Qoǵam
Жол құрылысының сапасы – мердігерлерге байланысты
өңірде көше жолдары жөнделіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда
Ауылдың дамуы мен тұрғындардың өмір сүруіне жасалатын қолайлы жағдайлардың барлығы ең біріншіден мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына келіп тірелетіні белгілі. Бұл ретте тұрғындардың сапалы өмір сүруіне және таза ауызсу, сапалы жол, көгілдір отын және электр энергиясымен қамтамасыз ету, одан кейін әлеуметтік нысандармен қамту сияқты игіліктерді ауылдың елді мекендерге жеткізу ісінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының маңызы зор.
Осыған сәйкес, 2023 жылы Жуалы ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында барлығы 27,7 шақырым автомобиль жолына орта жөндеу жұмыстарының жүргізілгені белгілі. Атап айтар болсақ, оның ішінде, ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында барлығы 18 көшенің жолы (ұзындықтары әртүрлі) орта жөндеуден өткізіліп, тұрғындарға және автокөлік жүргізушілеріне біршама қолайлы жағдай жасалған болатын. Бұл турасында былтыр газеттің сандарында тұрақты жазылып, жарияланып отырды.
Аудан орталығында және өңірге қарасты бірқатар ауылдық округтерде көше жолдарын жөндеу жұмыстары биыл да өз жалғасын табуда. Оған қазынадан тиісті қаражат та қаралып, мамыр айының басында жұмысты атқаруға жауапты мердігерлер де анықталған. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында өңірде әбден тозығы жеткен көше жолдарын жөндеп, кеңейтуге бөлініп отырған қаражаттың көлемі де қомақты.
Салаға жауаптылардың мәліметінше, биыл ауданда жалпы сомасы – 824 млн теңгеге 28 жобаның аясында көше жолдарының құрылысы жүргізілмек. Одан бөлек, жергілікті бюджеттің есебінен барлығы 10 жобаның аясында жалпы ұзындығы – 11 шақырым жол жөнделеді деп күтіліп отыр. Биыл өңірдегі жол құрылыстарына байланысты 38 жобаны жүзеге асыру мақсатында жыл басында мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс жарияланып, қазір жобаны атқаруға жауапты мердігерлер, сонымен қатар, техникалық қадағалаушылары да анықталды. Осыған сәйкес, мамыр айының алғашқы аптасында тапсырыс берушілер мен мердігерлердің арасында тиісті келісім-шарттар жасалып, оған қол қою рәсімдері де атқарылды. Бұл процесс жұмыс барысында маңызды рөл атқарады. Жол құрылысына жауапты тұлғалардың арасында нақты жұмыс кестесі де түзіліп, жол жөндеу жұмыстары да кестеге сәйкес атқарылу үстінде. Бір сөзбен айтқанда, жұмысқа жауапты мердігерлер ауа райының қолайлы күндерін пайдаланып, жол құрылысын уақтылы әрі сапалы аяқтаулары қажет.
«Жол – экономиканың күретамыры» дейтін болсақ, жол жөндеу – жауапты жұмыс. Олай болатыны, ел және өңірлер экономикасының жан-жақты дамуы тікелей сапалы жол және қолжетімді қарым-қатынас мәселелеріне келіп тіреледі. Сондықтан, жол жөндеу жұмыстары мен қарым-қатынасты арттыра түсу мәселелеріне Президенттен бастап, жергілікті атқарушы орган басшылары да баса назар аударып, жұмыстардың сапалы атқарылуына тұрақты бақылау мен қадағалау жасау үстінде. Бұл ретте жол құрылысына қоғамдық бақылаудың да маңызы зор екенін тағы да қайталап айтқымыз келеді.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында биыл ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтерде 30 шақырымнан астам көше жолдары мен ауыларалық жолдардың құрылысы жүргізілетінін сөз басында айттық. Ал өңірдің айнасы саналатын ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында тоғыз көше, жалпы ұзындығы бес шақырымнан асатын көше жолы орта жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Алғашқы көше жолдарының құрылысы мамыр айының 10-на таман басталып та кетті. Атап айтқанда, Б.Момышұлы ауылындағы Көктем және әл-Фараби көшелерінің жолына асфальт жабынын төсеу жұмыстары осы аптада толықтай аяқталады. Ұзындығы бір шақырымнан асатын аталған көше жолдарын жөндеуге жеңімпаз әрі жауапты болып мердігер – «ЖамбылДорМостСтройСервис» ЖШС танылған.
Жол монтаж-құрылысы саласында ұзақ жыл тәжірибесі бар тараздық мердігер компания ең алдымен ұзындығы 621 метр болатын Көктем көшесінің жолын жөндеуден өткізіп, келесі кезекте ұзындығы жарты шақырымға сәл жетпейтін әл-Фараби көшесінің жолын орта жөндеуден өткізу үстінде. Сейсенбі күні мердігерлермен жұмыс барысында әңгімелесудің сәті түскен еді.
Жол құрылысының басында «ЖамбылДорМостСтройСервис» ЖШС-ның жұмысшыларымен қатар, арнайы техника бірліктері де жұмысқа жұмылдырылған. Жол жөндеуге жауапты мердігер компанияның учаске бастығы Александр Поповтың айтуынша, жөндеу жұмыстарына барлығы 11 жұмысшы тартылған. Оның төртеуі механизатор болса, бесеуі әртүрлі жұмыстарды атқаратын жұмысшы, бір учаске бастығы және бір аспаз монтаж жұмыстарды бірлесіп атқару үстінде.
-Жалпылама айтатын болсақ, жол жөндеу жұмыстары кестеге сай атқарылу үстінде. Арнайы техникалармен қатар, жұмысшы күші де жеткілікті. «Volvo» маркалы қуатты асфальт төсегіш техникасы, одан бөлек, 10 тонналық каток, 16 тонналық ГРВ қуатты асфальт таптағыш техникасы, автогрейдер, грунттық таптағыш катоктар, су тасуға арналған техника, асфальт араластырғыш және жол құрылысына қажетті битум тасымалдайтын техникалардың барлығы бар деп айтуға болады.
Серіктестіктің жол жөндеу ісінде облыс көлемінде 20 жылдан астам мол тәжірибесі бар. Бұдан бұрын облыс орталығында және облысқа қарасты басқа да аудандарда бірқатар жолдардың құрылысын жүргізгенбіз. Биыл Жуалы ауданынан екі көшенің жолын ұтып алып, жұмыс атқарып жатқан жайымыз бар. Сәтін салса, міндетімізге алған екі көшенің жолын белгіленген мерзімде аяқтау жоспарда бар. Жол құрылысына қажетті негізгі материалдардан битум мен асфальт серіктестіктің өз зауытында өндіріледі,- дейді учаске бастығы Александр Андреевич.
Жол құрылысының сапалы атқарылуы өте маңызды. Сапасыз төселген кейбір көше жолдарының бір жылға жетер-жетпес уақытта ойылып немесе автокөлікпен жүруге мүлдем жарамсыз болып қалатынын күнделікті өмірде көріп те жүрміз. Сондықтан, қай істе де жанашырлық болмаса, жұмыстың сапалы атқарылуы екіталай дүние.
Айта кететін болсақ, сөз басында тілге тиек болғандай, былтыр аудан орталығында ірілі-ұсақты (барлығы) 18 көшенің жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Көше жолдарын жөндеуге жеңімпаз болып танылған тараздық мердігер компания «Қазына Құрылыс» ЖШС барлық көшеде дерлік жұмыстарды сапалы атқарды. Жөндеу жұмыстарынан кейін, жұмыстың сапалы атқарылғаны және көше жолдарының едәуір кеңейгені анық байқалды. Айналып келгенде, жол құрылысының сапалы жүргізілуі оған жауапты мердігер мекеменің басшысына тікелей байланысты. Осы тұста тараздық «Қазына Құрылыс» ЖШС-ның басшысы, іскер азамат Сағи Абдуалиевтың еңбегі мен жұмысқа деген жанашырлығын ерекше атап өткіміз келеді. Аталған серіктестік биыл да ауданнан бірқатар жол құрылыстарын ұтып алып, жұмыс атқару үстінде.
Одан бөлек, жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылуына техникалық қадағалаушы мекеменің де тигізер ықпалы зор. Бір сөзбен айтқанда, мердігерлер жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылуына баса көңіл бөліп, ел мен халық алдындағы жауапкершілігімен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытпағандары жөн. Биыл да өңірде жол құрылыстарын жүргізіп жатқан жауапты мердігерлерден осындай нәтиже күтеміз. Іске сәт!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»