Qoǵam

Адал қызмет – басты міндет

Таяуда Б.Момышұлы ауылы әкімдігінің мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аясында аудандық төтенше жағдайлар және өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлерімен жиын өтті.
Жиынға Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің өкілі Владимир Курочкин, аудандық прокуратураның прокуроры Елдос Ахметов, аудандық ТЖ бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ербол Әміров, №7 ӨСБ-нің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Кеңесбек Абдраимов қатысты.
Шараны аудандық ТЖ бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ербол Әміров ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және жол жүру ережелері туралы баяндама жасады.
-Қазіргі таңда елімізде сыбайлас жемқорлық басты мәселеге айналып отыр. Өздеріңіз білетіндей, жемқорлық адамды жақсылыққа апармайды. Адам өміріне балта шауып, қызметіне шектеу әкеледі. Сондықтан да адал қызмет біздің басты ұстанымымыз болып, елімізге адал қызмет етуді естен шығармағанымыз жөн. Сондай-ақ, қызметте, көлік құралын басқару кезінде алкогольдік ішімдіктерді және есірткі заттарын қолданумен күрес тәртіпті нығайтудағы басым міндеттердің бірі болып табылады. Тәртіп пен заңдылықты бұзудың әрбір фактісіне қызметтік тергеу жүргізіледі. Теріс қылыққа бой алдырған кінәлі қызметкерлердің жауапкершілігі қаралып, жұмыстан босатуға дейінгі жаза қолданылады. Ал олардың тікелей басшылары қатаң жауапкершілікке тартылатын болады, – деді Ербол Шалқарұлы.
Ал, №7 ӨСБ-нің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Кеңесбек Абдраимов: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, әрдайым тәртіпті жанымызға серік етейік. Әр істе үлгілі болып, тұрғындарға дер кезінде көмек қолын созуға дайын болуымыз керек»,- деді.
Жиында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды. Шараны аудандық ТЖ бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ербол Әміров қорытындылады.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close