Qoǵam
Жат діни ағым – жаһандық індет
Қазақстан Республикасы халқының көпшілігін жастар құрайды. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Мемлекеттің дамуына, өркендеуіне, білім мен өнердің дамуына үлес қосатын азаматтар баршылық. Өз пікірін еркін айтатын, мақсаттары айқын азаматтар өсіп келе жатқаны қуантады. Мемлекет тарапынан білім алуға, отбасын құрып, еңбек етуге барлық жағдайлар толық жасалған. Ең жақсы жағдайдың бірі тұрақтылық пен тыныштығы сақталған тәуелсіз мемлекетіміз бар.
Әрине, бұл айтылған жайттар елімізде ешқандай проблема жоқ дегенді білдірмейді, әлі де болса шешілмей келе жатқан негізгі мәселелер бар. Атап айтсақ, жастар тәрбиесі, суицид, қылмыстың өсуі, жұмыссыздық, жемқорлық, сондай-ақ дәстүрлі емес діни ағымдарға жастардың өтуі белең алуда. Бұл мәселелерге тек мемлекет қана емес қоғам болып бірігіп күресу қажет. Жоғарыда аталып өткен проблемалардың ішіндегі деструктивті діни ағымдардың ықпалынан Қазақстан жастарын қорғап қалу мәселесіне тоқтаған жөн.
Соңғы он жылдың ішінде діни сауаты төмен қазақ жастарының Аллаға деген кіршіксіз сенімін жат діни ағым өкілдерінің арбауына ілінген азаматтар бар екенін жасыра алмаймыз. Олардың кейбіреулері шет елдегі саяси соғыстарға қатысып, исламдағы жалған «жиһад» ұғымым мен шатастырып мемлекеттен кетіп қалу фактілері орнын алуда. Сондай-ақ, бұқара халық арасында діни фанатизмнің өршігені соншалық, өз елінде діни себеппен лаңкестік әрекеттер жасап, жазықсыз азаматтардың өміріне қауіп төндірсе, он екі ғасырдан астам уақыттан бері қалыптасқан ұлттық құндылықтарға тікелей қарсы шығып, қоғам арасында діни алауыздық туғызуы байқалуда.
Өзін мұсылман деп есептеген адамдарды олардың пікірін қолдамағандары үшін қазақ халқының тарихында болмаған «күпір» яғни кәпірлікпен айыптау, дүние мүлкін тартып алу, қоғамнан оқшауланып кейбір заң нормаларына қарсы шығып мемлекетке деген өшпенділігі өрши түсуде. Әрине бұл мәселелер мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Бұл аталған жағдайларды шешу – уақыт талабы.
Жастарымыз жат діни ағымдар ықпалына кетпесін десек, олардың тәрбиесі мен біліміне, араласатын ортасына көңіл бөлуіміз қажет. Ата-аналар тарапынан жасөспірім балаларын діни міндеттерді орындауға қызығушылығы оянған кезден бастап діни сауатын ашқан мемлекет тарапынан тіркеуде өткен діни бірлестік мамандарына оқыту керек.
Ұлт жанашыры, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының тілімен айтқанда «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» деп айтқаны үлкен жауапкершілікті жүктесе керек. Сонымен қатар, ұлттық діни сананы әрбір отбасында насихаттап, дастарқан басында өсиет етіп айту керек. Қазақ халқының ислам дінін ұстанған ата-бабаларының тарихи, әдеби шығармалары, аңыз-дастандары, батыр жырлары, ертегілер, мақал-мәтелдерімен қара сөздерін бойына сіңдіріп айтып отыру қажет. Осы құндылықтарды бойына сіңірген жас азамат дәстүрлі діни санасы қалыптасып, рухани жаңғырған тұлға болып, ешбір радикалды, деструктивті, дәстүрлі емес жат діни ағымдар жетегіне ілеспейді, оларға қарсы имунитеті қалыптасады.
Ал, XIX ғасырдағы Жетісу ақындарының алтын діңгегі атанған Сүйінбай Аронұлы «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» атты өлеңінде:
Жақсы жігіт ел-жұрттың қаласындай,
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай.
Жаман парқы жақсымен бірдей емес,
Жақсы жігіт елінің ағасындай.
Жақсының сөзін әркім пайдаланар,
Миуалы алма, өріктің ағашындай, десе, жаман қасиеттер жайында:
Жамандар – өтірікші, өсегі көп,
Ел-жұрттың ірткі салар арасына-ай.
Жалған сөзбен бықсытар ел арасын,
Жанбай қалған ағаштың шаласындай, деп айтып ара жігін ажыратып бергенін байқаймыз.
Осындай мәселелерді ескере отырып, рухани байлықтың бірі дәстүрлі діни санамызды жоғалтпау үшін, діни танымды біз сырттан емес, қазақ ғалымдарының діни танымын жастардың саналарына сіңдіріп тәрбиелеген жөн.
Шәкәрім Құдайберді айтпақшы, «Білімсіз ел – жас бала секілді: бір жаңа нәрсе көрінсе, бұрынғыны тастап соған ұмтылмақшы» деген. Яғни, жастарымыз батысқа еліктеп, арсыз болмасын, жалған дін атын жамылған топтардың жетегінде кетпесін десек, бабаларымыздан қалған салиқалы сара жолды жиі айтып насихаттау керек.
Елбасымыз өзінің салмақты сөзінде «Ислам діні барлық істе салиқалылық пен сабырлылыққа үндейді. Адамзаттың ізгі құндылықтарын уағыздайтын ата дініміз шектен шығуға, өзгеге қиянат жасауға жол бермейді. Ұлысты ұйыстыратын осы ұлағатты дінді халқымыз өз ұлттық дәстүрімен үйлестіріп, ғасырлар бойы бекем ұстанып келеді» деген сөзін жастарымыз жадында ұстауы қажет.
Марат НАРЫМБЕКОВ,
аудан әкімдігі ішкі саясат
бөлімінің басшысы