Qoǵam
Ұлт саулығы – мемлекет болашағының негізі
Мемлекет – әлемдік аренада өзіндік позициялық орны бар саяси құрылыс. Ол тек саяси құрылыс қана емес, сонымен қатар, миллиондаған адамның тағдырында өзіндік рөлі бар жиынтық ұғым. Кез келген құрылыстың негізін қалаушы іргетасы болатыны сияқты, мемлекеттің де негізгі іргетасы – халық болып саналады. Ал біз оны қалай түсінеміз?!
Тарих сахнасында мыңдаған билеушілер өмір сүрді. Олардың қай-қайсысы болсын, өзінің саяси тәжірибесінен түйген бір қорытынды ой қалдырғаны белгілі. Оның барлығы сайып келгенде, «Мемлекетті бар қылатын да, жоқ қылатын да – халық» деген мағынаны білдірсе керек. Шындығында, қай елдің болсын, тұрақты өркендеуінің кепілі – халықтың бас амандығы мен денінің саулығында жатыр.
Дана ата-бабалар мұндайда: «Халықты аман қылғаның, Өзіңе қорған салғаның» деген қағиданы алға ұстап, көп нәрсенің басы мен соңын жалғайтын халық екендігін тым ерте кезден білсе керек. Осы маңызды бөлшектің прогрессивті жетілуіндегі ең негізгі компонент бар. Ол – ұлттың саулығы. Ұлттың рухани және физикалық тұрғыда сау болуы – мемлекеттің бүгіні мен болашағынан хабар берсе керек.
Қазір әлемде 200-ден астам мемлекет суверенитетті түрде өмір сүріп жатқанын ескерсек, жағдай барлығын бірдей деп айта алмаймыз. Бірінің халқы кедей болса, ал бірінің халқы көп адамдар армандайтын жақсы жағдайларда бақуат тіршілік кешуде. Қазақстан осы екеуінің қайсысына жатады? Меніңше, екіншісі. Демек, Қазақстанды тұрмыс жағдайы жақсы мемлекет деп айтуға болады. Өйткені, Тәуелсіз еліміздің ұстанған саясатын алып қарайтын болсақ, Қазакқстанда басты капитал – ұлттың саулығы бірінші орында тұрады. Жыл сайын ел тұрғындарының денсаулығын нығайту мақсатында, оның ішінде, адам өміріне қауіп-қатер төндіретін індеттерден қоғамды аман сақтап, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру бағытында түрлі іс-шаралар қолға алынуда.
Мысалыға алатын болсақ, 2019 жылы әлемнің бірқатар елдерінде коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты туындаған ауыр жағдайдың зардабы әлі де естен шыға қойған жоқ. Сол алғашқы кезде сәл абдырап қалғанымыз болмаса, кейіннен мемлекет жедел шараларды қолға алудың нәтижесінде, еліміздің денсаулық сақтау саласы өз қызметінің жан-жақты әрі сапалы екенін көрсете білді. Бұл тұста қатерлі індетті жұқтырған науқастарды емдеу ісінде ауруханалар да қолжетімді қызмет көрсетіп, сенім үдесінен шыға білді деп айтуға болады. Әлем елдеріне аса зор қауіп төндірген бұл жылдар елдің есінде «Пандемия» деген атпен қалғаны анық.
Осы тұста жедел шараларды қолға алып, оны сала жұмысына енгізудің нәтижесінде, Қазақстанның денсаулық сақтау саласы шет елдің бірқатар алдыңғы қатарлы, үздік медициналық орталықтарымен байланыс орнату арқылы қауіпті аурулардың бетін қайтарды. Осы тұста науқастарды емдейтін жаңа технологияларға негізделген ауруханалар мен емдеу орталықтары ашылды. Бұл ретте салаға енгізілген цифрлық жобалардың маңызы мен нәтижесінің зор болғаны анық. Халықтың ең басты байлығы – денсаулыққа көңіл бөлу – болашағын ойлаған мемлекеттің ғана қолынан келеді. Сондықтан, Тәуелсіз ел болашағының жарқын екендігіне ешбір күмән болмаса керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, ұлттың саулығы – елдің болашаққа деген жарқын қадамы. Сол себепті, денсаулық сақтау саласының жаңа заман ағымымен бірге дамуына және халық денінің сау болуына баса көңіл бөлінуі керек. Халық қай кезде де өзін сергек әрі бәсекеге қабілетті сезінгенде ғана мемлекеттің алға қарыштап дамуы жолында табысты қызмет ететіндігін ұмытпаған жөн!
Рашид КЕМЕЛБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
қазақ журналистикасы ББ-ның ІІІ курс студенті