Qoǵam
Бала – ата-анаға берілген аяулы аманат
Баланың шыр етіп өмірге келуі – зор қуаныш. Өйткені, бала өмірдің сәні, отбасының шаттығы. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Бесік жырымен әлдилеген, алақанға салып аялаған. Тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан.
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты балада» деген екен. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі атақ-даңқтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты. Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні – өз ұрпағы.
Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз ата-ана. Ата-ана бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жандүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді.
«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындалуына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Осылай баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді.
Отбасында басты мәселелердің бірі баланың тіршілік іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру. Ол үшін баланың күн тәртібі, жеке басына қойылған талаптар, міндеттер, үй еңбегіне араласуы, білімі, қызығушылықтары, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруына көмектесіп ықпалын тигізу. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау ата-ананың басты парызы.
Қорытындылай келе, бүгінгі жас буын мемлекетіміздің ертеңгі үлкен азаматы, кәсіп иесі. Сондықтан да бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, жас ұрпақты назардан тыс қалдырмаған жөн. Бүгінгі таңда ата-анасы қасында болса да қадір-қасиетіне жете алмай, ұлдарымыз маскүнемдік пен нашақорлыққа бой алдырып, қыздарымыз шылым шегіп,жеңіл жүрістерге түсуі отбасындағы тәрбиенің дұрыс жолға қойылмауының айғағы. Шариғатта да алтын ұя – отбасы жоғары бағаланып, оны бала тәрбиелеп өсіруіне бірінші дәрежелі мән берілген. Өйткені, балалар – ата-аналар қолына берілген аяулы аманат.
Назерке МАҚТАБАЕВА,
аудандық жастар ресурстық орталығының
психолог-маманы