Qoǵam
Ауданның эпизоотиялық жағдайы тұрақты
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында біздің аудан аумағында ірі қара малдан ең қауіпті сібір жарасы ауруынан мал шығыны анықталып жатыр деген сөз кеңінен тарап, аудан тұрғындарының біраз үрейін ұшырды. Сол күндері Жуалының малдарынан сібір жарасын жұқтырған адамдар Тараз қаласының ауруханасына түсті деген оқиғалар туралы да айтылып жатты. Ол ауру қай ауылдық округте анықталған және оны кім және қалай жұқтырған? Осы және басқа да сұрақтар тұрғындарды мазалап, дүрліктіріп тастады. Болған оқиғадан кейін арада бір ай уақыт өтті. Жуалы аудандық «Ветеринария қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Ғабитбек Кебеев журналистермен кездесіп, болған мән- жайды айтып беруді ұйғарған еді.
– Ғабитбек Ақылбекұлы, сонымен, елдің үрейін ұшырған сібір жарасы деген ауру қай елдімекеннің шаруашылығында анықталды? Ондағы жағдай қалай қалыптасуда?
-Шақпақ ауылдық округінің Бірлік елдімекеніндегі Құндызай Бабақұлова басшылық ететін «Сұрым» атты шаруа қожалығында оқиға тіркелген 2 қыркүйек күні төрт ірі қара мал өлді деген хабар алдық. Ет бағытындағы «Әулекөл» асылтұқымды мүйізді ірі қара мал екен. Біздің қызметкерлер сол шаруашылыққа барып, сібір жарасына сынама алып, зертханаға тексеруге жіберді. Зертханадан 13 қыркүйекке дейін 10 күн ішінде жауапты алдық. Сібір жарасына теріс нәтиже берді. Ол ауру анықталған жоқ. Соның арасында 10-11 қыркүйек күндері Жамбыл ауданының Айшабибі ауылының екі тұрғыны Тараздағы ауруханаға сібір жарасы деген күдікпен түседі. Зерделеу барысында олар біздің Бірлік ауылындағы «Сұрым» шаруашылығында мал сойған екен. Ол солай болған да. Ауру малдан жұқтырылды деген хабар келеді. Кейін ол адамдармен кездескенімізде байқағанымыз олардың қолдарында, бетінде жаралар бар екен. Бірақ ол жаралар ескі, кесілгеннің орны қатып қалған (Ғ.Кебеев оларды телефонына түсіріп алған). Әрине, ол сібір жарасы ма, әлде жоқ па, ол үшін дәрігерлер жауап береді. Ал, біздің зертханадан алған қорытынды бойынша сібір жарасы анықталмады. Сондықтан айтарым, ауданда сібір жарасы ауруы бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты.
– Жалпы, сібір жарасы ол қандай ауру? Оның ерекшеліктері қандай?
– Сібір жарасы (қойда- топалаң, жылқыда- жамандат, ірі қарада- қараталақ, түйеде- ақшелек, қарабез) мал және жабайы жануарлардың бациллус антрацис микробы қоздыратын, жіті түрде өтетін аса қауіпті жұқпалы ауруы. Онымен адам да (түйнеме, күйдіргі) ауырады. Сібір жарасы кең тараған ауру. Сібір жарасының қоздырғышы 100 жылға дейін топырақта жата береді, өлмейді. Оны жұқтыру қаупі өте жоғары. Ол малдан адамға жұғады. Бұл ауру- маусымды індет. Ол,әсіресе, қуаңшылықты жылдары маусым- қыркүйек айларында жиі тарайды.
– Сібір жарасы ауруы біздің ауданда соңғы рет қашан анықталған еді?
– 2018 жылы ауданда құрылып жатқан ауыл шаруашылығы кооперативінің біріне Қарабұлақтан әкелінген сиырдан анықталған еді. Ол малды бірден жойдық.
– Ғабитбек Ақылбекұлы, «Сұрым» шаруашылығында сібір жарасы ауруының жоқтығын Сіздер қалай дәлелдедіңіздер? Адам жұқтырды деген факт бар ғой?
– Әрине, дәлелдеу керек болды. Ол үшін аудандық аумақтық ветеринария инспекциясының басшысы Есенбай Ошанов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров, ветеринария бөлімі басшының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Рахымбек және өзім қайта сол шаруашылыққа барып, бір бас малдың өлгенін көріп, тағы зертханаға сынамасын алып, жібердік. Ол шаруашылықта 192 бас ірі қара мал бар екен. Барлық малға сібір жарасына қарсы вакцина салынды. Одан басқа сол ауылда мал ұстап отырған В. Коломацкийдың 68 бас ірі қарасына, 79 бас жылқысына, Салман Мусаевтың 25 бас жылқысы мен 100 бас ірі қара малына, «Оксана» ШҚ 60 бас ірі қара малына және Ертісбек Далбаевтың 15 бас жылқысына вакцина салынып, барлық мал қораларына дезинфекция жасалды. Осылайша біз 14 күн малдың жағдайын тексеріп отырдық. Ал жалпы малдан 140 сынама алып, зертханаға өткіздік. Сібір жарасы анықталмады.
– Сібір жарасы анықталған жағдайда өлген малдан қандай белгілер байқалар еді?
– Ең бірінші, өлген малдың белгілерінен-ақ білер едік. Ондай жағдайда аузынан, мұрнынан, басқа жағынан да қанды су шығар еді. Ауырмай өлген мал біраз уақыттан кейін тырысып қалады, ал егер сібір жарасымен ауырған мал болса, ол сол бос қалпында жата береді, еш тырыспайды. Сондай-ақ, ауру малды сойғанда оның қаны ұйымайды. Сондықтан бірден өлген малдың осы белгілеріне қарадық, ол тырысып жатты, құлағын кесіп, сынамаға жібердік.
– Өлген малды қайда жібердіңіздер?
– Мыңбұлақ ауылдық округінің аумағында орналасқан Беккери шұңқырына апарып тастадық.
– Сіз басқарып отырған мекеме қызметкерлері тарапынан бүгінгі таңда мал ауруының алдын алу үшін қандай жұмыстар атқаруда?
-Айта кету керек, сол аймақтағы малдың біразы арнайы енгізілетін базада жоқ болып шықты. К.Бабакулованың 25 бас жылқысы базаға енбеген, оларды енгізіп, вакцина жасалды. Сондай-ақ, басқа шаруашылықтардың малы да сондай болып шықты. ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабына сай малшылардың міндеттері қатаң сақталып, орындалуы абзал. Ол «1. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етуге; 2. Бірнеше жануар бір мезгілде ауырған немесе әдеттен тыс мінез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлауға және ауру деп күдік келтірілген кезде, ветеринария саласындағы мамандар келгенге дейін жануарларды оқшаулап ұстау жөнінде шаралар қолдануға». Басқа, мысалы, малды арнайы сою пунктінде союды жүзеге асыру керектігі және малға вакцина егуге, диагностикасын қамтамасыз ету, сойылған малды ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай өткізуге жол бермеуге, т. б. Сондай-ақ, жылқы малын чиптеу малшының есебінен жүргізілетінін тағы да естеріне салғым келеді. Шаруаларға айтарым, малдың төлі жеті күн ішінде сырғаланады, ал жылқының төлі төрт ай ішінде чиптеліп, базаға енгізіледі. Осы талаптар орындалмаған жағдайда мал егелеріне айыппұл салынады.
Ең бастысы, мал егелерінен сұранатынымыз, бар мал басын жасырмай айту керек, өйткені ауданға алынатын вакцина көрсетілген мал санына байланысты. Біздің ауданда сібір жарасының 45 ошағы бар екенін де жеткізгім келеді.
Еліміздің ветеринария саласының ғалымы Иван Константинович Скрябин айтқандай: «Медицина адамды емдейді, ал ветеринария адамзатты емдейді», сондықтан да бар малға дұрыс көзқараспен қарап, әр адам өзіне тиісті міндеттерді орындаса, малдарымыз да, адамдар да аман- сау болады.
– Сұхбатыңызға рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
Жазып алған
Гүлмира Дембаева,
«Жаңа өмір»