Qoǵam

Жас маманның жұмыс істеуіне үлкен мүмкіндік

Бұл бағдарлама жоғары оқу орнын бітірген жастар үшін пайдасы көп. Алған білімін ауылдық жерлерді көркейтуге жұмсағысы келген жас маманға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуде. Бір реттік жәрдемақыдан бөлек, үйлі болуға мүмкіндік бар. Басты шарты – жас маман елді мекенде кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс.
Біздің ауданда да “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы сәтімен жүзеге асып жатыр. Бірі көтерме жәрдемақы алып жатса, енді бірі баспанамен қамтылуда.

Сәуле Нұрмаханқызының “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен жұмыс істегеніне биыл үш жылдан асыпты. Жас маман Түркістан облысының Ордабасы ауданында дүниеге келген. Бес жасында отбасымен Жуалы ауданының Көктөбе ауылына көшіп келіп, сонда білім алып, 2013 жылы Тараз қаласындағы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне оқуға түсіп, оны әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығы бойынша тамамдаған.
Бұл пән сол жылы ең алғаш ашылған мамандық болған соң оған Сәуленің өзі қалап түскен. Дипломын қолына ала салысымен Сәуле ұстаздық еңбек жолын ауыл мектебінен бастауды жөн көреді. Осылайша, ол аудан орталығындағы Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияға әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Оқушыларды білім нәрімен сусындата жүріп, әріптестерінен «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы туралы естіп-біледі.
Көп ұзамай аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне барып, бағдарламаға қажетті құжаттарды жинақтап, өткізген жас маман «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының шарапатын көреді.
Жас маманның сөзінше, жұмыс істеймін деген, ерінбеген әр адамға ауылдан да жұмыс табылады. Тек жұмысқа деген қызығушылық әрі бойыңда патриоттық, отансүйгіштік қасиеттер болса болғаны. Сонымен қатар, Сәуле «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы жас мамандарға өте қолайлы екенін және көтермеақыдан бөлек, жеңілдетілген несиемен тұрғын үй алуға болатынын айтады.
– Жас маман – кәсіби құзыреттілігі рухани жағынан дамыған, педагогикалық құралдардың барлық түрін меңгерген, өзін әрдайым кәсіби тұрғыдан жетілдіріп отыратын шығармашыл тұлға. Дана халқымызда «Жас келсе – іске!» деген керемет сөз бар. Сол сияқты мен де бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Жас болғаннан кейін әлі үйренеріміз көп. Мектептегі білікті ұстаздардан тәлім-тәрбие алуға тырысамыз.
Менің ойымша, мұғaлім жан-жақты бoлуы қажет. Мұғaлім – алдында отырған әрбір оқушының қандай көңіл-күйде екенін, oлардың әрқайсысының нені қалай қабылдайтынын біліп, оқушының тілін таба білуге міндетті дер едім. Мұғалім оқытудағы заманауи озық технологияны тиімді пайдаланып, білім саласындағы соңғы жетістіктерді оқушыларға дер кезінде жеткізіп отырса, сонда ғана тәрбиелі де білімді ұрпақ өсіріп, елімізге қызмет ететін азамат қалыптастырып шығаруға болады, – дей келіп Сәуле Нұрмаханқызы жастарды ауылда жұмыс істеуге шақырды.
Өз мамандығын мақтан тұтатын әрі құрметтейтін жас маман жұмыстан қолы қалт еткенде, нәзік жандыларға қызмет көрсетіп, тырнақ әрлеумен де айналысады. Одан бөлек, білімін әрдайым жетілдіріп отыру үшін көп кітап оқиды.
Иә, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы ауылға жастарды көптеп тарту үшін жасалып отырған игі бастама деп білеміз.

Лаура Мұсабекова,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close