Qoǵam

Бала тәрбиесі отбасынан басталады

Отбасылардың қиюы қашуының басты бір себебі – жанұядағы зорлық-зомбылық. «Отбасылық қарым-қатынаста дағдарыс туындағанда, одан ешкімнің ештеңесі кетпейді» деген түсініктен арылу керек. Кикілжіңі көп болатын отбасында өскен балалар есейген соң не әкесінің, не шешесінің отбасында өзін- өзі ұстау үлгісін алады.
«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші балаға отбасы тәрбиесінің әсері мол. Тәрбиеге әсер ететін өскен орта мен ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, жаман әсерлер адамды азғырып, түрлі жаман мінезді жұқтырады деп ойлаймын. Отбасындағы ата-ананың мінез-құлқы баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы десем, артық айтқаным емес.
Иә, сонымен қатар, нашақорлық, темекіге, ішімдікке әуестік, бұзықтық жолға түсіп зорлық-зомбылық жасауға мүмкіндік туғызады, еңбек етуге, қоғамға, денсаулыққа, ұрпаққа, отбасына зиян тигізеді деген ой қосқым келеді.
Саламатты өмір сүрудің бір негізгі күрделі мәселесі – жаман қылықтардан, яғни зорлық-зомбылықтан аулақ болу. Ішімдікке үйір адам ақыл-есінен айырылып, қасындағы адамдарға зиянын тигізеді, отбасына ойран салады, отбасы мүшелеріне оғаш қылықтар көрсетіп мазасын алады. Бұл баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Бала өзіне керекті рухани дүниенің барлығын қоршаған ортадан алады.
Зорлық-зомбылық тәрбиесіздіктен де туындайды. Бұның дәлелі ретінде ұлы ғұламалардың мынадай сөздерін ұсынамын. «Тәрбиесіздік – ол адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім келешекте адам өміріне апат әкеледі» деген ұлы бабамыз Әбунасыр әл-Фараби.
Зорлық-зомбылықтың баланың мінез-құлқына әсер ету ерекшеліктері бар. Ата-анасы және басқа да заңды өкілдері ата-аналық құқықтарын жүзеге асырған кезде баланың дене және психикалық денсаулығына, оның имандылық дамуына зиян келтіруге құқығы жоқ. Баланы тәрбиелеу тәсілдерінде баланың адамдық қадір-қасиетіне менсінбей қатал, дөрекі қарау, оны қорлау немесе қанамауы тиіс.
Балалар құқығын қорғау – егемен еліміздің басты құндылықтарының бірі. Сол үшін өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбие алып, қоғамдағы құқықтарының сақталуы жолында аянбай еңбек ету керек.
Балалардың өмір сапасын жақсарту – ертеңгі болашақтың кепілі. Сондықтан да балалардың құқықтарын қорғау мәселесі қашанда өзекті болып қала беретіні анық.

Назиля Тұрмаханбетова,
аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close