін-өзі сыйламайтын азаматтың ісі. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда мемлекеттік нышандарды құрметтей білсек, еліміздің болашағы жарқын болмақ.
Мемлекеттік рәміздер – елдің тарихы мен мәдениетінің маңызды бөлігі, Тәуелсіздіктің символы. Әрбір қазақстандықтың өз еліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімін арттыратын ерекше күн. Бұл мереке халықты ортақ іске біріктіріп, болашаққа деген сенімді нығайтады.
Еліміздің мәртебесі биік, Тәуелсіздігі мәңгі болсын!
Мемлекеттік рәміздерге халқымыздың құрметі арта берсін!
Айша Құдайқұл,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
веб-журналистика мамандығының 1-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close