Qoǵam
Вейпті тартқаның – болашағыңа балта шапқаның
Вейп – аккумулятор және буландырғыштан тұратын электронды сигареттің бір түрі. Шылымқорлар бұл аппаратты денсаулыққа ешқандай қаупі жоқ деп есептегенімен, жақында АҚШ-та алғашқы вейпердің өлімі тіркелді. Содан кейін тағы вейп-қолданушы төрт адам ажал құшты. Бірнешеуі белгісіз аурудың кесірінен аурухана төсегінен бір-ақ шыққан. Ендігі кезекте, АҚШ билігі барлық электронды сигареттің түрін қолдануға тыйым салуды көздеп отыр. Мұхиттың ар жағындағы мұндай жан түршігерлік оқиғалар біздің елге жеткен жоқ. Алайда, «жеткен жоқ» деп, одан әрі хош иістендірілген буға масайрап отыруға әсте болмайды.
Электронды темекінің кең тараған түрі вейп – девайстардың келесі ұрпағы. Оны қолдану үшін арнайы сұйықтық құйып, дәмі мен қаттылығын нақтылап қойсаңыз жеткілікті. Құрылғы сыртынан қарағанда сигараны немесе темекі тартатын түтікшені еске салады. Оны көбінесе шылыммен алмастыру үшін немесе есірткі заттарсыз хош иістендірген буды жұтуды қалайтындар қолданады. Алақандай көлемдегі кішкентай құрылғыдан пайда болатын ауруларды сусақпен санайтын болсақ, санынан жаңылуға болады.
Біріншіден, вейп құрамында тұрмыстық химия заттарында кездесетін пропиленгликоль бар. Оның адам ағзасына зиян келтірмейтіні туралы бірде-бір дәлелденген ақпарат жоқ. Екіншіден, онда глицерин кездеседі. Алайда, ол жанған кезде денсаулыққа қаншалықты әсер ететіні жөнінде зерттеулер жүргізілмеген. Адам не жұтады? Одан зиянды нәрселер бөлінеме деген маңызды сұрақтардың жауабы табылмады. Үшіншіден, вейптің құрамына аллергия шақыруы мүмкін хош иістендіргіштер кіреді.
Ғалымдар хош иістендіргіштерді зерттей келе, олардан 75% диацетил токсинді химикатының кездесетінін анықтаған. Аталған химикат өлімге жетелейтін «попкорнды ауруды» дамытады. Диацетил көптеген хош иістендіргіштерде (жемісті хош иістендіруде, кондитерлік өнімдерде, химиялық иіссуларда) кеңінен қолданылады. Диацетилді тағамдарға қосуға рұқсат болғанымен, оны көп уақыт бойы иіскеп жүру дертке шалдықтырады. Тыныс алу жолдарында артық проблемаларға жолыққыңыз келмесе, диацетилден сақ болған жөн!
Пропиленгликоль ағзада жиналып, аллергиялық реакция тудырады. Арты іріңге ұласып, бауыр мен бүйрек жұмысына зақымын тигізеді. Акрелеин көздің шырышты қабаты мен тыныс алу жолдарын тітіркендіріп, көз жасының тоқтамай ағуына, мутагендік сипатқа әкеледі. Ал формальдегид орталық жүйке жүйесіне әсер етеді. Сұйықтықтағы хош иістендіргіштер аллергиялық дерттер тудырып, демалу жолдарынан бастап, бронхты демікпеге дейін жеткізеді дейді мамандар. Бір сөзбен айтқанда, вейпті қолдану психологиялық тәуелділікке алып келеді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған соңғы мониторингтік көрсеткіштерден еліміздегі жастардың басым бөлігі вейп тартуға ден қойғаны анық байқалады. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық көмектерді ұйымдастыру департаментінің басшысы Гүлнәр Сәрсенбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта 300 мыңнан астам қазақстандық жасөспірім вейп тартудан пайда болған тыныс жолы ауруларының диспансерлік есебінде тұр.
Әлем елдерін алаңдатып отырған бұл мәселені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тыйым салу арқылы тоқтату мүмкіндігін қарастырып отыр. Бүгінгі күні 33 ел вейптерді сатуға тыйым салса, 79 ел вейп және электронды темекі өнімдерін қоғамдық орындарда тұтынуға, оларды жарнамалау мен демеушілік танытуға және насихаттауға бөгет жасауда.
Вейпті қолданудан адам өміріне орасан зиян келетін білдік. Ендігі бұған тыйым салу шаралары біздің елде де қолға алынғаны белгілі. Ағымдағы жылы Президент вейпке тыйым салатын заңға қол қойды. Денсаулық сақтау мәселесіне қатысты заңда темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға және таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу қарастырылған. Бұл норма ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Демек, сәуір айында бекітілген заң маусым айынан бастап күшіне енбек.
Жаңа заңға сәйкес, вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік мынадай түрлері қарастырылады. Вейпті сатқаны үшін ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу, әкеліп, таратқаны үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру, қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде жасалған, бiрнеше рет жасалған әрекет үшiн бес жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы бекітілді.
Сонымен қатар, осы заңның аясында медициналық қызметкерлерге емделушінің жеке ерекшеліктеріне қарай емдеудің оңтайлы әдістерін таңдау мүмкіндігін беру үшін медициналық көмек көрсету кезіндегі міндетті клиникалық хаттамаларды қолдану алынып тасталады. Осы орайда тыйым салу шаралары уақытында қолға алынғанымен, вейп және электронды темекіні жасырын сататын фактілердің де тіркелгенін айта кету керек. Вейпті қолданған әрбір жастың болашағына балта шаппай, оларды жаман әдеттен жирендіру – күн тәртібіндегі мәселе.
Рашид КЕМЕЛБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
қазақ журналистикасы ББ-ның ІІІ курс студенті