Qoǵam
Ауылымызда үлгі боларлық игі іс көп
Үстіміздегі жыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Еріктілер жылы деп жарияланды. Ерікті деген бұл – әрбір жастың, әрбір азаматтың өзінің жеке жан қалауымен осы қоғамға кішкене болса да қосатын үлесі. Бұл – жастардың бойында азаматтық позицияны, патриоттық сезімді оятатын бағыттардың бірі. Ерікті болу арқылы біз жастарды осы қоғамға бейімдеп, келешекте өзінің Отанына, қоғамдағы әлеуметтік жағдайларға бей-жай қарамай оған өзіндік үлесін қосуға шақыратын бірден-бір платформа деп айтсақ болады.
Осы орайда мен өз ауылым Күреңбел ауылының азаматтарының үлгі боларлық игі істерін айтқым келеді.
Біздің ауылда өз еркімен жақсылық жасауға жаны құмар ерікті азаматтар жетерлік. Мәселен, Әзімбек Қанташбеков деген азамат барлық игі істердің ұйымдастырушысы. Ауыл тұрғындарын үнемі бірлікке шақырып, қайырымдылық істердің бастамашысы болып жүреді. Ол кісінің ұйытқы болған тірліктері өте көп. Жаңа жыл қарсаңында ауылдағы 30 отбасының балаларына жаңажылдық сыйлықтар жасалып, таратылды. Өмірдегі ең үлкен қуаныш – баланың қуанышы ғой. Қайырымды азаматтардың демеушілігімен балалар бір қуанып қалды.
Сонымен бірге Толымбек Садықов деген азамат үнемі қайырымдылық істердің бел ортасында жүреді. Басқасын айтпағанның өзінде, ауылдағы жалғызбасты қарияның малына жыл сайын шөбін тегін жинап береді.
Ауылдан аудан орталығына жолақысы 350 теңге болса, Бегдан Зауырбеков сынды азамат тұрғындарды 100 теңгеден тасиды. Ол азамат негізінен Б.Момышұлы-Шымкент аралығында жолаушылар тасымалдайды. Таңертең орталыққа жолаушыларды осындай ақымен ала кетіп, кешкісін ала келеді.
Тағы бір айта кетерлігі, ауылымыздағы жақсы дәстүр – жыл сайын әр жылы туған түлектер Жаңа жыл және Наурыз мерекесін өткізу дәстүрі. Бұл игі бастаманы 1970 жылы туған азаматтар бастаған. Мысалы, биыл 1983 жылы туғандар сол ағалардың ізімен Жаңа жыл мерекесін ұйымдастырды. Олар концерттік бағдарлама ұйымдастырып, соңынан лоторея ойнатылды. Дастарқан жайылып, көпбалалы отбасыларға азық-түліктер берілді. Ұлттық ойындарымыздан жарыс ұйымдастырылды. Сонымен бірге ауылымызда туып-өскен, бірақ сыртта жүрген азаматтардың барлығы ауылға жиналып, осы игі істің басы-қасынан табылады. Бұл тамаша іс дәстүрлі түрде жалғасын табады.
Бауыржан Қозыбеков,
«Күреңбел» бастауыш
партия ұйымының төрағасы