Qoǵam
Балалар дәрігері – болашақ қамқоршысы
Бүгінгі бала – ертең еліміздің тұтқасын ұстар азамат, мемлекеттің болашағы. Сондықтан болашақ иелерінің жаны мен дені сау болып өсуі аса маңызды.
Бұл дүниеде сәбиден пәк, сәбиден таза, сәбиден адал кім бар? Бір қызығы, баламен жұмыс істейтін үлкендердің, мысалы, тәрбиеші-мұғалімдердің де бойларында кішкентайларға тән қасиеттер аңғарылып қалады. Бала дәрігері де солай. Алдына ауырып келген баланы құшақтап, еркелетіп, аялап отырып қарайтын ақ халатты абзал жанның жүзінен де жылылық есіп тұрады. Осы ретте кішкентай бүлдіршіндердің қамқоршысы, аудандық орталық аурухананың балалар бөлімінің меңгерушісі, балалар дәрігері Нұрәлі Талапұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.
-Нұрәлі Сансызбай, алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз?
-Мен Павлодар облысының Баянауыл ауданы Құмдыкөл ауылында дүниеге келдім. 2014 жылы Қарағанды медициналық университетіне жалпы медицина мамандығына оқуға түстім. Оқу орнында оқып жүріп, балалар ауруханасында алғаш санитар, әрі қарай мейіргер болып жұмыс істеп, біршама тәжірибе жинақтадым. 2019 жылы жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын алып шықтым. Әрі қарай Алматы қаласындағы Қазақстан-Ресей медицина университетінде резидентураны балалар дәрігері мамандығымен екі жыл оқыдым. Дипломымды алып, Алматы қаласындағы емханалардың бірінде педиатр дәрігері болып жұмыс істеп, өткен жылдың тамыз айында Жуалы аудандық орталық аурухананың балалар бөліміне меңгеруші болып жұмысқа орналастым.
-Дәрігер мамандығын таңдауыңызға не себеп?
– Бала күнімнен балалар дәрігері болуды армандадым. Анамның мамандығы жалпы тәжірибелі дәрігер. Анамның қолдауымен және өзімнің жүрек қалауымен осы мамандықты таңдадым. Анам үнемі өзінің білгенін маған үйретуден жалыққан емес. Өмірлік жарым да жалпы тәжірибелі дәрігер. Әкем болса, ветеринар болып жұмыс істейді.
-Өзіңіз білетіндей, бала жаны жұмбақ әлем. Кішкентай сәбидің, естияр баланың саулығын білу үшін сезімталдық қасиет те керек. Ал өмір үшін күреске толы мамандықты игеруге екінің бірі келмейтіні анық. Осы орайда, балалар бөлімінің тыныс-тіршілігі жайында айтып берсеңіз…
-Бала дәрігері болуға екінің бірінің батылы жетпейтіні рас. Сырқатын айтуға тілі жоқ сәбидің ауруын табу үшін байқампаз, қырағы болу қажет. Ол үшiн баланың тәнi мен жанын жақсы бiлуiң керек. Ал, бала дәрiгерiнiң болмысы бөлек. Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі артуда. Бұрынғыдай ата-аналар әр емханаға барып сабылмайды. Балалар бөлімінде барлық ауылдардан сырқатпен жеткізілген балаларға жедел және жоспарлы түрде қызмет көрсетіледі. Облыстық ауруханаға ауыр халдегі сырқаттарды жібереміз.
Қазіргі таңда бөлімде алты мейірбике жұмыс істейді. Мейірбикелердің барлығы тәжірибелі мамандар. Сонымен қатар, бөлімде бес тазалықшы, бір асханаға жауапты қызметкер бар. Балалар бөлімі 24 орынға лайықталған. Балалардың өмірін арашалап қалуда мамандар қолдан келген көмекті аямай еңбек етуде. Оған қызметкерлердің біліктілігі де, мекеменің техникалық базасының қуаты да жеткілікті деп айта аламын.
-Бөлімге балалар, көбінесе, қандай ауру түрімен жатқызылады?
-Біздің бөлімге көбінесе пневмониямен, тыныс алу жүйесі, жүйке жүйесі және зәр шығару жолдары ауруымен ауыратын балалар жатқызылады. Алдымен балалар емханадан рентгенге түсіп, соның жауабын және учаскелік дәрігерлерінің қағазымен келеді. Ал, кейбір балалар бізге жедел түрде түседі. Балаларды қабылдау бөлімінде кезекшілікте отырған дәрігер қабылдап, бізге жолдайды. Біздің бөлімге 0-17 жас аралығындағы балалар жатқызылады. Қазіргі таңда бөлімде 19 бала ем алуда.
-Қазіргі таңда балалар бөлімінің қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі қай деңгейде?
-Иә, қазіргі таңда бөлімге қажетті құрал-жабдықтың барлығы бар. Балалардың жағдайын бақылау үшін жағдай жасалған. Арнайы дәрі егу кабинетінде құрал-жабдықтар жеткілікті. Бұрын бөлім бойынша екі ингаляция аппараты болған екен. Қазір ол аппараттың санын беске жеткізіп отырмыз. Асханада жағдайда жасалған. Алдағы уақытта балаларды толыққанды тексерістен өткізу үшін тағы да жаңа аппараттар алынбақ.
-Жыл басынан бері балалар бөлімінде қанша бала ем алып шықты?
-Үш айдың ішінде біздің бөлімде 300 бала әртүрлі сырқаттарымен ем алып, жағдайлары жақсарып шықты. Бөлімде бір баланың бір курстық ем жеті күн. Кейбір бала жеті күнге жетпей бес күн ішінде жағдайы жақсарса, үйлеріне шығады.
-Өткен жылмен биылғы жылды салыстырып өтсеңіз?
-Өткен жылы біздің бөлімде ауырған балалардың саны биылға қарағанда аз болған. Биыл жыл басынан бері балалар пневмониямен көп ауырып түсті. Олардың ішінде 10 күндік, бір, екі айлық сәбилер бар. Ауа райы бір жылып, бір суып тұрған соң балалар көп ауырып жатады. Бөлімде балалар бес жасқа дейін анасымен бірге жатуға рұқсат етілген. Бес жастан жоғары балалар өздері жалғыз жатады. Бұл – аурухананың ішкі ережесі. Ауырып жатқан балаларға тәтті бергізбеуге тырысамыз. Оларға қайнаған су көбірек беру керек. Біз үшін әр баланың тез сауығып, аман-есен отбасына оралғаны маңызды.
-Жалпы, балалар дәрігері ретінде аналарға қандай кеңес айтар едіңіз?
-Бірінші кезекте, бала уақтылы екпе алуы тиіс. Өйткені, әр екпенің өз уақыты бар. Дер кезінде екпе салдырмаса, екпенің сол ауруға төзімділігі төмендейді. Уақтылы екпе алмаған соң балалар арасындағы түрлі жұқпалы аурулар қайта өршіп жатыр. Кейбір ата-аналар бала денсаулығына немқұрайдылықпен қарайды. Бала – әр отбасының болашағы, ұрпақ жалғастырушысы. Екіншіден, балалар арасында тазалықты қатаң сақтау керек. Қазіргі таңда аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінде қосымша неонатолог болып жұмыс істеймін. Дүниеге шыр етіп келген сәбилердің денсаулығын бақылаймыз. Аналармен сөйлесіп, дәрігер ретінде бала күтіміне байланысты кеңестер айтылады.
-Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
-Алға қойған жоспарларым көп. Соның бірі – тәжірибелі балалар дәрігері болу. Ол үшін басқа мемлекеттің балалар дәрігерімен тәжірибе алмассам деймін. Өйткені, өзге де тәжірибелі балалар дәрігерілермен тәжірибе алмасқанның пайдасы көп. Балалар дәрігері болу оңай емес. Дәрігер үнемі ізденіс үстінде болуы тиіс.
-Әңгімеңізге рақмет, жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»