Qoǵam
Безгек ауруы туралы не білеміз?
Безгек ауруы – инфекциялық қан ауруы. Аталған ауру адамның қанынан безгек паразиттерін сорып алатын шыбын-шіркейлер, маса-соналар арқылы тарайды және олар басқа адамды шағу арқылы оның қанына безгек инфекциясын түсіреді.
Бірнеше мәрте қайталанатын ауру түрі – трансмиссивті механизммен берілетін, адам организмінде эритроциттерді зақымдап, клиникасында ұстама тәрізді қызбамен, гепатоспленомегалиямен, анемиямен өтетін – антропонозды инфекция. Таратушы Anopheles тобына жататын масалар. Жалпы, ауыратын адамның организмінде ұстамалы қызба, гипохромды анемия, талақ пен бауырдың өсуі көрініс табады.
Безгек ұстамасы әдетте 3 сатыдан тұрады:
Безгек қалтыраудан басталады және бас жиі ауырады. Науқас 15 минуттан 1 сағатқа дейін қалтырайды.
Қалтырау ыстықтың көтерілуіне жалғасып, ол 40°-қа дейін және одан да жоғары көтерілуі мүмкін. Адам әлсірейді, терісі қызарады, сандырақтайды. Ыстық бірнеше сағат немесе күн бойы сақталады.
Ақырында адам малшына терлейді және ыстық түседі. Ұстамадан кейін адам әлсірейді, бірақ өзін біршама сергек сезіне бастайды.
Әдетте, адамда безгекпен ауырған кезде әр екі-үш күн сайын қызу болады (безгектің түріне қарай), ал ұстама басталатын кезде қызу күн сайын қайталанады. Ыстықтың түсуі мен көтерілуі оқтын-оқтын өзгеріп тұрады. Сондықтан себепсіз ыстығы көтерілген әрбір адам қанын безгекке тексерту керек.
Ал, созылмалы безгек көбіне талақтың үлкеюі мен қанның азаюына себепші болады. Жас балаларда беттің бозаруы мен қанның азаюы бір-екі күннен кейін басталады. Бұл жағдай безгек миды зақымдаған кезде орын алып, (церебральды безгек), қызба ұстамасы естен тану ұстамасына жалғасады. Науқастың қолы көгіс тартады, демалысы жиілеп, тереңдейді. (Ескерту: Емшек сүтін ембеген балалар безгекпен тым жиі ауырады).
Алдын алу шаралары: Өзіңізді шыбын-шіркей, масадан аулақ ұстаңыз. Олар жоқ жерде немесе масаханада ұйықтаңыз. Баланың бесігін маса кірмеу үшін жұқа матамен жауып қойыңыз. Безгек ауруының белгілерін байқасаңыз, дереу дәрігерге жүгінуіңіз керек!
Марат Искаков,
аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы