Qoǵam
АЛЬМИРА – ІНДЕТТІ ЖЕҢІП ШЫҚҚАНДАРДЫҢ БІРІ
Коронавирус індетінің қаншалықты адам өмірі үшін қауіпті екенін тек онымен күрескен жандар ғана жақсы біледі. Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Альмира Саурықова да аты жаман індетпен ауырып, ауруханада жатып, емделіп, отбасына аман-есен оралғандардың бірі.
Альмира Ерланқызы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. 35 жастағы Альмира Ернар және Бейбіт есімді екі баланың анасы. Балаларының үлкені алты жаста болса, кішісі төрт жаста. Жолдасы Ержан Саурықов – аудандық полиция бөлімінде жұмыс істейді.
– Арамызда індеттің бар-жоқтығына әлі де сенбейтін адамдар бар. Оған бей-жай қарап, сақтық шараларын ұстанбайтындар да кездеседі. Осылай бейғам жүрген кезімізде вирусты қалай, қай жерден жұқтырып алғанымызды білмей қалады екенбіз, – деп бастады әңгімесін ол.
–Көктем келіп, барлығымыз Әз-Наурызды тойлауды бастап кеттік. Осы тұста біз отбасымызбен бірге Түлкібас ауданына өткен жылы қайтыс болған жақынымыздың жылдығына барған едік. Үйде наурызкөже тараттық. Міне, осылай арада бір-екі күн өткенде менің жыл сайын пайда болатын аллергиям басталып, тоқтамай түшкіріп, сонымен әлек болдым. Бірақ, көкірек тұсым ауырып жүрді.
Ауыл болған соң, бәріміз үйде мал ұстаймыз ғой. Кешке қарай малдың қамымен жүргенімде бір сәтте қатты жөтеліп, ауа жетпей, қысылдым. Арқам да ауырды. Үйге кіріп, жатып қалдым. Бір кезде тоқтамай жөтеліп, дем жетпей, тұншықтым. Болмаған соң, жолдасым аудандық ауруханаға алып барды. Ол жақта қан қысымым көтеріліп, дәрігерлер дәрі-дәрмек егіп, жағдайым жақсы болған кезде үйге жіберілдім. Басында дәрігерлер аллергия болмаса астма шығар деп пайымдады. Өкпемді флюрографияға түсіргенде де таза болып шықты. Өзім де суық тиіп қалғанмын деген ойда болдым.
Екінші күні тағы да осы жағдай қайталанып, ауруханаға барып, ПТР тест тапсырдым. Тестің нәтижесі теріс шықты. Алайда менің жағдайым жақсармады. Қан талдамаларын тапсырсам қаным қоюланып кеткендігі анықталады. Әлі де демігіп, ырсылдап отырмын. Індетті жұқтырғаным бірден анықталмаған соң түрлі ойға келеді екенсің.
Төртінші күні болмаған соң КТ-ға өкпемді түсіруге жолдама беруді сұранып, өкпемді түсіріп келгенде, дәрігерлер өкпем сегіз пайыз зақымданған деді. Содан бесінші күні аудандық инфекциялық аурухананың қызыл аймағына жатудан бас тартып, Тараз қаласындағы Пушкин көшесінің бойындағы инфекциялық ауруханаға жіберуді өтіндім. Өтінішім қабылданып, мені жедел жәрдем көлігімен облысқа жеткізді.
Ауруханада тағы да ПТР тесті қайта алынып, ковидті пневмониядан өкпенің сегіз проценті зақымданған деп, оң нәтиже көрсетті. Толық тексерістен өтіп, екі адамдық орынға жатқызылдым. Онда буын-буындарым ауырып, дене қызуым көтеріліп, дәм, иіс сезбей қалдым. Төрт күн оттегі аппаратын киіп жүріп, екінші күні жөтелім қайтты. Дәрігерлердің уақтылы қарауының және дер кезінде мамандарға жүгінуімнің арқасында індетті жеңіл өткердім, – деген Альмира Ерланқызы індетті қалай жеңгендігі жайында бөлісті.
Ол отбасында ата-енесімен бірге тұрады. Оның ПТР тесті оң нәтиже берген күннен бастап, отбасы бірден оқшауланған. Отбасы мүшелерінің барлығынан сынама алынып, карантин талаптарын сақтау керектігі түсіндірілген. Үй-жайына мамандар келіп, дезинфекциялық жұмыстарын жүргізген. Мектептегі сабақ беретін оқушыларынан да тест алынып, сыныбы да жабылған. Шүкір, ПТР тест алынған жақындарының барлығынан теріс нәтиже шыққан.
– «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» демекші, ауруханадан екі аптадан кейін шыққан соң, өз-өзімді күтіп, дәрігерлердің айтқан кеңестерін мұқият орындаудамын. Яғни, алғашында денемізге су тигізбей, ыстық моншаға түспей, тәтті сусындарды ішпей жүру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, құнарлы тамақтанып, әрдайым сақтық шараларын жадымнан шығармаймын. Отбасымның амандығы үшін де күнделікті үйде тазалық жұмыстарын қолға алдым.
Біреу сенер, біреу сенбес, алайда індетті жеңу үшін адамның бойында қорқыныш болмауы керек екен. Ақ халатты абзал жандардың кеңесіне құлақ түріп, індетті жеңу үшін алға талпынған дұрыс. Мені алға жетелеген отбасым болды. Рухымды түсірмей, ұлдарым үшін бар күш-жігерімді жинап, берілмеуге тырыстым.
Менің анық көзім жеткені – дәрігерлердің адал еңбегі. Адам өмірі үшін күресі мен антына адалдығы. Күн-түн демей, әрбір науқас үшін жанталасуы ерліктің үлгісі деп білемін. Өздерінің өмірінің қауіпсіздігі үшін киген киімдерінің өзі қандай десеңізші! Үсті-басын орап, аппақ киінген дәрігерлер ыстық палаталарда сағаттап жүреді. Онымен тыныс алудың өзі қиын. Сондықтан халықтың амандығы мен денсаулығы үшін күрескен дәрігерлерге мың алғыс,– деп шын жүректен алғысын да жеткізді.
Альмира Ерланқызы аудан тұрғындарын сақтық шараларын дұрыс сақтауға шақырады. Әсіресе, күнделікті қолданатын медициналық бетпердені уақтылы ауыстырып тұруға үндеді. Әркім өзінің денсаулығын ойласа, жиын-тойға бармай, барынша үйде болуға кеңес берді. Сонымен қатар, құнарлы тамақтанып, тәттілер мен тәтті сусындардан бас тарту қажеттігін де баса айтты. Егер де қалыпты өмірге оралғымыз келсе, вакцина салдыру керектігін де жеткізді. Ендеше, «сақтансаң, сақтаймын» демекші, өзіңіз бен жақындарыңыздың амандығы үшін үйде болып, карантин талаптарын қатаң сақтайық! Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік, ағайын!
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»