Qoǵam

Азаматтар құқықтық көмек алды

Аптаның алғашқы күні аудан әкімдігінің кіші залында облыс прокурорының орынбасары Әділ Кәрім азаматтарды жеке мәселелерімен қоғамдық қабылдау өткізді. Құқықтық көмек беру мақсатын көздеген шараға ауданның құқық қорғау және жергілікті атқару органдарының өкілдері қатысты.

Қоғамдық қабылдауға ауданның әр өңірінен жазылған тоғыз азаматтың сегізі келіп, өз сұрақтарын қойды. Олардың төртеуі азаматтық-құқықтық сипаттағы, қалған төртеуі әлеуметтік мәселелермен қайырылды. Мәселен, Көлбастау ауылының тұрғыны Бағила Ергебекова ауыл тұрғындары атынан аудандық полиция бөлімінің мал ұрлығын ауыздықтау жөнінде атқарып жатқан істерін білгісі келсе, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Мөлдір Сейітбекова қалтасынан байқаусызда түсіріп алған ұялы телефонын екі жылдан бері таба алмай жүргенін айтты.
Мыңбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы-қаржы агенті Әділет Толыбаев айыппұлдарды өндіріп алуға округтің қаржы мамандарымен бірге сот орындаушылары мен учаскелік полиция инспекторларын қатыстырып, өндіру шараларының ықпалын арттыруға болатынын жеткізді.
Келесі кезекте аудан орталығында қоғамдық ақылы жұмыста істейтін Әйгерім Жұмағұлова өзінің жас отбасы екенін айтып, банктен ипотекалық несиеге қол жеткізе алмай жүргеніне арызданды. Осы ретте аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы ауданда алдағы жылдан бастап 60 пәтерлі он үйдің салынатынын айтып, халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы баспана кезегіне жазылуға кеңес берді.
Қарасаз ауылынан келген Бақыт Дауылбаев қайтыс болған анасы сатып алған үйді рәсімдеу кезінде қиындықтарға тап болғанын айтып, құқықтық кеңес сұрады.
Облыс прокурорының орынбасары Әділ Әбдіқадірұлы қабылдауға келген әрбір азаматтың арызын мұқият тыңдап алып, оның шешу жолдарын аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағымен, аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлымен, ауданның полиция бөлімі басшысының орынбасары Дархан Нұралиевпен және басқа да лауазымды тұлғалармен кеңесе отырып, ұсынды.
Қабылдау соңында облыс прокурорының орынбасары Әділ Кәрім келген азаматтың өтініші назарға алынып, нақты жауабы тиісті органдар арқылы берілетінін жеткізді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close