Qoǵam

Ақылдың жауы – арақ

«Арақпен достастым дегенше,
адамдықпен қоштастым дей бер».
Халық мәтелі.

Алкоголь ішкенде не байқалады?
Адамның организміне түскен этил спирті асқазан мен ішектің қабырғалары арқылы диффузияланады (сіңіріледі және таралады), бауырға тез жетіп, қанға беріледі. Масаю дәрежесі спирттің қандағы мөлшеріне (концентрациясына) байланысты болады. Қанда 0,5 г/л дейін спирттің болуы бірден байқалатын өзгерістер туғызбайды.
Спирттің 0,5-1 г/л концентрациясы кезінде елеулі масаңдық әлі байқалмайды, бірақ жүйке орталықтары қалыпты қызмет етуден қалады. Бұл әсіресе, автомәшине жүргізушілері үшін өте қауіпті жағдай. Көптеген медициналық зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, бұл жағдайда апаттардың ықтималдылығы 14 есе артады. Қанда спирт 2 г/л шоғырланғанда мастық дәрежесі күшейе түседі: адам жүрісінен жаңылып, сөзі байланыссыз шығады.
Ішкіштік жыныс жүйесіндегі терең өзгерістермен қат-қабат жүреді. Ішкіш ерлер секілді әйелдердің де жыныс жасушаларының пісіп-жетілмеуі байқалады.
Алкогольмен масаюдың жеңіл дәрежесі әуелі көңіл-күйдің өзгеруінен байқалады. Бұл кезде адам себепсізден көңілді болып, қазіргісі мен ертеңі оған бейнебір жарқын түстегідей көрінеді, ол өз күшін, мүмкіндіктері мен қабілетін асыра бағалауға бейім тұрады. Жағымсыз жайлар мен қиындықтар оңай еңсерілетін, назар аударуды қажет етпейтін мәнсіз, бос әурешіліктей көрінеді. Мас адамға бұл жағдайда өз қалауын мүмкін болатын және жүзеге асатын нәрседен шектеу қабілетінің әлсіреуі тән.
Мас адамда мынадай ауытқулар сезіледі:
• назарын жіті тігу қабілеті нашарлайды.
• шұғылданып отырған ісінен көңілі оңай бөлініп, кездейсоқ мәні аз нәрселерге жиі назар аударады.
• есте сақтау қабілеті нашарлап, үстірт сезімдер басып кетеді.
Адамның мастық дәрежесі артқан кезде мыналар жалғасады:
• көру және есту талдауыштарының функционалдық қабілеті төмендейді.
• берілген белгілерді ажыратуға, шешімдер қабылдау мен қозғалыс реакциясын жүзеге асыруға қажетті уақыт ұлғаяды.
• көп ретте қозғалысын үйлестіруі бұзылады.
• қандай да бір міндеттерді шешерде, үйреншікті жұмыс операцияларын атқаруда қателіктер саны артады.
Осылайша бір жағынан мас адам алкогольдің уақытша әсерімен жеке басының мүмкіндіктерін асыра бағалап, қоршаған жағдайдың маңыздылығын жете бағаламауға бейім тұрса, басқа жағынан оның жұмысты атқару қабілеті төмендейді. Бұл өзіндік «қайшылар» өндірістік қызметте жаңсақ әрекеттерге, апатқа ұрындырады. Масаюдың күшеюімен импульсивтік мінез-құлқы мен жұмыс қызметіндегі қателіктер саны арта береді.
Мастық күйі әдетте бірнеше сағатқа созылады, одан соң көңіл-күйі біртіндеп қалыпқа түседі, ал сергектік сезімін әдеттегідей босаңдық пен ұйқышылдық басады.
Психикалық функциялардың өзгеруі, мінез-құлық пен қозғалыстарды үйлестірудің бұзылуы спиртті ішімдікті ішкеннен кейін (шамамен бір сағаттан соң) қандағы алкоголдің шоғырланымы белгілі бір деңгейге жеткен кезде пайда болып, ол төмендегенде жоғалып кетеді. Алайда, масаюдың айқын белгілері жоғалғаннан кейін де организм-нің физикалық және психикалық жұмыс қабілеттілігін айқындайтын бірқатар функционалдық жүйелердің қабілеті едәуір төмен болып қала береді. Олар көптеген сағаттар, күндер, айлар бойы біртіндеп, тек ішінара қалпына келеді.
Орташа дәрежелі масаю аса айқын бұзылыстың пайда болуымен сипатталады. Көтеріңкі көңіл-күй, қамсыздық, жомарттық ренішпен, жақтырмаушылықпен, ызақорлықпен жеңіл алмасып, наразылық айту, ұрыс-керіс, озбырлық іс-әрекеттерге ұласады. Мас адам өз сезімдері мен қалауына ие бола алмайды.
Орташа масаю күйінде мыналар болады:
• тағдыршешті қылықтарды жиі жасайды.
• мас адам өз денесін әрең меңгереді.
• қозғалыстарды үйлестірудің бұзылғаны соншалық, ол түзу жолмен жүре алмай қалады.
• тілі икемге келмей, күрмеліп, дауысы бірде шектен тыс қатты, бірде бәсең шығады, бұл осы шақтағы есту қабілетінің нашарлауына байланысты.
• мас адам сөздерді іріктеуде қиындықтар сезінеді, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін бірнеше мәртеден қайталай береді.
• орташа дәрежелі масаюда басы айналып, құлақ шуылын жиі сезінеді.
• қоршаған жағдайды иллюзиялық тұрғыда қабылдап, заттардың шамасын, олардың арақашықтығын бағалауда өрескел қателіктер жіберуі мүмкін.
• көңілділік пен сергектік айналасына қызығушы-лықтың төмендеуі, шаршау, әлсіздік сезімімен ауысып, біртіндеп ұйқышылдық басады.
• орташа дәрежелі масаю біртіндеп ұйқыға ауысады.
Орташа дәрежелі масаю күйіндегі жұмыс қабілетінің өзгеруі туралы сөз етуге келмейді, өйткені бұл күй жұмыстың кез келген түрін атқарумен сыйыспайды. Мас адам тек сындыруға, бүлдіруге бейім, бақытсыздыққа, апаттар мен өртке кінәлы болуы мүмкін.
Мастықтан кейін де жұмыс қабілетінің төмендеуі ұзақ уақыт байқалады. Жүйке және жүрек-қан тамырлары жүйелері, бұлшық ет күші мен төзімділік функциясының толық қалпына келуі үшін әдетте бір тәулік, бір ай емес, тіптен бір жылдың да аз болуы мүмкін.
Ішінара физиологиялық қалпына келу – бірнеше күннің (сағаттың емес) ісі. Бұл алкоголдің организмнің тіндерінде жүретін тотығу-қалпына келу процесіне өзгерістер әкелетіндігімен түсіндіріледі. Алкоголді организмнен шығарғаннан кейін қанда әлі де едәуір уақыт қант деңгейінің төмендеуі мен оның қышқылдық қасиеттерінің артуы байқалады. Организмнің ішкі ортасының бұл өзгерістері бірқатар субъективтік және объективтік симптомдардың: бас ауруы, аса шаршаңқылық, шөл қысу, тұрақсыз депрессивті көңіл-күй, тершеңдік, аяқ-қолдарының қалтырауы, жүректің қатты соғуы, артериялық қысымның ауытқуы, бұлшық ет әлсіздігі, қозғалысты үйлестірудің бұзылуы және т.т. пайда болуымен қабат жүреді.
Ауыр дәрежелі масаю алкоголмен терең улану симптомдарының пайда болуымен сипатталады: бас айналу, лоқсу, құсу, құлақ шуылы, дененің түрлі бөліктерінің жансыздану сезімі, қозғалысты үйлестірудің қатты бұзылуы, бұлшық еттер тонусының төмендеуіне әкеп соқтыратын ес-түссіз халге жиі түседі.
Ессіздік халі – алкоголь комасы үнемі сәтті аяқталмайды. Масаңдықтың бұл кезеңі үшін аурудың сыртқы пішіні тән. Ол тіптен айғайға да емес, аурудың маза бермеуіне де мән бермейді, оның жүзі алдымен қызыл қошқыл, кейіннен ақсұр тартады.
Маскүнемдік – созылмалы ауыр дерт, көбінше қиын емделеді. Ол алкогольді ұдайы ішу негізінде дамиды және организмнің айрықша патологиялық күйімен: спиртті ішімдікке қатты құмарлықпен, оған төзімділік дәрежесінің өзгеруімен және жеке басының азғындауымен сипатталады.
Маскүнемге мастық ең тәуір психикалық күй болып көрінеді. Бұл әуестік ішуді доғарудың саналы шешіміне бағынбайды. Ішкіш бар қуатын, күші мен ақылын спиртті
ішімдікті табуға жұмсайды, ол шынайы жағдаймен санаспайды (үйде ақшаның бар-жоғы, жұмысқа шығу қажеттігі және т.т.). Бір ішкен соң толық масайғанша, есінен айырылғанша ішуге тырысады.
Әдетте, ішкіштерде құсу рефлексі жоғалады, сондықтан ішкенінің бәрі организмінде қалады. Осыған байланысты алкогольдің аса дес бермейтіндігі туралы айтылады. Бірақ, іс жүзінде бұл организмнің құсу және басқа да қорғаныш тетіктері арқылы алкоголмен уланумен күресу қабілетін жоғалтқан кездегі патологиялық күйі.
Кейбір ішкіштер өз жолдастарының алкоголге аса табандылығын мақтаныш етеді, мұны физикалық денсаулықпен байланысты деп есептейді. Ал шынында араққа аса төзімділік – басталып келе жатқан маскүнемдіктің алғашқы нышаны, қауіпті аурудың белгісі.
Маскүнемдіктің соңғы кезеңдерінде спиртке төзімділік күрт төмендеп, әккі маскүнемде тіптен шараптың аз мөлшері өткендегі арақтың көп мөлшеріндей әсер туғызады. Маскүнемдіктің бұл кезеңі үшін алкоголь ішкеннен кейінгі қатты масаю: өзін нашар сезіну, күйгелектік, ашушаңдық тән. Адам күн сайын, көп күн, тіпті апта бойы ішкілікке салыну кезінде патологиялық құбылыстар айқын байқалатын болады, оларды жою үшін медициналық көмек қажет.
«Спирт анатомиялық препараттарды қалбырлағаны секілді маскүнемнің де бүкіл жан дүниесі мен ойын түйіндеп тастайды», деп жазды Л.Толстой. Мұндай қалбырлаудың соңғы кезеңі қос көріну – ішкілікке салыну уақытындағы сипатты асқынудың бірі.
Міне, медицина ғылымдарының докторы Г.Энтин сипаттаған шынайы оқиғаның бірі мынадай. 26 жастағы науқас ішкеннен кейін бөтелкелестерінің «Ақшаны қарызға алдың, бізге бермедің, өзің іштің, бізді сыйламадың, сені өлтіреміз» деген үрейлі дауыстарын «естіген». Науқас өзіне қос көрінетінін, бөтелкелестерінің бұл бөлмеде жоқ екенін түсінетін секілді, дегенмен күшті үрейді бастан өткерді. Үйінен шығып, троллейбусқа мінді. Мұнда тағы да «Енді осы жерде сен бізден кете алмайсың. Есіктер жабық, қазір біз сені өлтіреміз!» дегенді естиді. Ауру есікке қарай жүгіріп, жүріп бара жатқан троллейбустан секіріп, қашып кетеді. «Дауыстар» соңынан айқайлап жатыр: «Ешқайда қашып құтылмайсың, бәрібір ұсталасың!».
Ауру дүкенге кіріп, сатушыдан өзіне өткір ұстараны беруді өтінеді. Оны ашып жіберіп, «қуғыншылардан» қорғануға қамдалады. Дауыстарына қарағанда олар дәл қасына төніп қалғандай, ауру есікке қарай тұра ұмтылады. «Біз сені осында өлтіреміз!» деген қатты дауыс пен кекесінді мысқылды естиді. Шығарға тесік таппаған ауру жанталаса беріп, ұстарамен өз тамағын орып жібереді. Осылайша, алкоголь ішкіштің өзіне қол жұмсауының кезекті актісіне себепкер болды.
Қос көріну – аса жиі кездесетін алкоголь психозы. Ол әдетте мастықтан кейінгі күйде болады, ішкішті есепсіз үрей, ұйқысыздық, қолдарының қалтырауы, қорқыныштар (қуғын-дау, тарпа бас салу және т.б.) шуылдар, шырылдар, көлеңкелердің қозғалуы түріндегі жалған көріністер мен күбірлер мазалайды. Бұл – қос көрінудің алғашқы белгілері. Оның симптомдары әсіресе, түнде айрықша білінеді.
Ауруда үрей сипатындағы ашық күйзелістер пайда болады. Ол айналасында жорғалап жүрген құбыжықтарға тап берген шіркейлерді, атжалмандарды көріп, әлдененің шаққанынан, соққанынан ауырсынуды сезінеді, үрейді естиді. Ол өзінің елестеріне (галлюцинация) аса қатты мән беріп, қуғыннан құтылу үшін қорғанады немесе қашады.
Тек спиртті ішімдікті асыра сілтеуден пайда болатын қояншықтың (эпилепсия) түрі анықталған. Қалтырау ұстамасы (талмасы) көбіне мастықтан кейінгі күйде пайда болады және спиртті ішімдіктен бас тартқанда тоқталады. Ұстаманың кезінде аурудың жүзі ақсұрланып, есінен айырылып құлайды. Ауру басымен еденге соғылып, түрлі жарақат алуы мүмкін. Шағын алкогольді қояншықта іс мынамен шектеледі: ауру бірнеше мезетке есін жоғалтады, кенеттен сөйлеуі тыйылып, тыншып қалады, бірақ құлап үлгермей жатып өзіне қайта келеді.
Осылайша ішкіліктің түріне қарамастан алкогольді әрбір ішу организмде айқын өзгерістер туғызады, ал кейінгі спиртті ішімдіктің көп дозасы жеке тұлғаның психикалық азғындауы мен жалпы ауруына әкеп соқтырады.

Абылайхан СӘРСЕН,
журналист.
(Мақала профессор Владимир Ждановтың «Ақылдың жауы – арақ» кітабынан ықшамдалып алынды)

Таңдаулы материалдар

Close