Qoǵam
Нүктелі массаждың пайдасы мол
Массаждың адам ағзасы мен денсаулығына әсері көп. Оның гигиеналық, классикалық, емдік, сегменталды, балды, нүктелі және тағы да басқа көптеген түрлері бар. Соның ішінде нүктелі массажға тоқталғым келіп тұр. Жалпы нүктелі массаж – организмнің биологиялық активті нүктелеріне әсер ететін массаж түрі. Массаж жасаған нүктеде терінің температурасы көтеріліп, электр өткізгіш қабілеті жоғарылайды.
Осы орайда біз нүктелі массаж туралы мәлімет алу үшін жақында Нұрлыкент ауылынан өзінің массаж жасайтын жеке кабинетін ашқан Сәуле Ибрагимовамен әңгімелескен болатынбыз.
– Жалпы массаж осыдан 4000 жыл бұрын пайда болған деседі. Араб тілінен аударғанда «сипалау», «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ал нүктелі массажға келер болсақ, Шығыс медицинасында массаждың бұл түрін «меридиандық» немесе «каналдық массаж» деп атайды. Меридиан дегеніміз – адам денесіндегі стандартты каналдар. Ол каналдарды Қытай медицинасында «джингмай» және «ломай» деп атайды. «Джингмай» сол каналдардың негізгі діңгегі деген мағынаны білдірсе, «ломай» оның тармағы деген сөз, – деп әңгімесін бастады маман.
Нүктелі массажды ғылыми тілде басқаша акупунктура немесе акупрессура деп те атайды екен. Аталаған массаж инемен емдеу әдісіне ұқсас, жүйке ұштарын тітіркендіреді. Оны жасағанда әртүрлі тәсілдер қолданылады. Ол қоздыру және тежеу деп екі түрге бөлінеді. Олардың өзіндік жасалу тәсілдері бар екен.
-Нүктелі массаж ауруды жойып, ағзаға көмек беру бағытында қолданылады, яғни массаж жасау арқылы адамның денсаулығын жақсарту. Массаждың бұл түрі басқалардан өзгеше. Нүктелі массаж организмнің биологиялық активті нүктелеріне әсер етеді. Клиникалық тәжірибе және эксперименталды зерттеулер нүктелі массаждың әсерінен организмде айтарлықтай өзгерістер болатынын дәлелдеді. Қазіргі кезде ғалымдардың айтуынша, адам бойынан 695 нүкте табылған. Олардың тек 140- 150-ін ғана массажға қолданып жүр. Жалпы нүктелі массаж әртүрлі ауруларды емдеуге, спортта тірек-қимыл, буын зақымданған кезде денені босаңсытуға, биологиялық активті нүктелердің тиімділігін артыруға, басқа бір нүктелердің жұмысын тежей тұру тәсілімен қолданылады.
Жалпы адам денесіндегі негізгі нүктелер меридианның бойында жатады. Меридиандар 14 түрлі болады. Оның ішінде он екісі стандартты меридианға жатады. Мысалы, үлкен саусақтың ішкі қыры өкпе каналы болып саналады. Ол тыныс жолдарының ауруларына жауап берді. Сол сияқты қуықтың каналы бастың артқы жағын айналып, ішкі және сыртқы симметриялы түрде аяқтың башпайына дейін келеді. Нүктелер сол каналдардың бойында орналасады. Сол сияқты біз әр аурудың нүктелерін меридиандардың бойынан анықтап, ем тағайындай аламыз, – дейді массажшы Сәуле Ахметқызы.
Нүкте массажын жасауды алғаш Сәуле Нұр-Сұлтан қаласындағы жеке клиника “SAQTA” да оқыған. Ұстазы Қытай медицинасынын білікті маманы, бакалавр дәрежелі дәрігер доцент, невропатолог Қамбарбек Мақсат. Қолына сертификатымен куәлігін алған жас массажшы Нұр-Сұлтан қаласында тәжірибе жинақтау үшін жұмыс істейді. Уақыт өте келе Тараз қаласынан нүктелі массаж орталығын ашады. Әрі қарай өз кәсібін туған жері Нұрлыкент ауылынан ашу мақсатында жалға ғимарат алады. Сөйтіп ақпан айында нүктелі массаж кабинетінің ашылу салтанаты өтеді. Ауылдық округ әкімі нүктелі массаж орталығының лентасын қиып, жас кәсіпкерге сәттілік тіледі. Жас кәсіпкер ауыл тұрғындарына бір пайдам тисе деген оймен, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде.
Сәуле Ахметқызы ауыл тұрғындарына массаждың тоғыз түрінен қызмет көрсетеді. Сәуле сол ауылдың тумасы. Көпбалалы отбасынан шыққан. Анасы «Алтын алқа» алқасының иегері. Өзі жалғызбасты ана.
– Массаждың әсеріне келетін болсақ, бір курс адамның диагнозына байланысты ең аз дегенде 1 апта уақытты алады. Мысалы, белі ауыратын кісілерге нүктелі массаж бір сеансына 20-25 минут жасалса, инсульт алған науқастарға 50 минутқа дейін жасаймыз. Белге жасалатын массаждың нәтижесі бірінші күннен-ақ көріне бастайды. Бірақ оны түбегейлі емдеу үшін бір апта немесе 10 күн ем тағайындаймыз,
Ал, балаларға жеңіл массаж жасалады. Кішкентай балаларға массаж аяқтан басталса, үлкендердің мойын омыртқасынан бастап жасалады.
Нүктелі массаждың өзіне тән емдік қасиеттері бар. Механикалық тітіркендіру арқылы адамның денесіндегі биологиялық активті нүктелерге әсер етеді. Сол арқылы емнің нәтижесіне жетуге болады. Адам ағзасына дәрі-дәрмектер сияқты әсері болады. Ауырсынуды басуға көмектеседі.
Адамның қан айналымын жақсартып, кеңейтеді. Қабынуға қарсы, сөлді ағызатын ауруларды емдеуге, қан қысымын түсіруге септігін тигізеді. Шаршағанды басады.
Қазіргі таңда 30 шақты тұрғынға қызмет көрсетудеміз.Олардың ішінде екінші курсқа келіп жүргендер де бар. Ауылдың бір тұрғынын жұмыспен қамтудамын. Өзім оқытып жатқан үш ауылдың тұрғыны бар. Олар да жақында сертификатпен куәлік алып, жұмыстарына кіріседі. Жалпы үш адамды жұмыспен қамту жоспарымда бар.
Нүктелі массаж курсының бір күндік қызмет ақысы да әртүрлі. Ол науқастың ауруына, қойылған диагнозына байланысты. Жалпы 1500 теңгеден басталады, – дейді жас кәсіпкер.
Біздің бағытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты. Дертке шалдыққанша денсаулықтың қадірін ешкім білмейді. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»