Qoǵam

Білімділік – заман талабы

Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа, яғни біздерге бұйырған бақыт деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі күні қазақтың қарадомалақ балалары әлемдік деңгейде ел мерейін асыруда. Қарапайым ауылдан шыққан талай баланың жұлдызы жанып, қабілетімен дарындылар қатарына қосылуда. Қай кезде де мемлекет баланың үздіксіз дамуына барлық жағдайды жасап келуде. Соның бір нышаны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен 2022 жыл – Балалар жылы деп аталды. Яғни, барыс жылында ел ертеңі – өскелең ұрпақты қолдауға айрықша көңіл бө-лінуде.
Қазақтың данасы Абай Құнанбайұлы өзінің жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары… Біреуі – білсем екен демеклік. Бұл – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деп есейе келе, адам осы жан құмарлығын ұмытып, тек тән құмарлығына назар ден аударып кететіндігі айтылған. Осы ретте, Балаларға білім берместен бұрын олардың тәрбиесіне ерекше мән берілу керек. Барлық тәрбие отбасынан басталады.
Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, отбасында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Тәрбие жайындағы белгілі мәліметтер адам баласының тәрбиесіне сүйенеді. Сондықтан да, әрбір ата-ана отбасында баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, әр ортада өзін қалай ұстау қажеттігін айтып отырғаннан бөлек, оны көрсете отырып тәрбиелесе, ұядан көрген нәрсені бала еш уақытта ұмытпайды.
Баланы жастайынан білімге құштар етіп тәрбиелеу тек мектептің ғана емес әрбір ата-ананың борышы. Білімге құштарлық – өмірге құштарлық. Білімге құштарлық, негізінен, білімге жақын, ұдайы ізденіс пен жаңашылдыққа жаны құмар адамдардың бойында болатын асыл қасиет. Білімге құштарлық бір орында тұрып қалған шалшық су сияқты емес, үнемі қозғалып тұратын ағын су секілді пікірдегі қасаңдықтан, біржақтылықтан құтқарады. Жан-жақты, білімді жастар ғана елдің дамуына жол ашады.
Қазіргідей ақпарат заманында жан-жақты білімділік өзекті мәселе болып тұр. Білімділік – заман талабы. Қазіргі заманғы америкалық ойшыл Алвин Тоффлер «Жиырма бірінші ғасырда оқу, жазуды білмейтін адамдар сауатсыз емес, оқуды, үйренуді әрі қарай жалғастыруды білмейтін адамдар сауатсыз болып есептеледі» деп, ұдайы білімін жетілдіріп отырудың маңызын жеткізген.
Қай кезде болсын қоғам дамуындағы ең маңызды мәселе – білім беру. Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, төрткүл дүниедегі дамыған елдермен терезесі тең болуының ең басты ошағы білім болып табылады. Өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелесе, ол қоғамның болашақ иесі бола алады. Ұлы Абайдың «Артыңызға іс қалдырғыңыз келсе, ұрпаққа адамгершілік нұрын сеуіп, білімге тәрбиелеу керек» деген сөзі білім мен тәрбиенің қажеттілігі мен маңыздылығын айқындай түскендей. Өйткені, білім -өркениетке жеткізетін құрал.
Бүгінгі ұстаз қолында адам тағдыры, болашақ ел тағдыры тұрады. Сол себепті заман талабына сай шығармашылықпен, жаңашылдықпен сан қилы тәрбие жұмыстарын жүргізу – мұғалімнің басты міндеті екенін ұмытпауымыз керек. Болашақ – бүгінгі жастардың қолында. Ол білімді де саналы болса, алдыңғы қатарлы дамыған елдің жастарымен бәсекелестікке түсе алатын қабілетті болса, жан-жақты дамыған құзіретті тұлға болса, мемлекетіміздің іргетасы мықты, болашағы жарқын болары сөзсіз.
Қазақтың ұлы ханы Абылайхан айтқандай «Білекке сенер заманда ешкімге дес бермедік. Білікке сенер заманда қапы қалып жүрмелік!». Біліммен, қаламмен күресетін заманда сол білекпен, қылышпен күресе жүріп елінің азаттығын сақтап қалған ата-бабамыздың аманатын көзіміздің қарашығындай сақтайық. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры! Әрбір баланы оқуға, білімге шақыру, ол, біздің басты мақсатымыз!

Нұрмахан Тыныбеков,
Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close