Кісілік. Бұл ұғым тұлғамен өлшенеді. Кісілік – өзгелерге деген құрмет пен ықыластан өрбиді. Кісілігі келіскен, жаратылысынан ақылы жарасқан кәріқұлақ, көнекөз қариялардың шет жағын біздер көрдік. Бүгінде олардың қатары санаулы-ақ. Олардың сауаттысы бастауыш сынып деңгейінде білім алғандар. Алайда, ол кісілердің тағдыры мен өмір сүрген кезеңіне көз жүгіртіп, зерделеп ойласақ, ой-өрісі, біліктілігі мен рухани байлықтары, ағайынға деген ыстық ықыластары мен ақ көңілі, адалдығы еріксіз таңдандырады. Қарапайым шаруаға тән тұрмыс деңгейінде жүріп-ақ, адал көңіл мен ашық алақанын ағайын-туыс пен көрші-қолаңның татулығына арнап, соңында тек қана жақсы сөз, үлгі-өнеге боларлық іс қалдыруы ғажап емес пе?!
Күреңбелдік Жетпіс Көпбайұлы – біз айтқандай, кісілігі келіскен қариялардың бірі. Себебі, ол кісі – бүкіл жастық шағын, саналы ғұмырын туған ауылына арнаған, ауылын жан-тәнімен сүйетін, өзінің білімін, бар қабілет-қарымын ауылы, елі үшін аямаған іскер басшы болған, жаны жомарт, кеңпейілді, ар-ожданы таза азамат. Сөз білген, жөн білген, кісілігімен, түсінігімен жұртты баурай білген, үлкендіктің үлгісі бола білген қариялардың бірі.
Жетпіс Көпбайұлы – мінезі салмақты, сөзге сараң, бір көрген адамға емірене қалмайтын, ер қабақты, өте байқампаз, кісіні еңбегіне қарай бағалайтын, кеудемсоқтығы жоқ, істің адамы.
Жетпіс Көпбайұлы 1941 жылы Төңкеріс ауылында өмірге келген. Жеті-сегіз айлығында әкесі қан майданға аттанып, содан қайта оралмады. Олар анасы Ұлбай, әжесі Жарқынай үшеуі қалады. Жетпіс атаның сұм соғыс жылдарындағы замандастарының көбі әкесіз өсті. Жетімдіктің, жоқшылық пен қиындықтың ауыр азабын бірге көреді. Алайда, олар адам бойындағы асыл қасиет – сабырды, төзімділікті жандарына серік етті.
Сағыныш – адам бойындағы тот баспайтын қасиет болса, сұм соғыс жылдарындағы аналар мен балалар соның ең зарыққан шағын бастан өткізді. Соғыс жас баланың да, үлкеннің де жүрегіне өмір бойы өшпейтін, ұмытылмайтын із қалдырды.
Қиындық біреуді жүдетеді, біреуді ширатады. Жетпіс Көпбайұлы қиындыққа мойыған жоқ, алдына нақты мақсат қойып, тынбай талпынып, еңбек етті.
Жетпіс Көпбайұлы туған ауылындағы бастауыш мектепті бітіріп, әрі қарай қазіргі Күреңбел ауылына қатынап оқыды. 6 сыныпты бітірген соң, бала саны жетіспеуіне байланысты мектеп жабылып, қабырғасы қатаймаған бала еңбекке араласады. Бір жыл колхозда арба айдайды. Кейін Ертай ауылында оқуын жалғастырады. Алайда, жоқшылықтың салдарынан, бір жағы ауырып, 9 сыныптан ары қарай оқи алмайды. Содан колхоздың қара жұмысына шығады. Мал бағады, шөп тасиды.
Анасы таңның атысы мен күннің батысы жұмыста болғандықтан, әжесінің тәрбиесінде болады.
– 6 сыныпты бітіріп, 7 сыныпқа балалар саны жетіспеген соң, класс жабылып қалды. Мен Жамбылдағы мектеп-интернатқа барып оқимын деп ұмтылып едім, әжем жібермей қойды. Амал жоқ, бәрін жиыстырып, колхозға жұмысқа шықтым. Келесі жылы 7 сынып ашылды. Мен сол сыныптың оқушыларымен қосылып оқып, 7 сыныпты бітіріп, 8 сыныпқа өттім. 8 сыныпты Кеңес орта мектебіне қатынап оқыдым. 9 сыныпты оқып жүріп ауырдым. Содан әжем мені сабаққа жібермей қойды. Осыдан соң колхоздың мүшесі ретінде бұрынғы қара жұмысқа қайта шықтым.
Үйіміз жоқ. Жертөле сияқты кішкентай үйде тұрдық. Таң атысымен ауылда әйелдердің бәрін басшылар мал айдағандай бәрін жұмысқа алдарына салып алып кетеді.
Жұмыста анама көже беретін болуы керек. Көжесін ішіп, күлшесін біз жесін деп үйге алып келетін. Күлшені біз бөлісіп жейміз.
Бір күні қолыма бір газет түсті. Оқып отырсам, «Жамбыл қаласында бір жылдық ауыл шаруашылығы мектебіне жастарды кіші мал дәрігері, агроном мамандығын оқытатын мектепке шақырамыз!» – деп хабарландыру жазылыпты. Анам мен әжеме айтып, көндіріп Жамбылға барып емтихан тапсырып, оқуға түсіп кеттім де, бір жыл мал дәрігерлік оқуды оқыдым. 1961 жылы білімімді жетілдіруді мақсат етіп мал дәрігерлік техникумға құжаттарымды тапсырып, сырттай оқыдым. Себебі, үйде менен басқа ер азамат болмады. Анам, әжем, қарындасым үшеуі ғана еді.
Техникумның дипломымен 1970 жылы Алматыдағы мал дәрігерлік институтқа сырттай оқуға түстім. 1982 жылы институтты бітіріп, жоғары білімді мал дәрігері болдым.
Оқып жүріп «Чапаев» колхозында мал дәрігері болып қызмет еттім. 1972 жылы Алексей Петрович Бобровский деген колхоз басшысының ұсынысымен сауын сиыр фермасын қабылдап алдым. Ол кезде екі ферма болатын.
1973жылы екінші фермадағы 2200-дей ірі қара малын да біздің фермаға өткізді.
1980 жылы Қуат Асабаев ағамыз колхоз бастығы болып сайланды.
1984 жылы ауданның бас дәрігері В.Г.Беспалько мен Қуат Асабаев екеуі келіп маған фермаға бас мал дәрігері болуды ұсынды. Мен: «ойланайын», – дедім. Үш күннен кейін Қуат Асабаев ағамыз келіп, маған: «Не шештің?», – деді. Мен үнсіз ойланып тұрдым. Өйткені, мен ол жұмысқа қызығып отырған жоқ едім. Себебі, бұрынғы мал дәрігерін ұнатпай жұмыстан босатып жіберген болатын. Мен де үдесінен шыға алмай қаламын ба деп ойладым. Сонда ол кісі маған: «Сен неге әлдеқандай болып отырсың?! Мен бұл ұсынысқа басқаша қарар едім», – деді. Сосын мен қой ашуына тимей-ақ қояйын деп келісімімді бердім.
Қуат Асабаевтың негізгі мамандығы – жоғары білімді мал дәрігері еді. Сондықтан менің жұмысымды үнемі тексеріп, ақылын айтып отырды. Қуат ағаның ақылы, тәжірибесі маған үлкен сабақ болды.
Ал, егін шаруашылығында көзімді ашқан Әбзелбек Жапаров болды. Әбзелбек аға 1953 жылы қазіргі Рысбек батыр ауылында агроном болып қызмет етті. 1955 жылдан бастап Қоңыртөбеде агороном, 1957 жылы Бурное МТС-де бас агроном, 1958 жылдан «Куйбышев» колхозына басшы болды. 1960 жылы «ХХІІ партсъезд» колхозына төраға, 1965 жылы Мойынқұм ауданында совхоз агрономы, 1967 жылы «Кременевский» атындағы совхозда директор, 1972 жылы Мойынқұм ауданында бір совхозда бас агроном болып қызмет етіп жүріп, зейнет демалысына шықты.
Мен жұмыста үнемі ізденіс үстінде жүрдім. Жаңалыққа жаным құмар еді. Москвадан «Ветеринария» журналын жаздырып алып, журналдағы профессорлардың жаңалықтарын мал шаруашылығына, яғни тәжірибеме енгізіп отырдым. Алматыдағы ғылыми институт мамандарымен байланыста болдым.
Осындай тынымсыз ізденістің, еңбектің нәтижесінде, 1985 жылы маған СССР-дің Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен «Еңбек ардагері» атағы берілді.
…Қуат Асабаев ағамыздың халыққа, ауылымызға жасаған жақсылығы ересен. Ол кісі басшылыққа келген жылдары шаруашылық қарызға кіріп кеткен еді. Сол тығырықтан алып шығып, колхозды аудан, тіпті облыс көлемінде алдыңғы қатарға қосты. Жұмысшылар айлығын уақтылы алып отырды және 13-ші айлық берілді. Ерекше жұмыс істеп, көзге түскен жұмысшыларға сыйақы тағайындады. Жұмысшылар қызығып, жарысып жұмыс істейтін болды. Ауылдағы қазіргі мектебімізді, мәдениет үйін, балабақша, әкімшілік, амбулаторияны соқты. Малшыларға жақсы жағдай жасалды. Ауыз су, ағын су мәселесін шешіп берді. Көшелер асфальтталды. Мектепке оқушылар автобуспен тасымалданды. Ол кісінің іскерлігінің арқасында мамыражай, берекелі жылдар өтіп жатты,- дейді Жетпіс ата.
Жетпіс Көпбайұлы өзіне сеніп тапсырылған жұмысты аса жауапкершілікпен, тиянақтылықпен атқарғаны үшін 1977 жылдың қорытындысы бойынша сүт сауудан аудан бойынша бірінші орынға ие болып, осы елеулі еңбегі үшін 1978 жылы ауыл шаруашылығы слетінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дмитрий Нестерович Жигалкин су жаңа «Жигули» автокөлігінің кілтін тапсырды.
1984 жылы колхоздың бас мал дәрігері болып тағайындалды. Содан осы қызметте 1998 жылға дейін істеп, әрі қарай ауыл тұрғындарының, ақсақалдардың шешімімен «Күреңбел» өндірістік кооперативінің төрағасы болып сайланды.
Қандай да болмасын ұжымның ісінің ілгері басуы, өсіп-өркендеуі оны басқаратын басшысының іскерлігі мен біліктілігіне тікелей байланысты.
Басшы болу да өнер. Біреумен тең дәрежеде пікірлесу, енді біреуге үлкендік ақыл айту, үлкеннің ұсынысын тыңдау, ағалық жолдармен елмен тіл табысу да биік адамгершілік қасиетті, шеберлікті талап етді.
Шаруашылықты сексенінші жылдары Қуат Асабаев басқарған кезде республикадағы алдыңғы қатарлы ұжымның бірі болып саналатын. Күреңбелдіктердің тәлімі, астық өсіру туралы тәжірибесі талай жерге таратылған.
1993 жылы Қуат Асабаев өз еркімен жұмысын өткізді. Колхозға жаңа басшы келді.
Алайда, тоқсаныншы жылдардың ортасында шаруашылықтың экономикасы қатты құлдырады. Ұжымдағы мыңғырған мал 3-4 жылдың айналасында баспа-бас айырбастың «құрбаны» болды. Ақ егістің өнімділігі де төмендеп кетті. 1997 жылдың соңында «Күреңбел» өндірістік кооперативінің қарызы 27 миллион теңгеге жетті. Кооператив еңбеккерлері жыл бойы еткен еңбектері үшін жалақыға болмашы ғана астық немесе мал алды. Елдің еңсесі түсіп, жұмысқа деген қызығушылығы да төмендеді. 1997 жылдың аяғында шаруашылық тараудың аз ғана алдында тұрған еді.
1998 жылдың басында кеткен төрағаның орнына «кімді қою» мәселесі аудан басшыларымен қатар ауыл тұрғындарын да қатты толғандырды. Өзара ұзақ ақылдасқан ауыл ақсақалдары мен тұрғындары басшыны шеттен емес, өз ауылдарынан тағайындауға ұйғарым жасады. Қарызға белшесінен шырмалып, әбден тұралаған ұжымды ауылда кім аяғынан тұрғыза алады? Ауылдағы талай іскер жігіттер ақсақалдар сарабынан өткізілген. Олар он айналып, жүз толғанып, «бұл қызметке Жетпіс Көпбаев лайық» деп тапты. Таңдау Жетпіс ағаға тегін түспеген еді. Ол ісіне тиянақты, өзіне жүктелген қайсы бір істі болсын тындырымды атқаратын. Осы қасиетімен, жемісті еңбегімен көпшіліктің көзіне түскен жан болатын.
Жауапкершілік жүгі қашан да ауыр. Ел сенімін ақтау – ерге сын.
Өмір ел-жұрты сыйлап, құрметтеген жақсылармен, жақсы адамдармен сәулелі, тұғырлы. Жетпіс Көпбайұлы кейбіреулер сияқты мансап қуған жоқ, мақсат қуды. Жоқтан бар жасап, шаруашылықтың жұмысын жолға қойып, жандандырды. Облысымызға танымал ұжымға айналдырды.
Әуелі егін шаруашылығы саласындағы жағдайды мұқият сараптаудан өткізді. Тозып кеткен жердің құнарын таяу уақытта қалпына келтіру оңай емес. Сондықтан Жетпіс Көпбайұлы ауыспалы егіс жүйесіне ерекше көңіл бөлді. Оның үстіне алқаптарды қара күйе, кәріқыз басып кеткен. Одан айырылмасаң, еңбегің еш кетеді дей бер. Алқаптарды арамшөптерден, зиянкестерден тазарту үшін күздік алқаптың 80 пайызға жуығын парға қалдыру дәстүрге айналды. Көктемде арамшөптерге қарсы тікұшақ арқылы химиялық өңдеу қолға алынды.
«Баптай білсең, жер жомарт» деген қанатты сөз текке айтылмаса керек. Агротехникалық шараларды осылай бұлжытпай орындау – келесі жылы-ақ егіс өнімділігі мен сапасын арттыруға қол жеткізді.
Күреңбелдіктер сонымен қатар сорт жаңартуға, жоғары сапалы тұқым себуге, оны алқапқа қолайлы кезде сіңіруге күш салды. Олардың бұл тәжірибесі 2001 жылы қуаңшылық жағдайында да аудан, тіпті облыс бойынша да жоғары өнім алуына мүмкіндік тудырды.
Мал тұқымын асылдандыру, сұрыптау жұмысын жүйелі жүргізу, табынды жоғары өнімді құнажындармен толықтыру сауын сиырлар санын көбейтуге мүмкіндік берді. Сүт өндіруді молайту – шаруашылық экономикасының нығаюына игі ықпалын тигізді.
Шаруаны ұтымды ұйымдастыру, өндірілген өнімді лайықты бағасына өткерудің арқасында көп ұзамай шаруашылық несиелік қарызынан құтылып, таза пайдаға еңбек ете бастады.
Өндірістік кооперативтың жұмысы туралы Жетпіс ата былай деп еске алады:
– Бұл жылдары шаруашылықтың жағдайы өте нашар еді. Мен «біреудің орнына таласпаймын, өз балаларыммен жеке шаруа қожалығын құрып, оларға үйретейін, өзіммен өзім жұмыс істейін» деп ойладым. Бірақ, ауыл тұрғындары «кооперативке төраға болыңыз!» деп қайта-қайта өтініш жасап жатты. «Керегі жоқ» деп қайтарып тастап жүргенмін. Бірде көшеде кетіп бара жатыр едім, бір топ ауыл қариялары алдымнан шығып, мәселені төтесінен қойып, баталарын берді. Қариялардың көңілін қалай қалдырам!?
Содан бір күні аудан орталығынан басшылар келіп, жиналыс жасады. Төрағалыққа екі кандидатура болды. Аудан әкімі: «Кім Жетпіс Көпбайұлына дауыс беретін болса, залдан шығып кетсін», – деді. Жайлап артыма қарасам, бүкіл зал шығып кетіпті. Солай мен төрағалыққа сайландым.
Ұжымды басқару қаншама ауыр болса да, оны әйтеуір осы ауылдың бір азаматы басқару керек қой. Осылай пайымдай келе келістім.
Бұл 1998 жылдың сәуір айы болатын. Тұқым себер уақыт таяп қалды, ал колхоз қоймасында тұқым шамалы-ақ. Алда атқаратын жұмыс өте көп. Шаруашылықтың халыққа қарызы – 27 миллион. Бар мүлкін сатып, таратса, қарызына да жетпейді. Не істеу керек? Бас есепші Мекемтас Нағашыбеков екеуміз тығырықтан шығудың түрлі жолдарын ойластырдық.
Ауылда шешен және өзіміздің қандас шопандар болатын. Сол ағайындарға барып, жағдайымызды айтып, көмек сұрадық.
– Жинаған қаражаттарыңыз болса, бізге бере тұрыңыздар! Ел ризығы үшін егін егейік, Алла қаласа, күзде жиын-терімде қайтарып береміз, – деп, тәуекелге бардым. Ол кісілерге үлкен рақмет, сенім артып, көмектесті. Содан техника жалдап, егін ектік. Егін орағына дейін жайлап техникалар жинай бастадық. Алла жар болып ниетімізге қарай, күзде мол өнім алып, мәре-сәре болып қуандық, қарызымызды да қайтарып бердік. Үкіметтен лизингке екі Беларусь, екі комбайн алып, техникамызды біршама түгендедік.
Кооперативтің иелігінде 2500 гектар жер бар болатын. Мал шаруашылығы жағын өзім біркісідей білемін. Егін шаруашылығы жағынан жақсы білімді маман керек болды. Ауылда агроном 75 жастағы Жапарбеков Әбзелбек деген қария болатын. Сол кісіге қолқа салдым. «Аға, диқаншылықты қалай істеу керектігін Сізден артық ешкім білмейді. Кооперативке агроном болыңыз! Еңбекақыңыз төленеді. Астыңызға ат береміз, ақылыңызды айтып, ортамызда жүріңіз»,– дедім. Қария келісті, ақылын аяған жоқ. Ынтымақтың арқасында еткен еңбегіміз жанып, тез арада еңсемізді тіктей бастадық.
Бір күні өңім бе, түсім бе білмеймін қолыма бір газет түсті. Газетке «Шаруа болсаң, малды асылдандыр, Диқан болсаң, жерді баптай біл» деп, үлкен етіп жазып қойыпты. Мен еңбек жолымда осы қағиданы ұстандым. Малды қолдан ұрықтандыратын осеменатор маман жалдадық. Фермамызды талапқа сай жабдықтадық.
Бірде аудан әкімі Ермек Үсенбаев фермамызға облыс әкімі Серік Үмбетов келетінін айтты. Біз: «Жарайды» деп, аздап дайындалдық.
Не керек, облыс әкімі мен аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен келді. Мамандары фермаға кіріп, аралап бәрін көріп жүр. Бір кезде Серік Үмбетов: «Не болды, жігіттер? Айтар, ескертулерің бар ма?»,- деді. Олар: «Бұдан артық қандай асыл тұқымды мал фермасы керек?!» деп, көңілдерінен шыққандарын білдіріп, риза болып кетті. Содан ауданға, облысқа комиссия келсе, бізге ертіп келетін болды.
Біздің асыл тұқымды малдарымызды Тұрар Рысқұлов ауданына, Шымкент, Қызылорда облыстарына таси бастады.
Бидайдың да элита тұқымын Алматыдан, Қордайдан әкеліп, ІІ, ІІІ репродукциялы тұқымды аудан бойынша шаруаларға сата бастадық. Қоймамыз үлкен. Германдық арнайы аппарат әкеліп, жоңышқа ұрықты да тазалап саттық. Жерді баптадық. Шаруашылықтың жағдайын көтеріп алған соң, ауылға көмектесе бастадық.
Ең бірінші, Төңкеріс ауылына бастауыш мектеп салып бердік. Күреңбел орта мектебінің жөндеу жұмыстарын жасап тұрдық.
Бір жылы Күреңбел орта мектебінің жылыту қазандығы істен шығып, содан мектепке қайта жылыту жүйесін жүргізіп, іштен жылытылатындай етіп жасадық. Аудан әкімі ол кезде Серғали Айдапкелов болатын. Сол кісіге қайта-қайта барып жүріп, мектепке корейлік пеш орнаттық.
Ауылдағы мәдениет үйін бұзылуға кетейін деп тұрған жерінен құжаттарын жөндеп, алып қалып, шатырын жөндеп бердік. Бұрын соғылған ғимараттардың сүйегі мықты ғой.
Балабақша да менің балансымда болатын. «Балабақшаны сат»,– деп біреулер келді. Мен: «Сатпаймын. Бұл халықтың мүлкі. Мен оны уақыты келгенде, халыққа қайтарып беремін», – деп сатпай қойдым. Ауданның жағдайы түзелгеннен соң, үкіметке тегін қайтарып бердік. Қазір ауылымызда сол ғимаратта қайта балабақша ашылып, елдің ертеңгі арқа сүйер азаматтары бүгінгі бүлдіршіндер тәрбиеленуде.
Төңкеріс ауылынан Күреңбел орта мектебіне оқушыларды тасымалдайтын автобус жүргіздік. Күреңбел ауылы мен Кәріқорған ауылының арасындағы жолды Жол пайдалану мекемесімен келісіп, жөндедік. Айта берсе, ауызбіршіліктің арқасында талай игі істерді атқардық. Осы еңбегімді елеп, ауыл тұрғындары 2000 жылы аудандық мәслихатқа депутат етіп сайлады. Депутаттық мандатымды пайдаланып халықтың игілігі үшін еңбек еттім. Оны ешкімге міндетсінбеймін. Ол менің туған ауылымның, туған жерімнің, туған елімнің алдындағы азаматтық парызым, – дейді Жетпіс Көпбайұлы.
Жетпіс Көпбайұлының еңбек жолындағы елеулі еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрлігінің қолдауымен жазылған «Аграрлы Қазақстан» кітабына енді. Кітапта еліміздегі барлық облыстар бойынша ауыл шаруашылығы саласының майталмандары, еліміз Тәуелсіздігін алған жылдар ішінде мемлекетіміздің дамуына үлес қосып келе жатқан өндірістік кооперативтер, кәсіпорындар, ірі шаруа қожалықтар, фермерлер туралы жазылған. Кітапта арнайы бет «Күреңбел» өндірістік кооперативінің жеткен жетістіктеріне және Жетпіс Көпбайұлының еңбек жолына да арналған.
–Өмірге адам болып келген соң, адам болып өмір сүргенге не жетсін! Затың адам болған соң айналаңдағыларға мейірім мен сүйіспеншілікпен қарауға тиіспіз. Мен осы қағиданы ғұмыр бойы ұстанып келемін. «Еңбек – тіршілік бұлағы, жылы сөз – бірлік құралы» дейді,- Жетпіс ата. -Ақымақ достан ақылды дұшпан артық. Өмірде талай досты көрдім. Аяғымнан шалғысы келген достарды да көрдім. Бірақ, ешқайсысына «сен неге олай істедің?» деп, ұялтып немесе қастандық істеген емеспін. Бір Алланың көзі тура болсын деп, Аллаға тапсыратынмын. Кешіріммен қарайтынмын. Өмірде өзіңе жамандық ойлаған адамға жақсылық ойласаң ғана жеңіп шығасың.
Мені қазір толғандыратын мәселе – ұжым болып сондай дәрежеге жеткізген кооперативтің бүгінгі жағдайы. Кейінгі басшы барды ұқсата алмады. Бұл жағдай – жаны ашитын маманның жоқтығын білдіреді. Осы жағдайға «қатты қарным ашады», жүрегім сыздайды.
Барлық мәселенің түйінін білікті маман шешеді. Қазір ауыл әкімінің жанында бұрынғыдай ақылдасып отыратын мамандар болса деймін. Агроном, білімді мал дәрігері, зоотехник, инженер дегендей. Себебі, маманның жоқтығынан малдың ауруы да көбейіп кетті. Сиырлар ешкіге айналып барады. Егін шаруашылығы, мал шаруашылығы демей, екі салаға бірдей қарау керек.
…Бұрынғы адамдар өте еңбекқор еді ғой. Әйелдер жас босана салысымен бір ай өте салып жұмысқа шығатын. Тіпті, бір әйел фермада босанып қалып, есімін Фермабай деп қойған кезіміз де болған. Үлкен-кіші демей бәрі жұмыс істейтін. Қазір ауылда тұрып бау-бақша екпейтіндер көбейді,- деп қынжылады қария.
Жетпіс Көпбайұлы ұзақ жылғы елеулі еңбегі үшін лайықты марапаттарға ие болды.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан аса зор үлесі үшін, агроөнеркәсіп кешеніндегі көпжылдық жемісті еңбегі, «Ауыл» аграрлық азық-түлік бағдарламасының орындалуына лайықты үлес қосқаны үшін, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Қазақстан РеспубликасыТәуелсіздігінің мерей тойларына арналған мерекелік медальдармен, аудан, облыс әкімінің, аудандық, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, Президентіміздің Алғыс хатымен марапатталған. 1985 жылы «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Жетпіс қария үшін бұл марапаттардың әр қайсысының орны бөлек. Себебі, олар тектен-текке берілген жоқ.
2011 жылы Жуалы ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Ақылман ақсақал жақында ғана Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында ҚР Тәуелсіздік күніне және Жамбыл облысының 80 жылдығына орай «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Жалпы, қазір арғымаққа міндім деп, артқы топтан адасып қалған кеуделілер көп-ақ. Сондай азаматтарға Жетпіс атаның қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі, іскерлігі үлкен үлгі болуы керек.
Бүгінгі жастар жақсылықтың, адамгершіліктің бағбаны бола білген қариядай игілікті ісімен танылуға барын салуы керек.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»