Qoǵam
Балабақша – қуаныш шаңырағы
Бала тәрбиесі – отбасынан басталады. Десек те ғылымға негізделген әдіс-тәсілдермен берілетін тәлім-тәрбиенің негізі балабақшада қаланады.
Аудан орталығындағы «Аягүл» бөбекжай-балабақшасы 2014 жылы «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған. Балабақша 280 бүлдіршінге арналған. Бүгінде балабақша бүлдіршіндері 12 топқа топтастырылған.
Жерлесіміз, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразованың есімімен аталатын балабақшаны 40 жылдық еңбек өтілі бар, білікті де тәжірибелі маман, «Даңқ» орденінің, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің, «Сала көшбасшысы» медалінің иегері Махамбетова Гауһар Сәрсекеқызы басқарып келеді. Тәрбие-білім беру шаңырағында жалпы 95 кісі қызмет етеді. Оның 46-ы педагогтар. Балабақша стандартқа сай барлық қажетті мамандармен қамтылған.
Жаңа, заманауи үлгіде салынған балабалақшада барлық тиісті жағдай жасалған.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2013 жылғы 4 шілде №258 Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бұйрығына сәйкес балабақшада 20 балаға арналған логопедиялық пункт, екі сауықтыру тобы бар. Логопедиялық пунктте логопед маман Айнұр Қылангөзова балалармен жұмыс жасайды.
Жаңа технологиялар бойынша балабақшада жұмыс жақсы жолға қойылған. Педагогтар оқу-іс әрекеті барысында компьютер, мультимедиялық құралдар: интерактивті тақта, электронды оқулықтарды пайдаланады.
Балабақшада мектепке дейінгі Вальдорф педагогика бойынша сынақ алаңында сынақ жүргізіледі.
Вальдорфтық білім беру принциптерінің негізі: баланың жеке басына құрмет; баланың қоршаған ортаға деген табиғи қызығушылығын дамыту; еркін шығармашылық пен еркін ойлау қабілетін дамыту. Осы мақсатта балабақша бау-бақшасында балалардың араласуымен, яғни балаларды еңбекке баулу, әрбір жемістің, көкөністің қалай өсуін білуге үйрету мақсатында түрлі жемістер өсіріледі. Сонымен бірге балабақша алаңында жеміс ағаштары, гүлзарлар отырғызылған. Бұл игі іс бір жағы баланы әсемдікке, табиғатты аялауға, туған жерін сүюге, құрметтеуге үйретеді.
Балабақшада оқыту мен тәрбиелеу негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асады. Біріншісі, баланың өмірін сақтау мен денсаулығын нығайту. Дене жаттығуларын меңгеруіне, балалардың мәдени-гигиеналық дағдыларын қалыптастыру, саламатты өмір салтына баулу шараларын жүзеге асыру.
Екінші – баланың танымдық даму интеллектуалдық іс-әрекеті тәсілдерін қалыптастыру, танып-білуге қызығушылық жұмыстарын арттыру.
Үшінші – баланың бойына эстетикалық сезімді дамыту балабақша педагогтарының алға қойған мақсаттарының бірі.
Балабақшада бүлдіршіндерге патриоттық тәрбие, халқымыздың салт-дәстүрін үйрету, достыққа өзара сыйластыққа тәрбиелеу мақсатында да түрлі шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алғыс айту күніне орай аудандағы этномәдени бірлестіктің белсенді мүшелерінің қатысуымен «Алғысым шексіз!» тақырыбында, салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында «Ата-баба – амандықтың белгісі» атты ертеңгілік өтті. «Ата-баба – амандықтың белгісі» атты ертеңгілікте балабақшамыздың белсенді ата-аналарының бірі Райгүл Әбделиева қазақтың ұлттық ойындарының бірі – асық ату ойыны туралы балаларға жақсы әңгімелеп берді. Сонымен бірге бүлдіршіндерге тарихымызды таныстыру мақсатында Б.Момышұлы музейінде «Біз Бауыржанның ұрпағымыз» тақырыбында ертеңгілік ұйымдастырылды. Енді жақында бүлдіршіндерді Өлкетану музейіне саяхат жасату жоспарлануда.
Балабақшада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар жетерлік. Атап айтқанда, әдіскер Гауһар Кемелова, тәрбиешілер Күлқалипа Наурызбаева, Гүлнар Ақкулиева, Нүрилә Әбдікерова, музыка жетекшісі Қуатбек Жаманқұлов, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Шарапат Әбішева, медбике Әзима Кадирова, шаруашылық меңгерушісі Сақыпжамал Есдәулетова, аспазшылар Алтын Молдағазина, Гүлнар Нарымбекова және тағы да басқалар.
«Аягүл» балабақшасының жұмыс тәжірибесі республикалық іскерлік «Ұлы қазақ елі» журналында, «Болашақ бүгіннен басталады», «Білім KZ» журналында, тағы да басқа басылымдарда жарық көрді.
Балабақша педагогтары мен бүлдіршіндері білімқұмар балаларға арналған республикалық «Үркер» зияткерлік марафонына қатысып, 30 бала сертификат алды. Халықаралық «Инфроурок» жобасына қатысып, 20 бала дипломмен марапатталды. «Аягүл» бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндері тағы да басқа көптеген байқаулардың жеңімпаздары.
Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, өрісі озық етіп тәрбиелеу – тәрбиешілердің қоғам алдындағы парызы.
Махаббат, мейірім, қамқорлық пен түсіністік – бұл біздің, үлкендердің балаға берер қасиеттеріміз.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»