Qoǵam

Батыр мұрасы музейде көздің қарашығындай сақтаулы

Сан ғасыр сар далада самалмен жарысып, елін, жерін сыртқы жаудан қорғап қалуды ойлаған қазақ деген қайсар халықтың құтты құрсағы ұлылар мен дарындардан құрғап көрген емес. «Халқымның қарапайым бір ұлымын, жанымды арым үшін құрбан еткен» деген қағиданы өзінің өмірлік ұстанымы етіп алған, өткенін салмақтап, бүгінін бағалап, ертеңін бағдарлай білген халықтың ұрпағына арқалатқан аманаты – отансүйгіштік, ұлтжандылық секілді асыл қасиеттер еді.

Міне, осындай сирек қасиеттердің көз сүрінер биік шыңына шыға білген Бауыржан Момышұлы есімінің бәсін түсірмей, биігін аласартпай мақтанышпен айта аламыз. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын, дәлірек айтқанда, 1910 жылы Жуалы жұрты өзінің тау тұлғалы перзентін дүниеге әкелген еді. Халықтың қайнар бастауынан қаһармандықтың дәмін қанып ішкен Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысында Отанға қарсы келген қас дұшпанды қаймықпай бағындырып еді. Оның арманы да, мақсаты да – елін теңдікке жеткізу болатын. Баукең қан майданда стратег қолбасшы ретінде ерліктің өнегелі үлгісін көрсетті.
«Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген ұран сөзбен жауынгерлерінің жігерін қайрап, оларға күш-қайрат бере білді. Өзінің өшпес ерлігінің, хас батырға тән өр мінезінің арқасында «Қазақ» халқының атақ-даңқын жұмыр жаһанға жария етіп, намысын найза еткен қайсар ұлт екенімізді дәлелдеп кетті. Ұлыларын ұмытпай, ұлықтайтын ұлт емеспіз бе?! Бауыржан Момышұлы деген ұлы есімді алақандай жүректің төріне орналастырған халықпыз. Бүгінде Бауыржанды даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, қазақтың көрнекті жазушысы ретінде әлем таниды. Ол тек Жуалы жұртының ғана емес, бүкіл қазақтың біртуар, мақтан тұтар азаматы.
Халықаралық музейлер күніне орай Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейі туралы аз-кем әңгімелейтін болсам, музей 1995 жылы 5 мамырда ашылған. Мәдени орталықта тұғыры биік тұлғаның тұтынған заттары, кітаптары және сыйға алған заттары құнды жәдігер ретінде қойылған. Әрбір жәдігер Батырдың өмірінен және Ұлы Отан соғысынан сыр шертеді.
Музейдегі жалпы жәдігерлер саны – 1 156. Жыл өткен сайын музей қоры жаңа жәдігерлермен толығып келеді.
Экспозицияда Бауыржан Момышұлының суреттерінен жасалған фотоколлаждар, әскери киімі, гвардиялық белгісі, белдігі, бейбіт кезде киген киімдері, пайдаланған заттары, өз қолымен ойған оюлары, альбомы, алған құрмет грамотасы, Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы Президент Жарлығы, «Ғасыр саңлағы» және «Ғасыр қаһарманы» атағы берілгендігі туралы құжаттары, домбырасы, жатқан төсегі, жұмыс бөлмесіндегі заттары (үстелі, орындығы, ағылшын машинкасы, майшамы, қаламсалғышы, аспалы шамы, күлсалғышы, мүштігі, сувенирлері), кітаптары, сағаты мен тамақ ішкен ыдыстары, журнал үстелі, т.б.заттары бар.
Музейдің кіреберісінде «Баукеңнің қарулас жерлестері» аталатын бұрышта Ұлы Отан соғысына қатысқан өңір ардагерлерінің фотосуреттері (тек туыстары өткізгендердің суреті) ілініп, құжаттары, хаттары, алған медальдары, ордендері, төсбелгілері, марапаттау қағаздары, Алғысхаттары қойылған.
Батырдың мемориалдық музейі ғылыми және ағартушылық қызметпен айналысады. Жергілікті мектеп оқушылары үшін мұражайда көрмелер, экскурсия, лекция, әңгімелесулер және музыкалық-әдеби кештер өткізіледі. Әскер қатарына алынған жастарды музейден шығарып салу дәстүрге айналған.
Қаламқас БЕРІКОВА,
Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің меңгерушісі.
Қайрат ауылы

Таңдаулы материалдар

Close