Qoǵam

Соттың абыройы – әділдікте

Еліміздің негізгі заңы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өзінің өміршеңдігін және белгілі дәрежеде болып жатқан өзгерістерге икемділігін дәлелдеп шықты. Оның негізгі қағидалары халықаралық стандарттарға сай келіп, қоғам мен мемлекетті дамытудың қазіргі кезеңдегі негізгі үрдістерімен үйлесім тапты.
Соттар мен судьялардың мәртебесі заңнама тұрғысынан анықталып, сот төрелігін жүзеге асырудың құқықтық кепілдіктері нығайды. Елімізде сот реформасы жүріп жатыр. Соның нәтижесінде, бүгінде озық елдер үрдісі мен үлгісіне ұмтылған тәуелсіз сот билігі, сондай-ақ, сот төрелігін жүзеге асырудың өркениетті жүйесі қалыптасты.
Сот жұмысын халық үшін барынша ашық және жария ету жолында Жоғарғы Сот пен барлық соттарда бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз кәсіби байланыс орнатылған.
БАҚ өкілдері, сондай-ақ жекелеген тұлғалар сот қаулыларымен, соттардың іс тәжірибесінің үлгілерімен Жоғарғы Соттың веб-сайты арқылы танысуға мүмкіндік алды.
Соңғы жылдары «Жаңа сервис – «Сот кабинеті» арқылы сотқа электронды түрде талап арыз, шағым, өтініш беруге, мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеуге, сот құжаттары мен жалпы сот ісіне қатысты бaрлық құжаттарды осы тәртіп арқылы қадағалап отыруға болады. Пайдаланушы қалаған уақытында сот құжаттарын қарап, іс бойынша сот актілерін басып шығара алады.
Азаматтардан соттарға толассыз түсіп жатқан өтініштер санының артуы халықтың сот жүйесіне деген сенімін, олардың өз мүдделерін қорғау үшін сотқа арқа сүйейтінін көрсетеді.
Қоғамның соттарға деген сенімін орнықтыру басымдылығы бар мақсатқа айналуы керек. Бұған мемлекет пен судьялар корпусының өз күштерін жұмылдыру арқасында ғана қол жеткізуге болады.
Ашықтық пен жариялылық, ақпаратқа қолжетімділік тетіктерін жетілдіру бағытында сот жүйесінде түрлі электрондық технологиялық жаңалықтар енгізіліп, қазіргі уақытта халық игілігіне жұмыс жасап жатыр.
Мәселен, жергілікті соттар жұмысының тыныс-тіршілігі интернет желісіндегі соттардың арнайы парақшасында көрініс тауып, сот саласында болған соңғы жаңалықтар, қаралған істер жайлы ақпараттар халық назарына кеңінен ұсынылып келеді.
Елімізде сот қызметін жетілдіру, жүйенің барынша ашықтығын, қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар кешені қабылданып, ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл мәселелер Республика Судьялары одағының VIII съезінде де талқыға салынған болатын.
Мұндағы басты мақсат – Тәуелсіз Қазақстан халқының сеніміне қол жеткізу болатын. Қазіргі күнде де әділеттілікті орнататын, дауларды шешетін бірден-бір орган ретінде сот жүйесінің тиімділігін арттыру мен мүмкіндігін кеңейтуге байланысты реформалар жалғасын табуда.
2020 жылы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылдануы әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік құқықтық қатынастарда мемлекет пен азаматтардың (ұйымдардың) арасында туындайтын дауларды шешу бойынша арнайы сот өндірісінің жаңаша жүйесін бекітті.
Бұл әкімшілік юстиция институтының негіздерін қалыптастырды. Аталған заң мен жаңашылдықтар 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енді.
Қазіргі кезде арнайы әкімшілік сот өндірісінің енгізілуі мемлекеттік органдардың сапалы әкімшілік шешімдер мен актілерді қабылдауын қамтамасыз етеді және соттық бақылауды орнату, азаматтар мен ұйымдарға билік органдарының үстемдік етуі мен заңсыз әрекетінің жолын кесу, жаңа сот өндірісінде дәлелдемелерді жинау барысында соттардың белсенділігін арттырып, процестегі тараптар теңдігін қамтамасыз ету, кейбір дауларға қатысты міндетті сотқа дейінгі шағымдану институтын анықтау, арыз-шағымдарға қатысты жеделдетіп қарау тәртібін енгізу сияқты негізгі және прогрессивті тетіктердің болуымен ерекшелене бермек – дейді Жуалы ауданы сот әкімшісінің жетекші маманы Айгүл Тобабергенова.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close