Qoǵam
Жасампаз жұмыстардың үйлестірушісі
Елдегі жастар саясатының жүзеге асырылуы мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жастарға ерекше көңіл бөлініп, биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы да көп жайдан хабар беріп тұрғандай. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі елімізде басты назардағы мәселе екені белгілі. Осы проблеманы жою үшін елімізде «Дипломмен – ауылға!», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту т.б. бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр. Ежелден батырлар мен генералдардың елі саналатын жұлдызы биік Жуалы ауданында жастар саясаты саласында 10 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан жастардың бірі ретінде Ақжан Ахметовты айтуға болады.
Біз әңгіме еткелі отырған Шақпақ ауылдық округі Алатау мен Құлантаудың саласында орналасқан. Жуалы ауданының теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқанын ескерсек, оның ішінде әйгілі Шақпақ асуында қыстың күні боран қатты болады. Ауылдың халқы да туған жердің табиғатымен мінездес. Амансай, Ынтымақ, Тәттібай Дүйсебайұлы, Шақпақ стансасы сияқты шағын ауылдардан тұратын округтің орталығы – Шақпақата ауылы. Осынау әсем мүйісте орналасқан елді мекеннен елімізге еңбегімен танылған талай жұлдызды тұлғалар түлеп ұшқан. Атап айтатын болсақ, әйгілі милиция генералы Тәттібай Дүйсебайұлы, жазушы-аудармашы Құрманбек Сағындықов, мәдениет қайраткері Глазбай Алшынбаев, сатирик-жазушы Толымбек Әлімбекұлы, танымал журналист Талғат Сүйінбай, жезтаңдай диктор Ұлжан Пармашқызы, оның сыртында қаншама ғылым докторлары, аудан басқарып, облыстық деңгейде жауапты қызмет атқарып жүрген айтулы азаматтар бар. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Осынау талантты шоғырдың ізін бүгінде жас буынның жалғастырып жүргені көңіл қуантады. Ауылдан шыққан талантты жастар өз саларында елеулі жетістіктерге жетіп, ауылдың даңқын асырып жүр. Оның ішінде жас ақын, бірқатар облыстық, республикалық жыр додаларының жеңімпазы, облыстық «Ақ жол» газетінде жемісті еңбек еткен, қазіргі таңда облыс әкімінің баспасөз қызметінде жұмыс істеп жүрген Жанғазы Ахметтің орны бір төбе. Солай болуы заңды да…
«Жастар – елдің жарқын болашағы» дейтін болсақ, ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосып, сол арқылы елдің ырысын еселеп отырған Шақпақ ауылдық округінде мемлекеттік жастар саясаты да қарқынды жүзеге асырылып келеді. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» құрылып, жастармен жұмыс жасай бастаған алғашқы күннен-ақ, мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы жағынан аталған ауылдық округ өзгелерден оқ бойы озық келеді. Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» округтегі жастар ісі нұсқаушысы қызметінің тізгінін соңғы сегіз жылдан бері Ақжан Ахметов ұстап келеді. Білімді де білікті маман Ақжан Ілиясұлының атқарған жасампаз жұмыстарына ауыл, қала берді аудан халқы куә. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Ақжанның бастамасымен «Заңғар» деп аталатын таланттылар мен дарындылар клубы құрылды. Үйлестірушісі де жетекшісі де Ақжанның өзі болып табылатын 100-ге жуық мүшесі бар жастар клубы белсенділер, жас ақындар, көркемсөз (поэзия, проза) жанры бойынша үш бағытта жұмыс жасау үстінде. Айта кету керек, «Заңғар» клубы жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, талантты да дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында құрылды.
Клубтың тыныс-тіршілігі туралы жастар ісі нұсқаушысы Ақжан Ахметовтен сұрадық.
– «Адам болатын бала алысқа қарайды» демей ме, халық даналығы. Округіміздің таулы аймақта орналасқанын ескере отырып, жастар ұйымының атауын «Заңғар» деп қойдық. Бастамамыз жаман емес. Шүкір, ауылда талантты жастар баршылық. Олардың басын бір ұйымға топтастырып, талантын ұштап, жемісті жұмыс жасау – басты мақсатымыз. Округтегі мектептермен тығыз байланыс орнатып, онда біздің клубтың филиалдарын аштық. Клубқа мүше болам деген жастар болса, әрдайым есік ашық, – дейді ол өз сөзінде. Одан бөлек, округте жастарға арналған «Жас прожект» жобасы да сәтті жүзеге асырылып, соның нәтижесінде Амансай ауылының жас кәсіпкері Қазыбек Тіленбай қымыз өндіруді қолға алды.
Ақжан Ілиясұлы 1989 жылы Шақпақата ауылында туған. Осы ауылдағы №4 Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектептің түлегі. Тараз қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін «География және экология» мамандығы бойынша тәмамдаған. Мектепті де, жоғарғы оқу орнын да үздік бітірген белсенді жас Ақжан 2011 жылдың басынан бері аудандық «Жастар ресурстық орталығының» Шақпақ ауылдық округіндегі жастар ісі нұсқаушысы қызметін белсенді атқарып келеді.
– Тәуелсіз еліміздің болашағы жастардың қолында екені даусыз. Сол себептен де мемлекет жастар саясатына ерекше ден қойып келеді. Әрине, ауылдық жерлерде жастарға қатысты мәселелер баршылық. Әйткенмен, ілгерілеу басым. Біздің округ аудандағы ірі елді мекеннің бірі. Округ орталығында өзге ұлттың өкілдері көптеп тұрады. Биылғы соңғы есеп бойынша жастар саны – 900-ден астам адамды құрап отыр. Жастар саясатын жүзеге асыру барысында жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында мәдени, спорттық іс-шаралар көптеп өткізіледі. Әсіресе, Елбасының жыл сайынғы Жолдауын насихаттап, талқылау ісінде жастар көбірек белсенділік танытады. Жыл бойында жас ақындар мүшәйрасы, аудандық бөлімдермен түрлі тақырыпта кездесулер, «дөңгелек үстел» отырыстары, байқаулар, қайырымдылық акциялары, экологиялық іс-шаралар көптеп өткізіледі,- дейді Ақжан Ахметов. Одан бөлек, Ақжан Ахметовтың және ауыл жастарының бастамасымен округтің орталығы саналатын Шақпақата ауылына «Стрит воркоут» жастарға арналған спорттық алаңша салынуына ықпал жасады. Жасөспірімдерге күрес үйірмесін ашуға да ықпалын тигізді. Белсенді жас маманның жастар саясатындағы атқарып жүрген еңбектері елеусіз қалған емес. Жастар жұмысының үйлестірушісі Ақжанның да жемісті еңбегі еленіп, 2015 жылы ауданда және облыс бойынша «Үздік нұсқаушы» атанып, арнайы Диплом мен сыйлыққа және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының Алғыс хатына ие болды. Ауданда мемлекеттік жастар саясатын іске асыру барысында белсенділік танытқаны үшін одан бөлек бұқаралық спортты кеңінен дамытқаны үшін аудандық «Жастар ресурстық орталығының» және аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» дипломдарымен мадақталған. Әсіресе, өткен жыл Ақжан үшін жемісті жыл болды. Ол «Бәсекеге қабілетті жастар – жарқын болашақ кепілі!» атты Өңірлік жастар форумына қатысып, мемлекеттік жастар саясатының дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің арнайы Алғыс хатымен марапатталды.
Міне, Алатау мен Құлантаудың түйіскен тұсындағы әсем мүйісте орналасқан Шақпақ ауылдық округіндегі жастар саясаты осындай қарқынмен жүзеге асып келеді. Құлантаудың саласындағы ынтымағы жарасқан осынау ауылдан талантты жастар шоғырының түлеп ұша беретініне сенім мол…
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»